«Қан мен тер» қалай жазылды? ІII - бөлім
«Қан мен тер» қалай жазылды? ІII - бөлім
28.10.2020 11:12
592
0

Осы трилогияның соңғы, үшінші кітабының жазылу процесінде біраз қызық жағдай болды. Алғашқы екі кітап - «Ымырт» пен «Сергелдең» жазылып біткесін араға ұзақ уақыт салмай үшінші кітапқа кірістім. Трилогияның соңғы кітабына жақындаған сайын осыған дейінгі сан салалы оқиғалар да кенет етек-жеңін жинақтап, дөңгеленіп бір арнаға құйып қапты. Бұрынғыдай емес, бұл кезде кәдімгідей қатары кеміп қалған адамдардың ақырғы кітапта аяқталуға тиісті тағдырын соңырағы күні қалай жинақтап, қалай түйіп тастаумен үшін алда тұрған қиын мәселе еді. Қай уақыттағы қандай жазушыға, сірә да өзінің кітабын аяқтау оңайға соқпайтын тәрізді. Бұл қиындық сюжеттің логикалық дамуын білмеуден немесе оқиға арқауын шатастырып алғаннан тумаса керек. Менімше, ол өзің қоян-қолтық араласып бауыр басып кеткен геройларыңнан айырылғың келмеуден, оларға деген қимастың сезіммен сабақтасып жатқан сияқты. Ілгері екі кітапқа қарағанда мына соңғы кітапқа отырар алдында ұзағырақ ойлануға тура келді. «Күйреудің» сюжетіне арқау боп енетін тартыстармен бірге тағдырларды ойластырып, адамдардың арақатынасын анықтап, әрбір оқиғаны алдын ала егжей-тегжейіне дейін басымда әбден пісіріп алсам керек, бір кезде қарасам құдды қағазға түскен шығармадай жадымда сайрап тұрған сияқтанды. Соның әсері ғой деймін, бұл кітапты жазуға отырғанда қол-аяғымнан тұсау түскендей еркіндік сезілді. Жазуға отырғанда да әдеттегі дағдылы машық бойынша басынан бастамай, қаламым кітаптың кейінгі жағына қарай тартты да тұрды. Сөйтіп «Күйреудің» әуелі соңғы тарауын жаздым. Оны бітіре сала дереу соның алдындағы тарауға отырдым. «Күйреудің» бас жағы әлі жазылмағанына қарамастан, кейінгі жағындағы әзір боп, бітіп тұрған екінші және үшінші тараулардың жолма-жол аудармасын тез жасатып алдым да, келісіп қойған уәде бойынша «Дружба народов» журналына жібердім. Жолма-жол аударманы бас редактордың орынбасары, сыншы Леонид Теракопян оқып шығып, маған былай деп хат жазған еді: «Кітап сөз жоқ сәтті шыққан. Онда қапысыз жазылған ұтымды сәттер өте көп. Бірақ.өз басым бүкіл бөлімнің ажарын ашып тұрған Тәңірберген басындағы ақтық сахналар деп білем. Бұл баяндаудағы шеберліктің асқан үлгісі, кейіпкердің жол көрсетуші боп шеккен тауқыметін баяндайтын сыртқы сюжет соншалықты шытырман, соншалықты салиқалы аса бай ішкі мазмұнға ие болған. Мұнда адамға тән тіршіліктің соншама тұңғиық философиясы соншалықты терең ашылыпты. Сен жас мырзаны өзінің кісі ретінде барша сыр-сипатын ақырына дейін сарқып ашатындай қысталаң халді жақсы ойлап тапқансың. Әсіресе, өз ауылындағы, ауылға жақындағандағы, өлім алдындағы сахналары жаныңды түршіктіреді. Меніңше, мырза өмірінің соңғы сәтін ашатын линия - сенің творчествоңдағы бір биік. Философиялық тереңдік пен ойдың өткірлігі мұнда нағыз шырқау биікке көтерілген. Мен бұл тарауларды соншалықты сүйсініп, соншалықты қуанып оқып шықтым. Үшінші кітапта Еламан да мейлінше нанымды, мейлінше шынайы. Кенжекейге үйленетін эпизоды жақсы табылған. Мен Еламанға одан асқан сәтті қосақ таба алмас ем. Еламанның бұл қылығы - оның санасындағы үлкен ержетудің, бұған дейін көрген тауқыметі мен толғаныстарының заңды нәтижесі болып табылады... Алайда, мен Еламанға байланысты көңіліме оралған екі ескертпемді айтпай кете алмаймын. Бәлкім, бұл үшінші кітаптың қолжазбасын оқымағанымның (менің қолымда бірінші бөлімнің қолжазбасы жоқ) салдары шығар. Ескертпелерімнің ұзын-ырғасы мынау: соңғы сахнада Еламан тым аз көрініпті. Бұл сенің сүйікті кейіпкеріңмен қоштасатын сәтің емес пе? Бірақ сол қоштасу сәтін тым күзеп жіберген сияқтысың. Ол оқ тиіп құлайды. Меніңше, бұл эпизодты бір-екі бет бұрынырақ берген дұрыс болар еді. Ал, Еламанның өтіп бара жатқан ғұмыр туралы ойларына, мен болсам, бұдан гөрі көбірек орын берген болар едім, тіпті өткендегі бір оқиғаларды ойына түсіртер едім. Өйткені, қарапайым кейіпкер емес, бас қаһарманмен қоштасқанда оқушы көңілін ойсырата түскен дұрыс қой. Мұндай жерде бояуға, ойға, кейіпкердің құштарлық сезімдерін ашуда сараңдық жасау қаншалықты орынды бола қояр екен. Ол тек өліп бара жатқан жоқ, өз өміріне өзі қорытынды шығарып, өсиет қалдырып бара жатқан да жоқ па?

Тіпті, Еламанның жараланатын кезінде де кісі тебірентерлік штрихтар қажет сияқты. Құр баяндаудан гөрі, көңіл қозғарлық пафосқа көбірек назар бөлген дұрыс. Пафос болғанда, онсыз да түсінікті жағдайды онан сайын қазбалай түсетін әсіре романтикалық қызыл сөз емес, сезімге шабар ұтымды детальдар табылғаны жөн секілді. Тіпті, Еламанның өлім алдындағы көңіл-күйін мейлінше тереңдеп ашатын асқақ ноталардың өзінің ешқандай ерсілігі жоқ. Өйткені, шығармадағы басты қаһарманмен қоштасу оқушы жанына бұдан гөрі қаттырақ батуға тиісті».

Еламанның өмірінің ақырғы сәтін күшейте түсу керектігі жөнінде «Дружба народов» журналының сол кездегі проза бөлімінің бастығы, сыншы В. Оскоцкий де осы пікірде екенін айтып хат жіберген-ді. Бір жерден шыққан екі сыншының пікірі көкейге қона кетті. Еламанның қатерлі түнде кірпік қақпай шығатын жердегі тебіренісі мен толғанысын қайта қарап, оның өмір және өзі турасындағы ойын тереңдете түсу керек болды. Бұ да толқын тепкісіне түскен қу қайықтай өмір теңізіне көз ашқалы басы былғақтап, тау мен тасқа соғып келе жатқан жан. Жау қолы жағасынан кетпеген алыс-жұлыстан оның осы жолы бір сәт бұлқынып босанып, жапан түздегі жалғыз жаппаның астында жым-жырт түнде ұйықтай алмай дөңбекшіп жатқаны осы дүниеден өзінің орнын іздейтін нағыз ыңғайлы түс екен. Соны сезгесін қайта қарадым. Қайта отырғанда Еламанның Түркия жерінде үсіп өлген інісі мен кәрі әжесін қабырғасы қайысып еске алатын тұсын қостым. Енді бір кез оның өз қасында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан кішкентай балаларына көзі түскенде көңілі тағы бір тосын күдікпен дір етіп, мына шіркіндер ертеңгі күні ержеткенде қандай адам болады, өздері қанын, терін төгіп, қанша жан өмірін құрбан етіп жүріп қиындықпен орнатқан осынау жаңа дүниенің келешекте қайсысы қандай кәдесіне жарар екен деп тебіреніп кететін жерлерін де Оскоцский мен Теракопянның әлгі хаттарынан кейін қосқам-ды.

Ілгеріде үшінші кітаптың әуелі соңғы жағы бұрын жазылғаны әңгіме болды. Ал, солай болуының себебі неде? Қандай шығарма болмасын басынан бастайтын күллі бар қаламгердің бәріне ортақ үйреншікті дағдыдан «Қан мен тер» трилогиясының ақырғы кітабы тұсында айнып кетуге себеп болған күштің көзі қайда жатыр? Расын айтсақ, ол кезде бұл сауал басыма келген жоқ. Ол кезде ұзаққа созылған көлемді шығарманың ақыры ойламаған жерден дәл бұлайша аяқталғанына ғана қуанғаным есімде. Жұмыс үстінде тосыннан туған жаңағы оқшау қылыққа мен көп кейін ойландым. Шамасы, сірә, ұзақ-ұзақ жолдан шаршаған жолаушының итініп-соғынған жүрістен зықы кеткенде әрқашан көзін де, көңілін де үнемі ілгеріге қадап, барар жерінің топырағына табаны тиетін сәтті аңсап болатыны сияқты, талай жылын сарп еткен мына көлемді шығарманың ақырын көру мен үшін арманға айналып, көңілдің көк дөненіне ілескен қалам да ілгері қарай сүйрелеп отырған шығар-ау. Онан да басқа бір мықты себеп бар еді. Оқыған кісінің қаперінде болар «Қан мен тердің» соңғы сексен беті түп-түгелдей Тәңірберген мырзаның басына бұлт үйірілген драмалық ауыр ситуацияға құрылатын. Жас мырза осыған дейін өзге жұрттың басына қара күн тудырып қойып, қызығына көлденеңнен қарап жүретін жігіт-ті. Енді бүгінгі күні дүние кезектің көбі өз басына келіп, бар ақыр заман бір өзінің үстіне төнгенде жас мырзаның жан даусы шығатын жерін көргім келген де болар. Оның үстіне, бір заманда бай ауылдың барша жаны алақанына сап мәпелеп өсірген жас мырзалардың басынан бағы тайған кезде душар болған қиындықта бәрі бірдей жаңа жағдайдың ыңғайына түсіп қалыптаса алмай, қайсыбіреулері баяғы өздерінің өр көкірегінен қайтпай қасарып тұрып алатынын білуші едім. Олар басынан бағы тайғанын, дәурені өткенін, тіпті заман өзгеріп, адам баласының құлқы мен пиғылы бөлектене бастағанын да мойындамай, халық пен қоғам ағымына көндікпей қарсы тұрам деп күрт кетіп мертігіп қалатын. Осы бір трагедиялық жағдай менің бір жақын туысымның басында болды. Ол әрі бай, әрі болыс болған. Бірақ ертерек дүние салған. Артында қалған үш баласының үшеуі де жас болғандықтан, артында қалған қыруар мал ұстағанның уысында, азулының аузында кетіп, аз ғана уақыттың ішінде ап-сап боп, сіңірі шыққан көп кедейдің біріне айналды.

Ағайынды үш жігіттің үлкені мен кенжесі басқа түссе баспақшылдың кебін кептеп, ыңғайы келген жұмыстың бәріне білек сыбанып кірісіп, балық аулап, аң аулап, балалы-шағалы үлкен үйдің аш-жалаңаш жандарының аузына қарсы базар ас әкеп салып жүреді. Ал, ортаншысы қашан соғыс жылы әскерге алынып, Сталинград түбінде хабар-ошарсыз жоқ боп кеткенше баяғы қаршадай бала кезінен қанына сіңген бай мырзаның тәкаппар құлқынынан құтыла алмай-ақ дүниеден өтті. Оның көрерге көз керек сұлу келбеті мен қоң етін кесіп жатқанда да қыңқ етпейтін уыздан дарыған табиғатындағы тәкаппар дегдарлығын Тәңірбергенге алғаным анық. Кейін әлгі үш ағайынды жігіттің үй іші Шалқарға көшіп келді. Қаладағы ағайын-тумалар сауаты бар ғой деп ортаншысын нан сататын дүкенге орналастырмақ болады. Бәрі келісіліп қойғанына қарамастан және қалаға жаңа ғана көшіп келген балалы-шағалы үйде ішер астың жоқтығын көре тұра әлгі ағамыз, бұл жолы да бір кездегі бай мырзасы екені есіне түсіп: «Енді әйелдер құсап үстіме ақ халат киіп, прилавканың арғы жағында нан сатып тұрам ба?» — деп, балалы үйдің сорына қарай, өзінің ежелгі намысына басты да кетті. Сол ширыққан бетінде бір кісінің тілін алмастан ол жас келіншегін алып Алғаға тартып кетті. Алғадағы тасты топандап сындыратын карьерге қара жұмысшы болып орналасты. Қанша қайратты, өжет жігіт болса да, бір айдан кейін қос алақаны көк мүйізденіп, қу сүйегі қалған ағайымды көргенде көзіме жас құйылып кетіп еді...

Бұл арада бір айта кететін нәрсе: мал баққан қазаққа баю қиын болса да, байлығынан жұрдай боп айырылу оңай-ақ еді; көбіне-көп қазақ малы жау бір шапқаннан немесе жұт бір соққаннан қалмайтын-ды. Қандай мыңғырған байларын да жау мен жұттан кейін не қорадағы, не өрістегі малынан тігерге тұяқ қалмай, көзді ашып жұмғанша қу тақыр кедей боп шыға келетін. Сондықтан да, қазақта «батыр - бір оқтық, байлық - бір жұттық» деген мақал бар. Кешегі төрт құбыласы теңеліп, шаршысына кеп шалқып тұрған талай байлар бір күнде бар малынан айырылып жер соғып отырып қалғанда, олардың күні есігінде жүрген кешегі қарасирақ кедейлерден әлдеқайда төмен болатын. Өздерінің осыған дейінгі болып-толып тұрған бақытты, базарлы күнін ойлап, қазіргі қор халіне азарланып іштерінен азып бітетін-ді. Көрілерінен гөрі бұндай кезде, әсіресе, бай ауылдың бұлғақтаған жас мырзаларына қиынырақ. Үш ағайынды жігіттің әлгі ортаншысы секілді олар да өздерінің басына түскен қатал тағдырдың темір тұяқ тепкісіне тірлікте көнбей қасарысып қиғылық ұрып бағады. Үйінде ішер асы болмаса да, бағы тайған мырзалар баяғы сәні мен салтанатын жұрт алдында сақтауға тырысады. Баяғыдай тәуір киім киіп, таңдап тәуір ат мініп қатарынан қалмауға тырысқан сайын, сорлылардың жұпыны тірлігі жұрт көзіне көбірек түсіп, ауыл ішінде оларды сыртынан сықақтап, күлушілер көбейетін. Сыйлағаннан гөрі енді оларды ішінен аяушылар көбейді. Бергі жағынан бөрісініп желке жүнін күдірейтіп тұрғанның өзінде күні өткен мырзалар бұл күнде өздерінің күшік құрлы қауқары қалмағанын қатты сезініп, ішінен у ішкендей боп тұратын-ды. Октябрь революциясынан кейін қазақ даласында осындай күні өткен мырзалар көбейді. Не санда жоқ, не санатта жоқ дәл осындай шермендер прослойкасы күн сайын қауқарынан айрылып, құдды кісі қолына қараған жетім баладай жұрттың қасы мен қабағына қарап, үнемі райын аңдып отыратын. Кешегі төбесімен көк тіреген Тәңірбергендердің бізге жеткен сиқы, міне, осындай еді. Дәл осындай аянышты бір тағдыр біздің өзіміздің оттың басында да болғасын ба, әйтеуір трилогияның үшінші кітабына отырғанда Тәңірбергеннің тарауы менің ықтияр еркімді қоймай өзіне еліктіріп тартты да тұрды.

0 пікір