«Қан мен тер» қалай жазылды? ІI - бөлім
«Қан мен тер» қалай жазылды? ІI - бөлім
28.10.2020 10:32
369
0

Әр жазушының творчестволық тәсілі әр басқа. Болашақ шығармаға материал іздеуден бастап, оны ой елегінен өткізіп, сұрыптан таңдап алуы, жинақтап қорытуы, болашақ шығарманың геройларына алдын ала прототип әзірлеп, характерлер сипатын бас-басына даралау тәсілдері әр жазушыда әр қилы. Бұл жөнінде барлық жазушының бәріне ортақ, бәріне күні-бұрын белгіленген канон жоқ. Ілгеріде өмір сүрген дүниежүзілік әдебиет классиктерінің творчестволық тәжірибесін айтпаған күннің өзінде, біздің тұстастарымыздың өнеге аларлық үлгілері аз емес. Соғыстан кейінгі үш-төрт жылдың ішінде менімен әдебиетке қатар келген қаламдас жолдастарымның қайсыбірі өзі тірлік кешкен өмірден көргенін, білгенін, есіткенін әрқашан бір мысқал да болса бойына сіңіріп, басына жинап, жүрегіне түйіп қап отырады. Ол ешқандай алдын ала материал жинау, қойып дәптер жүргізу дегенді білмейді; ылғи өзінің жадына тез тұтып, тез қоздайтын ұшқыр қиялына сенеді. Оның болашақ шығармаға керек деген әсерлері мен ойлары көңілінің бір терең түкпірінде көзге көрінбей қордаланып жатады. Ал, екінші бір жазушылар болашақ шығармаға күні-бұрын қам жасап, әзірлік жүргізіп жүрген кезінде қаламын қолдан бір сәт шығармай, көңіліне оралған ұрымтал ой мен ұтымды штрихқа дейін дереу қағазға түсіріп отырады. Мен өзімді осы екінші топқа жатқызам. Әрдайым өз әсерлерімді жазып жүрем; басымнан өткен қандай ахуал да қағаз бетінде із қалдырады. Оның бәрін, негізінен, Еламанға пайдаландым. Еламанның кейбіреулерге сылбырлық сияқтанып тұратын ұстамдылығы, көрінгенге көкірегін аша бермейтін тұйықтығы, сырт көзге қой аузынан шөп алмайтын момын кісідей сезілетін ұяңдығы мен ұялшақтығы, не істеп, не қойса да іштей елеп-екшеп, сананың сарабына сап жүретін сарабдалдығы, ең азы, отының басына деген ықыласына дейін өз басымнан кешкен өмірімнің дәлме-дәл көшірмесі болмағанмен де, мен үшін айрықша жақын құлық пен қылық секілденеді де тұрады.

Менің әкем Кәрім - ұсынғаны мүлт кетпеген мерген кісі екен. Кейін ол балық колхозынан аудан орталығына ауысқасын да дәйім бір ат пен бір жүйрік тазы ұстады. Қашан соғыс басталып, майданға аттанып жүріп кеткенше әкем әрбір демалыс сайын қала сыртына шығып, ұлы құм ішінен аң аулайтын. Біздің жасырақ кезімізде әкемнің: «Аңға жетпейтін ит болмай-ды. Әңгіме аңды шалуында емес, алуында»,- деген сөзі құлағымда қапты. Әлі есімде: ұясына жеткен күшікті ауыздандыратын кезде ол кісі әрқашанда аяқ жететін жерде отырған ауылдардан қайда бір қуған аңға адымын аштырмай жетіп, іліп түсетін әрі жүйрік, әрі ұстағыш құмай тазы сұрап әкеп, осы бір үздік қасиетке күшігінен баулушы еді. Ол кезде онша мән бермесем де, әке сөзінің шындық сырына көзім кейін жетті. Кім болмасаң ол бол, өнерге талпынған жағдайда қуған аңды бауырын аштырмай, қас пен көздің арасында іліп түсетін құс қанатты жүйріктік пен үздік шеберлікке буыны қатпай тұрып, жас талантты бауырын жаңа-жаңа көтерген бала кезден баулығанға не жетсін!

Ұлы Абай сөз өнерін дертпен тең деді. Дерт болғанда да кісі қашан өле-өлгенше сүйегімен бірге кететін нақ бір арылмас та айықпас азап, осыдан қашан қолыңнан жорғалаған қаламың сылқ етіп, жазу қағазына құлап түскенше кісіні тоқсан толғантып, дөңбекшітіп болатын толғақ. Жүйрік атты үнемі бабына келтіріп жаратып ұстап, бәйгеге жиі қосып тұрмаса, жабы боп кетеді. Байқап отырған боларсыздар, бұл арада мен әдебиет тарихында өзіміз жақсы білетін ұлы классиктердің творчествосындағы өнегелі тәжірибесін әдейі айтпай отырмын.

Әдебиет босағасынан аттаған әрбір жазушы өзінің алдындағы дүниежүзілік әдеби жақсы үлгілерден жастайынан тағылым-тәрбие алып, ерте ауызданғаны қажет. Өз басым шеберлік өнерін әжептәуір есейіп барып, буыным қатып кеткесін ғана үйренгендіктен бе, көркем шығармаға қойылатын негізгі заңдарын кеш аңғарып, кейін ұқтым. Оның толып жатқан себебі бар: 1942 жылы июнь айында оныншы класты бітірген бойда бізді әскерге алды. Төрт жыл өткесін, 1946 жылдың күзінде босанып елге қайттық. Әскерге алғанда ата-ананың ыстық құшағынан басқа ештеңе көрмей қағусыз өскен көк шыбық бала едік. Әскерден босанып қайтқанда кешегі алып ұшқан құс қанат көңіл бастан өткен сонау сұрапыл төрт жылда әжептәуір ширығып, шыңдалып қайтты. Бұл жылдары біз қираған қалалар мен қырылған қыршындарды ғана көріп, кешегі жарқылдаған жастық көңіл күрт тұнжырап, жабығып қана қайтқан жоқ. Сонымен бірге біз от ортасынан қантөгіс атаулыны өлердей жек көріп оралдық. Соғыстың адамгершілік табиғатына атымен сыйыспайтын сұрқия сипатын бұрын да сезетінбіз. Бірақ бұ жолы оны адам мен халыққа, әділдік пен ізгілікке, өмір мен бақытқа қаншалықты келтіре алатындығын, адам тағдыры мен қоғам тарихындағы күйретушілік кесепатын өз көзімізбен көріп, өз жүрегімізбен түсіндік. Бейкүнә төгілген қан мен көз жасының құны мен мәнін түбегейлі түсіндік. Бүл соғыстың тұсында әділдіктен хабардар, адал жүрек әрбір пенде өмір мен өлім тайталасын көре жүріп, адамдық тіршіліктің барша рухани, әлеуметтік, моральдық қасиеттерді өз арының таразысына сап, сараптай алар тұрлаулы азаматқа айналды. Осындай өрелі сананың соғыстың бастапқы кезіндегі қиыншылықтардан шығарған парасатты қорытындысынан азаттыққа құлшынған шынайы отаншылдық сезім туды. Басқыншылық езгіге бас ұра алмайтын халық қаһары осындай әр жауынгердің көкірегінде оянған ар мен намыстан тұтанды. Халық қаһармандарын шынайы азаматтық сана, перзенттік намыс тудырды. Бірақ бұл кезде бұрынғы алаңсыз көңіл бәрімізден қалған, сол анау жан алып, жан беріп жатқан тайталас ұрыс ішінде қылтылдаған таразы басына Отанымыз, халқымыздың, қала берді, бүкіл адам баласының тағдырымен бірге, дәл сонда біздің өзіміздің де келешекте жер басып жүрер-жүрмесіміз таласқа түсіп жатқанын ұлан байтақ қазақ даласының алыс түкпіріндегі кәрі-жас түгел сезген еді. Осынау ұлы аласапыран жалпы халықтық соғыста бір-бірін жоқ етуге ұмтылған екі армия ғана бір-біріне қарсы соғысқан жоқ, сондай-ақ, мұрат-мүддесі тұтастай қарама-қайшы екі идеология да жанталас үстінде жағаласып жатқанын біз көңілімізбен ғана түйгеміз жоқ, көзімізбен де көрдік. Міне, осы алапат соғыс талай-талай халықтық ірі тұлғаларды, ардагер азаматтарды туғызды. Елі мен жері үшін қасық қаны мен шыбын жанын пида етуден тайынбаған талай-талай ерлердің санын шығарды арасынан. Солардың ішінде, әсіресе, астана түбіндегі арпалыста өзінің азаматтық ірі тұлғасымен мейлінше қатты көтеріліп жарқырап шыққан шын мәніндегі халықтың перзенті гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы еді. Ауыз әдебиетінің дәстүрінен де іргесін алыс сала қоймаған халық сол анау астана түбіндегі сұрапыл ұрыс ішінде шыбын жанын шүберекке түйіп, қанқұйлы жаумен арыстанша алысып жатқан батыр ұлдарын бұл жақта аңызға айналдырып, әні мен жырына қосып, ауыздан-ауызға тарап жатты. Соның арқасында қазіргі соғыста әлі де ауыл көлемінен ұзап шыға қоймаған балалардың санасындағы ұғым мен түсінік баяғы жыраулар айтатын фольклор мен қиссалардағы батырлардың мың сан жауға жалғыз шабатын көзсіз ерлігі тәрізденетін.

Кейін соғыс бітіп, 1947 жылы әскер қатарынан босанған бойда соғыс жайлы шығарма жазғанда өзіміздің кісілерді әлгіндей есіріп, оқ өтпес, қылыш кеспес елден ерекше ер ғып көрсетуден аулақ болдым. Бұл арада, әрине, қанша дегенмен профессионал қазақ әдебиетіндегі озық үлгілер, әсіресе, сол кездің өзінде Европа әдебиетімен иықтасып тұрған Мұхтар Әуезов прозасының құдіреті біздің бәрімізге де ықпалын анық тигізген еді. Бұнан, әрине, біздің шығармамыз сол кездің өзінде төрт аяғынан тең басып тұр еді деген ой тумасқа керек. Біздің осалдығымыз басқа түрде болатын. Оны ілгеріде айттым. Тұңғыш туындымның өн бойына арқау боп тартылған оқиғаның өзекті желісі - өзім қатысқан Курляндиядағы соғыс еді. Сондықтан да, бұл шығармада басынан аяғына дейін қатысатын бар геройлардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, сезімі мен арман-ойы, тартысы мен тағдыры -бәрі-бәрі өзім жақсы білетін жәйттар. Өлі күнге дейін ызғары мен сызын сәл-пәл есіңе алсаң болғаны өліде сай-сүйегімізді сырқыратып қоя беретін қарлы окопта оқ астында тақым жазбай қатар жүрген қарулас жолдастарымның басынан кешкен оқиғаларды алдым. Соның бәрі де ұрыс ішінде жүріп өз кезіммен көрген, өзім куә болған жақсы білетін жәйттер еді; соған қарамастан тұла бойы тұңғыш шығармама өзек боп енген өмір шындығынан гөрі қазіргі күні жұрттың көзі мен көңілінен қашықтап кеткен сонау арғы көне дүние хақында жазылған кейінгі үш кітаптағы шындық менің жүрегіме әлдеқайда жақын және жып-жылы тиіп тұрады.

Ал, осы қалай? Бұның сыры неде? Өз басымнан кешкен оқиғалар жөнінде жазылған осы кітапты әр тұста аударайық деп ұсыныс болған сайын өз басым соған онша ыңғай бермей, кегежектеп кейін тарта беретін себебім неліктен?

Бұл сауал біраздан бері ойландырып жүр. Араға біраз уақыт түсіріп жіберіп қатал. сын көзімен қайта қарағанда тұңғыш шығарманың тұла бойынан толып жатқан кемшілік көрінетін сірә-дағы әдет қой. Әсіресе, бүгінгі күнгі өскелең әдебиеттің талабы мен талғамының тұрғысынан қарағанда көңіл толмайтын көп-көп олқылықтар көзге ұрып тұрар-ақ. Біздің елде халық басы құралған жиын арасында қылжаң жігіттердің күлкіге айтатын бір-екі ауыз өлеңде «шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең» деген жол бар-ды. Көргенің мен білгеніңді көкіректегі қатты талғамның тезінен өткізіп, тап бір тонналаған руда арасынан сіркедей-сіркедей жылтырақтарды сығып алып сом алтынға айналдыратын зергерлікті дәстүр ғып дағдыланбаған жағдайда, тегі сірә, әдебиет босағасынан жаңа аттаған әрбір жас талапкердің бәрі де шөп пен шөңгені көрсе де жіпке тізе беретін болу керек. Ал, енді осы бейпілдік менің де тұңғыш шығармама салқынын аз тигізген жоқ. Көңілге оралғанның бәрін оңды-солды кітаптың қойны-қонышына көбірек тыққыштап жібердім де, небір шиыршық атқалы ұшқындап тұрған оқиғалар от алмаған мылтықтай жіпше тарқатылып жөніне қалды, соның салдарынан шығарма сюжеті болбырап, бос белбеулікке апарып соқтырды да отырды. Сондықтан оқиға желісіне арқау ғып алған 

0 пікір