Пластилин –қуыршақтар.
Пластилин –қуыршақтар.
23.10.2020 15:51
946
0

Бәріне себеп немеремнің пластилиннен адам жасап бер деген қыңқыл-сыңқылы болды. Күн жексенбі болатын. Үйдің көлеңкесі молынын түсетін саясына отырып пластилиндерді ретімен бөлдім де қуыршақ-адамдар жасауды бастап кеттім. Алғашқыда ықылассыз, бұл әншейін баланың ермегі болып көрінген-тін. Қара, қоңыр пластилиннен ер, қызыл, көк реңдісінен әйел адам жасау сонау балалық шағымды есіме түсіріп, мен оған құлшына кірістім. Өзі де қызық болды.  Жасаушы адам ретінде пластилин маған емес, мен оған тәуелді болдым.  Мәселен, қара пластилиннен еңгезердей, жауырынды жұмыс адамын жасаймын деймін бе, ол бұты сидиған, шіңкілдек бір бөлім басшысына ұқсап кетеді. Ал, арық, өзіне сенбейтін нәумез кісілерді жасаймын десем, алпамсадай ұр да жық бір мырзаға ұқсап кетеді. Негізі портфель, көз әйнегінде жасамақ едім, бірақ былқылдақ заттан соншама ұсақ-түйек жасау қиындық тудырды да, тек тануға болатын сыртқы сұлбасын жасадым. Сосын өзімді қинап қайтейін, қолымдағы дүние кімге ұқсаса мынау сол деп жасай бердім. Қуыршақтарымның ішінде кімдер жоқ дейсіз? Мұғалім, дәрігер, ассиминатор да болды. Сосын айналайын салық агенттерін ғой, ерекше ықыласпен жасадым. Енді әйел қуыршақ-адамдарды қалай жасадым соны айтайын. Тамаша! Бөкселі, аяқтарын түзу етіп жасауға тырысамын ба, ол мен ойлағандай депутат, я бір департаменттің басшысы боп шығудың орнына базардағы нан жауып, самса пісіруші әйелге ұқсап кетеді. Зиялы, ақылды әйелдердің сұлбасын сығымдай бастаймын ба өсекші, әлдебір тақылдақ келіншектерге айналып кетеді. Сосын мынау данышпан еді деп қалай айтайын. Барына береке деп жасай бердім. Қызыл пластилиннен қызыл кофталы әдемі әйелді жараттым. Белін нәзік етіп жасайын десем, пластилинде ондай қасиет жоқ үзіліп кететін болды. Ал шаштың орнына сары пластилиннен бір іліп жапсыра қалып едім, құдірет деген осы шығар сәнқой сары келіншек шыға келді. Адамзаттың бір жетістікке жетсе онан әрі не болар екен деп шұқшия түсетіні секілді жасырып қайтейін, әлемнің ойшылдары мен кездейсоқ құбылысқа тап болатын ғалымдар сияқты дәл қазір менде де жаңалық болса анығы, қуыршақтарым адамға айналса деп армандадым. Аузы ашылып әрбір қимылымды бағып отырған немерем бұл кезде ұйықтап қалған болатын. Мен оны жатқызып келгенше тылсымға не шара қуыршақтарыма жан бітіп, қазақша сөйлеп жүгіріп жүр. Мен жаратқанға табынсам, олар маған табынып лыпып тұр. (өзім жаратқан соң осылай болуы заңды да) олардың ішкі ісіне араласып демократиялық құқықтарын бұзбайын, жай бағыт-бағдар берейін деп, «сіздер бір жиында отырсыздар, қане, әрекеттеріңіз» дедім. Өмірдегідей өту үшін «жиналыс жүріп жатыр, кіруге болмайды» деп есікке жазып шенін айтпай-ақ қояйын, күзетті қуыршақ-пластилиндердің өздерінен қойдым. Бюджеттен орындалуы туралы жиналыс басталып-ақ кетсін. Баяндамашы мен әлгі қара пластилиннен жасалған алғашқы қуыршақ-адамым. Оқи жөнелді.
Автокөлік жолдары: 2010 жылы 400-шақырымды 25 автөкөлік жолдарын жөндеуге 350 млн. теңге қаралып ол толығымен игеріледі. Қанағаттанарлықсыз жол 65%- дан, 32% пайызға төмендеді.

Абаттандыру: Аудандық бюджеттен 32- жобаға 390млн. теңге бөлініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Эскиздік жобаға сәйкес қала мен ауыл округтеріне тал егіліп, ол артығымен орындалды. Сосын, баяндамашы үй құрылысы, мәдениет жөніне де тоқталды.

-                 Бұл дұрыс!- деді алдыңғы қатарда отырған мосқал қуыршақ-пластилин.
-        Егістік, суландыру жүйесі туралы не айтасыз?

Қуыршақ болса да баяндамашы сасқан жоқ.

-        Жеміс-жидек 1000

-        Жүгері-400

   Жоңышқа – 1500га жерге егілді деді ол. Тура өмірдегідей! Әйел пластилиндер қисайып көршісімен сыбырласа қалса, түшкіргендер, арасында қалғып кеткендер де болды. Соңына дейін шыдаса ыстыққа балқып кетпесе деп қыпылдадым. Осылай болса да нақ шындықты айтатын қуыршақтың жоқ екенін білдім. Қолыма қарасам пластилиннен аз қапты. Тәуекел! Мынау қолы... мынау аяғы деп жапсыра қалып едім жеңіл мінезді кішкене қуыршақ (соңғы материал ғой) секіріп шықты да маған емес, баяндамашыға қарай айғайлай жөнелді.

-        Өтірік!

-        Жалған ақпарат беруді қашан қоясыздар?

-        Тамыр таныстық, жемқорлықты тыю керек! – деді ол.

  Ду қол шапалақ. Бәрі де немеремнің қуыршақ – адам жасап бер деген өтінішінен шықты емес пе?
  Қуыршақ адамдарға не дерсіз. Өзім жасаған «адамдарымның» іске асқанына қуанып мен отырмын.

Ералхан Жылқыайдарұлы
21.07.2018ж

 

0 пікір