Астанада қазақстандық және чехиялық серіктестердің ынтымақтастығы аясында құрылған «ZVVZ-KZ» ЖШС жаңа өндірістік кәсіпорнының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов пен Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Павол Шепеляк қатысты.
Кәсіпорынның ашылуы ҚР Энергетика министрлігі мен «ZVVZ Engineering, a.s.» компаниясы арасында 2025 жылғы 13 қазанда Прага қаласында қол қойылған энергетика саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум аясында қол жеткізілген келісімдердің нақты нәтижесі болды.
Жаңа кәсіпорын энергетика және өнеркәсіп нысандарында кеңінен қолданылатын газ тазарту және өнеркәсіптік сүзгілеу жабдықтарын өндірумен айналысады.
Жаңа өндірістің іске қосылуы Қазақстан мен Чехия арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамытудағы маңызды қадам. Жоба заманауи технологияларды жергіліктендіруге, жаңа жұмыс орындарын құруға және еліміздің өндірістік әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
«Осындай жобаларды іске асыру отандық өнеркәсіпті дамыту, озық технологияларды енгізу және энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді», – деді вице-министр.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстан мен Чехия арасындағы әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, жаңа кәсіпорынның іске қосылуы болашақтағы бірлескен инвестициялық және өндірістік жобаларды жүзеге асыруға берік негіз болатынына сенім білдірді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru