Саяси мақала
Саяси мақала
23.10.2020 16:05
1015
0

          Басқа газетке барайын деп тұрдым да сәті түске болу керек орталық басылымға келе қойдым. Редактор кезекті нөмірді қарап отыр екен. Жауапты хатшысын шақырып нұсқаулар берді де, ол шығып кетіп тілшілер кірді. Кейін бір немесі ұмыт қалды ма хатшы кірді де, тілшілер шыға қалсын. Мен осы екі араны пайдаланып қолымдағы жазғандарымды ұсындым.

–      Бұл не? – деді күнтізбекті парақтаған редактор мырза.
–      Мақалаларым.
–      Мақалалар екенін біліп тұрмын ғой, тақырыбы қандай?
–      Бәрі де бар.

Мынау тәрбиелік мәні бар мақалаларым . Мынау әлеумет экология жайындағы...  Ауыл туралы жазғандарымды кейінге қалдырдым да, басқаларын алдына жайып салдым. Ол асықпай қарап шығып айналайын-ау, деді. Сіздің тәрбиелік мәні бар мақалаларыңызға алып қосарым жоқ. Әлеуметтік мәселелер туралы да солай. Бірақ білесіз бе, көп жағдайда біздің саяси мақалаларға орын беріледі. Әне, сол жайында қалам тербесеңіз ғой дүниелеріңізді бірінші бетке жариялар едім деп қутыңдады.

          Ал мен саяси мақалаларды жазуды қатыратынмын. Керегі сол болса қазір-ақ жазып келейін деп елпілдедім. Сосын еліміздегі саяси мәселелерді есіме түсіре бастадым. Әрине ол жақын арада өтетін сайлау болмақ. Осы туралы жазғаным дұрыс шығар. Депутаттыққа үміткер Мәке деген азаматты білетінмін. Соның үйіне қарай құстай ұштым. Мәкен мырза сайлаушылармен кездесуге асығулы болса керек. Қара мерседесін жуып-шайып от беріп отыр екен. Келе руліне жабыстым.

–      Саяси мәселелер жөнінде мақала жазуым керек еді...
–      Не, саяси мақаланы менің қойныма тығып қойып па, жаза беріңіз деді ол.

Мәселенің өзі сонда боп тұр. Сізді саяси тұлға ретінде іздеп келдім,  бағдарламаңыз жөнінде айтып берсеңіз.

–       Оның  қажеті қанша?
–      Саяси мақала жазуым үшін...
–      Сұрай беріңіз.
–      Сонымен үгіт-насихат жұмыстарын бастап кеттіңіз ғой?
–      Бастап кеттік.
–      Ұн тараттыңыз ба?
–      Тараттым.
–      Пісте май ше?
–      Оны да.
–      Күріш?
–      Үлестірдік.
–      Ауыл ақсақалдарымен кездестіңіз бе?
–      Кездестім.
–      Еңбек ұжымдарында  болдыңыз ғой? Болдым.
–      Айтыңызшы, Мәкен мырза,  алдыңғы үгіт – насихат жұмыстарынан қазіргі насихаттың өзгешелігі қандай?
–      Өнер шеберлері бұрын Алматыдан келуші еді енді Астанадан алдырмақпыз.
–      Дұрыс-ақ.
–      Айтқандарын қаз-қалпында жазып алып саяси мақала деген осы шығар дедім де редакторыма қарай тіке тартым.
–      Жазып келдім! – дедім ентігімді баса алмай. Кәне беріңізші саяси ма, саяси емес пе оқып көрейін. Мен  бердім де ол қарап шықты. Мақтайтын шығар деп ойлағанмын. Және де мақаламды газеттің бірінші бетіне беретін шығар деп үміттендім.  Алайда қырсықтың өзі кері айналдырып, аузыңа  түсейін деп тұрғаның жоғала қалса мен қайтейін. Бері қараңыз деді ол:

  Біріншіден,  мыналарыңыз саяси  мақала емес сандырақ!   Бұл жай сайлаушыларға таратылған ынталандыру сыйлықтарының тізімі.

  Екіншіден, сіз жазсаңыз да жазбасаңызда өтетін науқан. Ал бізге қалың жұртты елең еткізер жаңалықтар керек.

–      Саяси жаңалық болғанда мынау нақ соның өзі ғой!

–      Дәлелдеп беріңіз.

Дәлелдегенде бұрын бірінші сортты ұн таратып соңынан шекер үлестіретін. Қазір жоғары сортты ұн таратып шақпақ қант береді.

–      Өткенде екі пәшке шай еді, қазір үшеу... бұл не жаңалық емес пе? Мұнан артық саяси жаңалықты өзіңіз де таппассыз. Менде берісе қоймай шақылдаса кеттім.

Құрметтім-ау, деді сырбаз редакторым көзілдірігін түзеп қаламсабымен столды тықылдата отырып, сіздің тәрбиелік мәні бар, әлеуметтік мәселелерді де келістіріп жазатыныңызға шүбәм жоқ. Оған таласпаймын да, бірақ мынау сайлау туралы дүниеңізді жариялай  алмаймын. Бұл маған төбемнен ұрғандай әсер етті. Бір сәтке есімді жоғалттым. Аяғым қолдарым да менікі емес басқа біреудің мүшелері деп сезіндім. Сосын жазғандарымды тағы бір оқып шықтым да осы сауал-жауапты берген үміткер мырзаға қарай қайта шаптым. Міне, және келдім дедім. Мақаламның бірінші бетке басылу-басылмауы да сіздің берген жауабыңызға байланысты. Бұлайша ескертпесем де болар еді, барынша саясиландырып айтсын дегенім ғой.

–       Айтайын деді Мәкен мырза.

Ол айтып тұрды да мен жазып шықтым. Мазмұны былай:

–      Пенсияның көлемін жетпіс пайызға арттырамыз.
–      Дұрыс-ақ!
–      Ауыз сумен қамтамасыз етеміз.
–      Спорт клубтарын ашамыз.
–      Сенейік.
–      Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көбейтеміз. Бұрынғыдай екі-үш ай күтпейді.
–      Жөн-ақ.
–      «Дипломмен ауылға » бағдарламасын іске асыру үшін ат салысыамыз.
–      Бұл да дұрыс.
–      Салауатты өмір салтын қалыптастырып, темекі, арақ, нашақорларға қарсы бітеспес күрес жариялаймыз.
–      Тамаша!

Шаруашылықты қолға алып мал тұқымын асылдандырамыз. Жолдарды жөндейміз. Микрокредит мәселесін шешеміз. Телеарна көрсетілімін елуде елуге жеткізіп қазақша көрсетілімді көбейтеміз. Үйтеміз... Бүйтеміз...

–      Болды, болды тоқтатыңыз!  - дедім.

Мұнан артық қандай мақала болмақ. Мәкен мырзаға саяси жауаптар айтқаны үшін рахметімді жаудырдым да редакторға қарай ұша жөнелдім.

–      Міне, дедім.
–      Жазып келдіңіз бе?
–      Жазып келдім!

Қымбаттым-ау деді ол жазғандарымды оқып шығып:

–      Мынау саяси мақала емес қой!
–      Саяси мақала.
–      Саяси емес деймін!
–      Енді не?
–      Жай жарнама.

Үміткер мырза сайлана қалса, өзінің не істейтінін айтып халыққа жарнамалап отыр. Былайша айтқанда сценарий.

–      Не соны да түсінбейсіз бе?
–      Түсінгенде...

  Сәрсен мырза, сіз саяси мақала жаза алмайды екенсіз деді ол.
Сонда не мақаламды бірінші бетке баспайсыздар ма деп қырылдым. Осы редакторды газетке жиі жариялайтын көсем сөздері мен ұлағатты ойларына қарап қатты қадірлейтінмін. Сондықтанда сөздеріне басымды барды жоқты изеп тұра бердім. Үміттерім көкке ұшты. Сіздер қалай ойлайсыздар құрметті оқырман. Осы жазғандарым саяси ма әлде саяси емес пе?

 

Ералхан Жылқыайдарұлы
26.12.2011ж

0 пікір