«Қан мен тер» қалай жазылды? I - бөлім
«Қан мен тер» қалай жазылды? I - бөлім
28.10.2020 10:25
330
0

Кисин - берегірек кеп қалталары қалыңдап, қоң жинап алған соң, бір ыңғай балықтан түскен табысты місе тұтпады. Арал теңізінің арғы бетінде жатқан Хиуа хандығының тай-тай мақтасы мен матасына бергі жақтан қол созады. Сол сол-ақ екен, Арал теңізінің айдынында ірі-ірі кемелер мен кебеже құрсақ баржалар пайда бола бастады. Түркістан майданы төтенше мандатпен жіберетін Фролов Аралға келген бетте әлгі көк теңіздің көкжалдары - Марков, Мокеев, Кисиндердің кемелерін күшпен дереу жинап алады да, олардың палубасына пулемет, пушка орнатып, соғыс флотилиясын қолма-қол құрып жібереді. Өзі сол флотилияға комиссар болады.

Байқаған шығарсыздар - комиссар образын жасайтын кісіге мына кронштадтың моряк құйып қойғандай дап-дайын әдеби прототип. Оның бойында комиссарға лайық, қажет қасиеттің бәрі бар. Көзі тірісінде көре алмасам да, оның сол дәуірде түскен фотокарточкасындағы кескін-келбетіне қарағанда, сырт бейнесі, түрі мен тұлғасы тап бір комиссарға лайық - жазық кең маңдайлы, өткір көзді. Бүткіл сырт келбетінде ақылды, парасатты әрі мейлінше ұстамды кісінің пішіні байқалатын. Азамат соғысының қаһарлы күндерінде аяқ үсті жүріп әлдеқалай көз іліндіріп алатын, бар өмірі арпалыс пен алыста өткен кісінің қатулы қабақ астынан қарайтын үлкен көк көзінде де сабырлы салмақ бар-тын. Іздегенге сұраған дегендей, біз іздеген бар жақсылықтың бәрі бір өзінің бойынан табылып тұрғанына қарамастан мен бірақ, бұл кісіден, комиссар Дьяковтың бойынан иненің жасуындай ештеңе алғам жоқ. Оны трилогияның үшінші кітабын оқыған кісі байқауы кәміл, «Күйреудегі» комиссар Дьяков мына Фроловқа өмірбаяны жағынан ғана жақындастыра түсетін кейбір ортақ ұқсастықтары табылып қалса да, сырт түрі мен психологиялық жәйттері бір-біріне кереғар, алшақ. Сонан болар, әйтеуір, сырт қараған кісіге бұл екеуі табиғаты екі бөлек жандар.

Автор өзінің комиссарын қайткен күнде де мына Фроловқа ұқсатпай, қайдағы бір қарама-қайшы образ жасаудың қамын көздеген сияқты. Шынында да, ондай ой менде болған жоқ. Мен, әрине, Азамат соғысы туралы тербеген әрбір суреткердің комиссар бейнесіне қайткен күнде де соқпай кетуі мүмкін емес екенін білдім. Сол бір отты жылдарда қызыл комиссарлар партиялық көрегендік пен қырағылықтың, саясатта да, соғыста да шым-шытырық арасынан сүріндірмей жол тауып алып шығатын кемеңгер ақылдылық пен ұйымдастырушылық қабілеттерімен қоса жаңа заман әкелген зор адамгершіліктің жарқын үлгісі бола білген жандар еді ғой. Орыс жазушылары жаңа әлеуметтік шындықтың рухани дидарын ашуда Қызыл Армия комиссарларының сан алуан сұңғыла бейнелерін жасады. Олар бұл ретте орыс әдебиетінің өз дәуірінің алдыңғы қатарлы озық ойлы өкілдерінің бейнесін жасаудағы көп ғасырлық жемісті дәстүрлерін шебер пайдалана білді. Орыс прозасы тудырған комиссарлар бейнесіне, дос былай тұрсын, жаудың өзі табынбауы еш мүмкін емес-ті. Совет оқушыларының әлденеше ұрпағының санасында парасат пен ер жүректіліктің, жігер мен қайраттың, кемеңгер, көсемділіктің қиыннан қиысқан кемел жарасымы ретінде қалыптасқан кесек бейнесін жасауда әлгіндей айтулы дәстүрдің өміршең қағидаларын ескермей кетуге де, сол сияқты үйреншікті үрдісті қуалап, көп сүрлеу көне машыққа ұрынуға да болмайтын. Кей ретте әдеби канонға айнала бастаған комиссар бейнесін жасауда оқушы қауымды селт еткізер жаңа сипат, соны бояу табу қапелімде оңайға түсе қоймағаны рас. Мен оқушы санасына көптен ұялап қалған комиссар бейнесінде ә дегеннен жақсы ашылған азаматтың кемелділік пен рухани қайсарлықты, кісілік сипаттарды сол күйінде қалдырып, бірақ комиссар болса - үстіне сықырлатып қара сүрік кигізіп көрсететін оңай әдісті малданғым келмеді. Бірақ ұзақ ойлап, ұзақ толғаудың үстінде сырт нобайы айқындала бастаған өз комиссарымның өзі тектес өзге бейнелерге ұқсамайтын басқа бір бөлек бейнесін көңілім танығанмен, көпке дейін дәл үстінен дөп басып көзге елестете алмадым.

Сөйтіп жүргенде бір топ жазушы боп Гурьев облысына бара қалдық. Күздің қара суығы еді. Алғаш қар жауды. Каспий сыртындағы көл-көсір жазықта ұйқы-тұйқы боран көтерілді. Желеңдеу киініп шыққан біздер әрі-беріден кейін қалтырап, тоңа бастадық. Арамызда суық тигізіп алғандар да жоқ емес. Әсіресе, сырт жақта болып қайтқан бір егде жазушы екі иінінен дем алып әзер отыр. Әдетте қарлы борасын түгілі темекінің түтінін жаратпайтын оған мына тұтқиылдан тап болған суық оңай тиіп келе жатқан жоқ-ты.

Жол-жөнекей бір балықшы колхозында кідірдік. Дастархан үстінде әлгі кісімен қатар отырып қалыппыз. Үлкен бөлмеде, қапелімде тым-тырыс тыныштық орнады. Сол бір қас пен көздің арасында жым-жырт үнсіздікте менің көршімнің көкірек сырылы құлағыма шалынды. Оны өз ішімнен аяп, жүзіне жалт-жалт қарай бердім. Ол күні бұл мінезіме өзім де түсінгем жоқ. Арада біраз уақыт өткен соң, Алматы көшесінде алдымда кетіп бара жатқан бір дімкес кісіні көзім шалды. Ұзақ жылдар бойы сүйекке сіңген сартап дерттен әбден қажыған сол бір адам өр аттаған сайын алқымынан алып арпалысып келе жатқан ажалмен айқасқа түсіп бара жатқандай көрінді маған. Өмірге құштарлық пен қайсарлықтың шынайы көрінісі астаналық қонақ үйінің алдында, күзгі кеште, міне, тағы көз алдымда қалт-құлт басып кетіп бара жатты. Мен үйге жетісімен жаңа ғана көшеде көргендерім мен көңілге оралғандарымды қойып дәптеріме түсіре бастадым. Ол кейін үшінші кітапта Еламанның Дьяковты алғаш рет көшеде көретін жеріне сол қалпында түп-түгел кірді. Осындай денсаулығынан түгел айрылған, кеудесінде тек шықпаған жаны жүрген дімкәс адамның жас республика тағдырына орасын зор қауіп туған қиын-қыстау кезеңдегі мінезі мен әрекетін көрсету алғаш рет сонда ойыма келді. Өн бойындағы барша күш-қуатын ақтық тамшысына дейін адамзат болашағына сарқып берген қайсар жан неге комиссар болмайды деп ойладым. Шынында да, Қызыл Армия алғаш ұйымдастырылғанда ондағы саяси қызметкерлер тепсе темір үзетін жастардан ғана тұрмағанына, олардың қатарында абақты мен астыртын күрестің барша тауқыметін тартқан кешегі «көксау каторжниктердің» де болғанына тарихтың өзі куә емес пе?! Байқаған боларсыздар, комиссар бейнесін жасауда, өз басым, ескі сүрлеу арасынан соқпақ іздегім жоқ. Не де болса көкірегімде бас көтерген осынау бір оқшау ойдың етегінен ұстағым келді.

Әрине, автордың алдына қойған мақсаты қағаз бетіне түскенде қаншалық оның бастапқы ойлаған қалпында мөлдіреп құйылып шығар-шықпасы өз алдына - бір басқа. Қайсыбір сыншылардың сол тұста трилогияның тек соңғы кітабында ғана оқиға желісіне кіретін көксау комиссардың басындағы әр алуан әлеуметтік іс-әрекеті әр қырынан көрінсе де, ал енді оның жеке басының отбасында өткізген өз үлесіне дербес тиетін кесер-келдесіне қатысты өмірі оқушы қаперінен үнемі қағыс қала беретіні хақында айтқан пікірі көкірегіме қонады. Олардың пікірін өзім де іштей қостай отыра, бұл тұста әйтсе-дағы бір айтарым бар: шығармамда бейнелемек болған әлгіндей кісілердің осы тірлікте аз жасаса да, көп жасаса да өздерінің жеке басы жөнінде жан қиналтып ойланбастан, әрқашан өз табының басына ғана бұлт үйірілген қиын-қыстауда бойындағы азаматтың ар-намысымен бірге бар жалынын, жігерін де, күші мен қабілетін де, көкірегіндегі ыстық сезімін де, білімін де адам баласының жарқын болашағы жолындағы күреске сарп қып бергендері сөзсіз. Соған о бастан-ақ мойын ұсынып көнген жандар. Сондықтан да, ондай саналы перзенттердің өздері мұрат қып тұтынған қатал қағидасына қайшы келетіндей бірде-бір қылығы, бірде-бір әрекеті болмаса керек. Ендеше, әлгіндей тілек білдірген сыншыларға айтсам деп көптен бері көкірегімде сақтап жүрген бір ойым мынау еді: бұндай тұлғалардың тағдырын жеке бастық өмір деп, қоғамдық өмір деп, арасына жік бөліп жатуға келмейді. Ол өз өмірінің талай-талай күндері мен түндерін өткізген сыз қабырғалы көрдей қараңғы абақтының азабы мен тозағы - қаласаңыз бар-ау, ол үшін әрі жеке басының етене тағдыры әрі үлкен мұрат жолындағы өрелі әлеуметтік күресінің өзекті мазмұны болғаны даусыз.

0 пікір