Мұхтар Әуезов Абай шығармашылығын өмір бойы зерттеді, одан рухани сусындады.
Өзінің атақты «Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелерінде» қазақ әйелі тақырыбына қатысты мынадай тұжырымдар жасайды:
«…Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе, әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама айқындықпен, соншама моральдық тереңдікпен айтылады. Шығыс әйелдерінің халық поэмалары мен тұрмыс-салт жырларында суреттелетін қайғылы, бақытсыз халі Абай творчествосында жаңа мағынаға ие болады. Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал, бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтатын да, әйелдің қасіретті тағдырының сырт жағына баса көңіл бөлінетін. Абай сүйген адамын өзі қалаған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз таза, терең болатынын,оның қиыншылықпен қолы жеткен, бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін көрсетеді. Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалыңмалға, көп қатын алушылыққа, әйелді күңдікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлеңдерінде әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседі». (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 31-т. 2008.-402 б.106 б.).
Абай шығармаларындағы әйел-ана бейнесі
