«Қан мен тер» қалай жазылды? IV - бөлім
«Қан мен тер» қалай жазылды? IV - бөлім
28.10.2020 11:15
389
0

Ілгеріде мен тарихи деректерді архив арасынан қалай іздеп тапқаным жайында біраз әңгімеледім. Жаңа ғана сөз қылған мырзалардың берегірек келгесін өздерін бір кездерде мәпелеп өсірген ортасынан табаны тайған жағдайда қандай күйге ұшырағаны хақында айтылған әңгімеде шындығы сорғалаған тарихи дерек-ті. Ал, бірақ тарихи шығарма жазғанда кісі тек қана деректің дәлдігі мен айғақтардың ақиқаттығын, нақпа-нақтығын сақтап қазіргі күні көз бен көңілден қашықтан кеткен сол деректер, сол фактілер, ситуациялар шындығынан жаза баспасы бар мұраттың бәрі орындала ма? Меніңше, тарихи тақырыпқа қалам тербеген жазушыға бірден-бір керек нәрсе - адам рухының тылсым сырларын ашу болса керек. Өткен заманның өзімен бірге бойында ала кеткен ақиқат шындықтың бейнесін айнытпастан қайта тірілту тіпті де қиын емес, ал мәселе сол фактілер астарында жатқан қоғам мен адам рухының беймәлім сырларына жан бітіріп көркемдік қуат беру, көз алдыңа күні бүгінгі шындықтай елестете білу кез келгеннің оң жамбасына келе бермесі ақиқат. Ол үшін жазушыға ерекше зерде, айрықша ақыл-парасат, ең бастысы, суреткерге тән сезімтал жүрек қажет-ау деймін. Фактілер мен деректердің ығы мен көлеңкесінде қалып қоймау үшін өткендегі оқиғалардың менің бүгінгінің ғана емес болашақтың да талғам-таразысы тұрғысынан саралай, салмақтай білген дұрыс сияқты. Сонда ғана кез келген тарихи тұлға жаңаша сипатқа ие болып, нанымды да сенімді шығатындай. Мен Судыр Ахмет образын жасау үстінде болған адамның әрекет-характерін сол қалпында бұлжытпай беруге ғана тырысқан жоқпын. Бұл характер басқа халықта да бар. Бұның көңілдірек әрі ақ еден елгезек түрі - әйгілі дед Щукарь мен елпек Момын. Бірақ, алайда бар-ау, осы мінездес образдың бойында сырт көзге зәредей де зал алы жоқ сияқтанып тұрып та кей-кейде күтпеген жерден зұлымдығы жеңіңкіреп кетіп отыратын анық паразит қулық бар. Осы тақылеттес образ қазақ топырағына баяғы бір мал баққан көне заманнан бермен қарай еншілес боп, ентелеп бауыр басып, ұлт бойына исі сіңіңкіреп қалған сияқты. Судыр Ахмет өмір сүрген сонау арғы заманнан бері қанша уақыт өтті. Заман өзгерді. Ел жаңарды, жер жаңғырды. Салт-сана мен ішкен ас, киген киімнен бастап, қазіргі кісілердің мінез-құлқы, ісі, пиғылы мүлде өзгеріп кетті. Ал, бірақ біздің арамызда су аяқ Судыр Ахметтердің қатары кеміді ме? Меніңше, кеміген жоқ. Осындай образ, мінездер туған топырағының төл перзенті болған жағдайда, ол сірә, осы дүниеден жуық арада із-түссіз жоғалып кете қоймаса керек. Оны айтасыз ба, бұндай кісілер, соңырағы күні жазатайым өмір өзгере қалса да жаңа жағдайдың ағымына басқа жұрттан бұрын тағы да осылар теп-тез икемделе кетуге ыңғайланып тұрады. Бұны, әрине, оның жаңалыққа жаны құмарлығынан деп қарамау керек. Бар болғаны - жан сақтаудың қамы. Бұ да өз ортасының бояуына қарай түрі мен түсін өзгертіп, сырт бейнесін өмір сүруге лайықтап теп-тез ыңғайлана қоюдың бір тәсілі. Мәселен, Октябрь революциясынан кейін іле-шала қырда жатқан халық бұрын-соңды жер бетінде болып көрмеген жаңа сапалы өмірге баяу да болса бет бұрды. Әсіресе, қазақ даласында колхоздастыру басталған тұста кедейлер жаңа жолға жаппай түсіп жатқанда қыр адамдарының бойындағы бұрынғы салт-сана, әдет-ғүрыппен бірге бүкіл психологиялық мінез-құлық та қатты өзгеріске ұшырады. Халықтың құлқы өзгермейінше киімін өзгерткен жаңа сапалы құбылыс бола қоймайтыны белгілі. Ұлы жолға түскен халық өзінің жарқын келешегін бетке ұстап үдеріп тарта жөнелгенде, әдетте тозығы жеткен дүниенің ескі-құсқылары ескі жұртта қалып қоюға тиісті. Сол көп сілімтілердің бірі болмаса бірінің арасында Судыр Ахметтер де замананың жаңа көшінен қажетсіз көне бұйымдай ұмытылып қалып қояр деп едік. Кешегі феодалдық-рулық қоғам тудырған осынау төл перзент, жаңа заманмен бір күн жолдас болуға жарамас деп ойлап едік. Бұл өзі жаңа қоғам бойына мүлде жараспайтын ескі дүниенің жат қылығы мен құбылысы сияқтанатын. Сөйтсе іріп-шіріп біткен ескі қоғамның өзегіне өлермендікпен үңгіп кіріп, ұя салып алған мына ақжарқын алаяқтан адам қоғамы жуық арада арылып бола алмайтын өміршең арамтамақ екен. Бұл, шіркін, басқалардан гөрі әлдеқайда жаңалықтың жетегіне бұрынырақ жабысып, ағым ыңғайына да өзгелерден бұрын икемделіп ала қойды. Басындағы дағдылы киіз қалпақты олар жұрттан бұрын лақтырып тастап, жапырайтып жаман кепканы киіп ала қойды. Пішінін өзгертсе де, ал бұлар бірақ мазмұнын өзгерткен жоқ. Басқа жұрт, мәселен, ликбез мектебіне кәрі демей, жас демей ағылып барып жатқанда, бұлар сырт айналып ықтап кетті. Бірақ олар сауатты кісінің сыйлы екенін, бәрінен бұрын сауатты болудың тірлікте тиімді екенін байқағасын, халық ықыласына бөленіп жүру үшін хат танитын, көзі қарақты кісі боп көрінуге тырысты. Менің баларақ кезімде соғыс алдында біздің ауылда Тілеужан деген бір кісі балық колхозында басқарма болды. Күнде кешке қарай ол үй жанындағы көлеңке басы ұзарған кезде сыртқа төсек салдырады. Шынтағының астына тастаған құс жастыққа жантайып жатып арлы-берлі өтіп жатқан кісі-қараның көз алдында газет оқитын. Газеттен басын көтермей, бар ынтасымен ықылас .қойып оқитыны соншалық қасына келген кісіні жақтырмай шытынап қалатын әдет шығар-ды. Бір күні Мыңбастық Шәрібі деген қуақы кісі басқарма үйінің алдынан өтіп бара жатып, кенет қайырылып тоқтай қалыпты. Бас алмай қадалып қалған қолындағы газетті басқарманың теріс ұстап отырғанын байқаған екен. Көңілі жүйрік қу кісі күлкісін әзер тыйып, қасына келеді.

- Тілеке, қалай, оқып жатырсыз ба?

- Күндіз жұмыс көп, сосын, кешкісін қол босағасын ғана газет қарайсың.

- Дұрыс қой, газетте не жазыпты?

- Не дерің бар ма? Жазатын нәрсе көп қой.

- Әлбетте, әлбетте, - деп қосыла қостайды да, Шәріп басқарма қолындағы газеттің «Социалистік Қазақстан» деп жазған сойдауылдай-сойдауылдай ірі әріптердің басындағы «С»-ны саусағымен басып тұрып, - Тілеке, осы қай өріп еді? - деп сұрайды.

Аңқау Тілеужан қу кісінің арғы жақ көңіліндегі әзілді аңғара қоймаса керек. Қолындағы теріс ұстап отырған газеттің төменгі жағында шалқалап жатқан жаңағы анау-мынау емес, ат тұяғындай «с» әрпіне ол енді шұқшиып о жағынан бір, бұ жағынан бір қарайды. Тақа болмағасын:

- Апыр-ай, ә?! - деп қиналып, - адамның абыройсыз болуы аяқ астында екен ғой. Ал, енді осы өзімнің ең жақсы білетін әрпім және күнде талай оқып жүрген әрпім еді. Қазірде қылп-қылп етіп тілімнің ұшында тұр, - деп газетті лақтырып тастап, жанындағы жастыққа жығыла кетіпті. Осы әңгіме біздің ауылда күні кешеге дейін күлкіге айтылып жүрді. Бір айта кететін нәрсе: бұл басқарма Судыр Ахметтің образын жасауда бірден-бір кәдеме жараған прототип еді дей алмаймын. Судыр Ахметті өзім жақсы білетін тағы үш кісінің бойындағы қылықтарын жиып-теріп, осы образдың өз көкірегімде күні-бұрын қалыптасқан болмысы мен бітімі бейнесіне үйлес келіп, үндес шығып жататын ортақ судырақтықтарын алдым. Сол үшеудің бірі - біздің елдің басы мен аяғы түгел білетін -соқыр Сырғабек. Оның өзінен аумайтын баласы болды. Орта мектепті бітірді. Онан ол киномеханиктер даярлайтын техникумды бітірді. Сөйтіп ол әкесіндей шала сауатты емес, әжептәуір білім алған, көзі қарақты жігіт боп шықты. Аудандық мәдениет мекемелерінде қызмет істеді. Сырт түрі, киген киімінің үлгісі әкесінің үлгісінен бөлек болса да, ал бірақ, ішкі мазмұнында құттай да психологиялық өзгешелік жоқ еді. Сондықтан да, біздің ауылдағы аталы-балалы екеуінің құлқын білетін кісілер «бір көзін ойып алса бұ да аумаған әкесі болғалы тұр», - дейтін.

Әрине, феодалдық-патриархалды қоғамның төл перзенті - Судыр Ахметтердің дүниеге келуіне бірден-бір жағдай жасаған көшпелі өмірдің мал шаруашылығымен айналысқан экстенсивті мешеу тірлігі екені даусыз. Судыр Ахметті мінез ретінде, характер ретінде жекелеп алып қарайтын болсақ, бұл, әрине, мешеу қоғамның айы-күні толып, толғағы жетіп тапқан төл баласы. Бұның тұңғыш рет дүниеге келген түпкі атасы қай дәуірде тірлік кешкенін кім біліпті. Қалайда біздің бір анық білетін нәрсеміз - әрбір қылығы кісі көңілін қытықтап күлкі шақырып тұратын осы бір тумысынан берекесіз траги-комедиялық тоғышар жандардың ұрпағы қай кезде де өмір сүре алатынына көзіміз анық жететін сияқты.

***

Сөйтіп, ұзақ жылдарымды алған үш кітаптың жазылу тарихы, бүгінгі күні өзіңді тізгіндеп, тежеп отырып, барынша қысқаша айтқанда, міне, дәл осылайша болған-ды.

0 пікір