Үкімет 2028 жылға дейінгі көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітті
Үкімет 2028 жылға дейінгі көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітті
21.07.2026 06:41
8
0

Қазақстан Республикасы Үкіметі Мемлекет басшысының экономикалық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітті. Құжатты Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірледі. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Кешенді жоспардың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту, адал бәсекелестікті дамыту, бизнестің ашықтығын арттыру және кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік жүктеме түсірмей-ақ бюджет кірістерін ұлғайту.

Соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді. Елімізде 20 ақпараттық жүйе енгізіліп және жаңғыртылып, айналымы 2 трлн теңгені құрайтын интернет-казиноның қаржылық инфрақұрылымының қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар 360 млрд теңге көлеміндегі негізсіз бюджеттік шығыстардың алдын алу мүмкін болды.

Осының нәтижесінде көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы жалпы ішкі өнімнің 24%-ынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16,7%-ға дейін төмендеді. Жаңа жоспар бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 13,8%-ға дейін қысқартуды көздейді.

 Жоспардың негізгі тетіктерінің бірі – жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын бірыңғай цифрлық мониторинг платформасын енгізу. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың деректерін біріктіріп, тәуекелдерді жедел анықтауға және заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Кешенді жоспар аясында экономиканың ашықтығын арттыруға және тәуекелі жоғары салаларды цифрландыруға бағытталған 53 іс-шара жүзеге асырылады. Олар сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларын қамтиды.

Сауда саласында Digital Bazaar электрондық платформасын дамыту жалғасады. Сонымен қатар міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі мен Ұлттық тауарлар каталогы кеңейтіледі. Бұл тауар айналымының ашықтығын арттырып, контрафактілік өнім көлемін азайтуға және нарық қатысушылары үшін тең жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, акцизделетін және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың айналымын бақылауды автоматтандыру, электрондық коммерция мен маркетплейстерді реттеуді жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясын дамыту жоспарланған.

Әлеуметтік салада қызмет көрсету сапасын бақылауға, баға мониторингін жүргізуге және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалауға арналған цифрлық құралдар енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардағы қаржы қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Цифрлық теңге» жобасын қолдану аясы кеңейтіледі.

Жоспар кәсіпкерлер үшін қосымша әкімшілік талаптар енгізуді көздемейді. Негізгі басымдық цифрландыруға, процестерді автоматтандыруға, жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық шешімдерді пайдалануға беріледі.

Жоспарды іске асыру экономиканың ашықтығын арттыруға, көлеңкелі айналым көлемін қысқартуға, адал бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға және бюджет кірістерінің тұрақты өсуіне ықпал етеді.

0 пікір