Қазақстанда 2029 жылға дейінгі халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды
Қазақстанда 2029 жылға дейінгі халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды
11.06.2026 13:15
17
0

  Қазақстанда «2026–2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар» өзектендірілді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді. 

  Оның айтуынша, құжат алты бағыт бойынша 59 іс-шараны қамтиды және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сапалы жұмыс орындарын құруға және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған.

«Жаңа жоспар 2022 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның орнын алмастырады және экономиканың ағымдағы сын-қатерлерін де, адами капиталды дамыту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттерді де ескереді. Өңірлік нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу тетігін күшейту үшін әкімдіктер халықтың табысын арттырудың өңірлік бағдарламаларын әзірледі», – деді Азамат Әмрин.

  Жаңа Кешенді жоспардың негізгі бағыттарының бірі жұмыскерлердің еңбекақысын одан әрі арттыру болмақ. Бүгінде еңбекақы төлеу қорының қосылған құндағы үлесі шамамен 30,6%-ды құрайды, ал орташа және медианды жалақы арасындағы алшақтық – 39,2%. Бұл мәселелерді шешу үшін ең төменгі жалақыны арттыру, жалдамалы жұмыскерлер табысының, азаматтық қызметшілердің жалақысының өсуіру, табиғи монополиялар субъектілерінің өндірістік персоналының орташа жалақысын ұлғайту және мемлекеттік қызметшілердің жалақысын үш жыл сайын индекстеу көзделген. Сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің жүйелі шаралары қарастырылған.

  Соңғы үш жылда бюджет саласының 1,2 млн-нан астам қызметкерінің жалақысы өсті. Атап айтқанда, әлеуметтік саладағы 38 мың қызметкердің жалақысы орта есеппен 30%-ға, 600 мың педагогтің еңбекақысы – 25%-ға, 6 мың медицина қызметкерінің жалақысы 20%-ға, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына жататын 600 мыңға жуық адамның еңбекақысы орта есеппен 20%-ға артты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» тобының өндірістік персоналына еңбекақы төлеудегі алшақтық қысқартылды.

0 пікір