Пара туралы мақаламды қалай жаздым.
Пара туралы мақаламды қалай жаздым.
30.06.2021 13:37
199
0

 

Пара алады дейді. Өтірік осының бәрі өтірік! Азаматтарымыздан кез-келгенінің қалтасында жоғары білімді бір-бір диплом болғандықтан, осындай саналы азаматтар коррупцияға беріледі дегенге кім сенеді? Басылымдарды қарап отырсам пара алғандар саны өткен жыл 145 адам болса, биыл тиісінше 196 адамға жетіпті деп жазыпты.

Ғалымдарымыздың алдымен жер-суды аралап барып көргендерін кейін қағазға түсіретіні секілді, пара жөнінде мақала жазбақ болған маған осы ақпараттар сылтау болды да, мекемелерді аралай жөнелдім:

Мынау кіші кәсіпкерлікті қолдау.

Анау азаматтарды жұқмысқа орналастыру бюросы.

Ақша жүрмеген жерде пара қайдан болушы еді дедім де, бұлардың есігін жауып, білім департаментінің есігін аштым.

–       Ассалаумағалейкум-м!

–       Уағалейкумассалам! – деді ұқыптай таранып жинақы киінген мырза.

–       Шаруаңызды айта беріңіз.

–       Шару болғанда...

Жаратқан-ай десеңізші. Үйден шыққанда жұртқа қиын болғанымен, маған оңай көрініп айтармын-ақ деген сөздерімнің бірі есіме түссейші!

Басшы болса үлкен жерге келген кісі өзін-өзі ұмытып, абдырап қалды деген сыңаймен мені түртпектей бастады.

–       Балаңызды мұғалімдікке тұрғызбақсыз ба?

–       Жоқ!

–       Мектеп директорының үстінен...

–       Атай көрмеңіз.

–       Енді не?

–       Былай ғой енді... дедім.

–       Пара туралы қатырып бір мақала жазбақшы едім, ретін таппай тұрғаным.

–       Жаза беріңіз.

–       Дұрыс қой. Соның қалай боларын сізге пара беріп көзіммен көрмесем қалай жазбақпын.

–       Ма-ға-н!

Білім басшысының қолдары қолбаңдап орнынан бір отырып, бір тұрды. Осы арада қолымдағы ақшаны оған ұсындым. «Ақымағыңыз мен емес! Бәлеқор бір журналшыны ертіп келіп, соңыма салып жібермексіз ғой. Қазіргі жұртқа сеніп болмайды» - деді ол. Өтіне бастадым.

–       Алыңызшы енді?

–       Ала алмаймын.

–       Ишарасын жасап көріңіз.

–       Ишарасын да жасай алмаймын!

–       Несіне қорқасыз, біреу-міреу келе қалса қарыз ақша алып еді, соны қайтарып тұр дейсіз. Бітті!

Манадан бері мен бастамасын көріп тұрған екенмін. Өзін зиялы етіп көрсеткісі келетін әрбір адам да бола беретіндей, арасында менің өтініштеріме де құлақ аспастан білім басшысы шындап ашулануға кірісті.

Ол бөлмеде ары-бері жүре бастады.

Басе, нағыз білім жанашыры осындай болса керек-ті.  Бір бөлім басшысы сізді алады деген соң келген едім дедім, менде қарап отырмаймын. Әңгімеге айналдырсам сабасына түсер деп. Қайсы меңгеруші? Қайсы директор маған ақша берген? Мен оған ба, ол маған беріп пе? Дәлелі болса айтсын кәне, алдыма келіп. Маған жалақыны мемлекет төлейді. Бизнесім де бар. Сухомлинский, Макаренконы айтпағанның өзінде ертең Ы. Алтынсариннің алдына не деп барамыз...

–       Шығыңыз!

–       Қолымды қайтармаңызшы енді!

–       Педагог әрбір оқушының келешегіне әсер етуші тұлға!

–       Аз да болса көптей көрген болып...

–       Бүгінгі оқушы ертеңгі азамат!

–       Жай, санаған болыңыз.

–       Кітап - білім бұлағы, білім - өмір шырағы!

–       Ақша екенін кім біліп бара жатыр...

–       Қызықсыз! Осы мәселе кеше ғана Тамыз конференциясында сөз болып, басшы біткен пара деген пәледен аулақ жүретін боп қаулы қабылдадық. Бізде бәрі жас жеткіншектер үшін. Солар үшін не істемей жатыр. Заманауи үлгідегі мектептер салынуда. Білім ұяларында компьютерлі сыныптар, асхана, ағаш өңдеуге арналған жабдықтар, тігін бөлмелері жұмыс істеп тұр.

–       Міне алынған ақпараттар!

–       Сіз болсаңыз игілікті іш шараны айтудың орнына қайдағы пара туралы айтып басымды қатырасыз.

–       Қатырып тұрған жоқпын. Сізге тәжірибе ретінде ұсынайын десем, неге сонша ат-тоныңызды ала қашасыз?

–       Сіздікі дұрыс па енді, тапатал түсте кісіге пара тықпалап...

–       Мен жай, пара алғанда адамдардың іс-әрекеті қалай өзгереді, міне осыны көрсетпекпін. Департамент басшысы және сөйлеп кетсін:

–       Мектеп - білім мәйегі. Келешектің салиқалы әңгімесі мектеп қабырғасында шешіледі. Кәне олай емес деп айтып көріңізші. Айта алмайсыз! Мақтан тұтарлық ісіміздің өзі оқушылардың білім деңгейін көтеріп жаңа инновациялық жетістіктерге ұмтылдыру. Экономиканы арттыру дегеніміздің өзі де осы. Пара – тамырымызға шабылған балта. Онымен ымыраға келе алмаймыз, күресуіміз керек. Сол үшін де басшылық ерекше мән беріп, білім саласын басты назарда ұстап отыр! Сіз осы не демексіз?   

         «Алмайды екен!» деп ойладым үшінші қабаттан төмен түсіп келе жатып.

–       Жолын жасаңыз!-деді алдымды кескен күзетшілер.

–       Сендер де пара алмайды, болмаса бірінші басшыға шағынамын, - дедім тілім күрмеліп.

–       Ойбай-ау, білім басшысының өзі емес пе, мақала жазғыш бір белсенді жүр. Атағанын тастап кетсін, бермесе хаттама толтырып заң орнына өткізе салыңдар, - деген.

         Бердім. Бұл бір түсінбестік болар. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Ақыры шындық іздеген соң соңына дейін барайын дедім де, денсаулық сақтау департаментінің есігін қақтым.

Бас дәрігер әйел екен.

–       Сәл-метсіз!-деді. Ол қызыл ағаштан жасалған есікті әрі итеріп, жарқырауық тұтқадан ұстап  кірген мені көргенде.

–       Келіңіз!

–       Былай ғой енді...

–       Зав. отделдер орын жоқ деді ме?

–       Олай емес.

–       Тегін таратылатын дәрілер тізімін білмексіз...

–       Таппадыңыз.

–       Енді не?

–       Пара туралы кітап жазайын деп едім.

–       Жаза беріңіз.

–       Сізге пара беріп соны жазбасам көрмеген нәрсемді қалай жазбақпын?

–  Псих. больницаға жіберетін шығармын мен сізді, деді ол өзін әзер ұстап.

–       Ақыл-есім бүтін.

–       Инстикт осылай басталады.

–       Сап-саумын деймін!

–       Солай ойлай бересіз.

         «Құдай-ау, дедім. Құдай-ау, осы пара деген пәленің шындығына жетем деп жүріп бір пәлесіне ұшырап кетпесем жарар еді» деп уайымдадым. Алайда өзімді тез жинап ала қойдым:

–       Алыңызшы енді!

–       Ала-алмаймын.

–       Шартты түрде.

–       Шартты түрде де!

–       Ырым үшін болса да.

–       Ырым үшін жоқ!

         Бас дәрігер ханым ашулана бастады.

–       Түсінбеймін! Кім айтты сізге параны бізде алады деп.

–       Өзге де мекемелер көп, неге солардан бастамайсыз тәжірибеңізді?

–       Бір сырқат кісі сіздерден жазылыпты. Алғашқыда көңіл аудармаған екенсіздер, азырақ ақша қыстырған соң қазір жақсымын дейді.

–       Бізден жазылғаны рас болса фәмилесін анықтауымыз керек.

–       Өзі айтты.

–       Анализдерін көрейік.

–       Бәрі жақсы.

–       Емдеуші дәрігерлердің қортындысын білейік.

Не де болса айтарымды осындай да айтып қалайын дедім де жалына түстім:

–       Екеумізден басқа ешкім жоқ.

–       Бізде бәрі де халықтың денсаулығы үшін!

–       Мен жай тәжірибе ретінде бермекпін.

–       Ларингоскоптік жинақтар алдық!

–       Доллар түрінде берсем бе екен?

–       Халықтың денсаулығынан асқан байлық жоқ!

–       Кітабым үшін...

         Мен онан қажымасам да, дәрігер ханым менен қажып сөйлей жөнелді: – Қызықсыз сіз! Бізге жалақыны мемлекет төлейді. Оны айтпағанымның өзінде жеке бизнес, аптекам бар. Әлде амидопирин, анальгиннің үстінен де ақша жейді деп ойлайтын шығарсыз енді мені. Беті аулақ! Тіпті Гиппократ шалыңыздың әруағының өзінен ұят.

         -Түсінсеңізші! Пара алған кезде болатын адамның психологиясындағы өзгерістерді жазбақшымын мен кітабыма.

         – Сөйлемеңіз! Білем мен сіздей кітап жазғыш малғұндардың қайтіп жазарын. Азаматтарымыздың денсаулығын арттыру үшін біз не істемей жатырмыз. Бәрі де істеліп жатыр. Тегін көрсетілетін медициналық көмектің көлемін арттырдық. Тегін таратылатын дәрілерді айтпағанның өзінде, талмай ізденістің арқасында клиникалық аурухана, магнитті тамография, электро-физикалық зерттеулерге арналған жабдықтар іске қосылды. Туберкулезбен қайтыс болатындар саны жиырма пайызға төмендеп, қан-қысымынан туындайтын өлім-жітім екі есеге азайды. Соның ішінде қала басшылығы алдымызға зор міндеттер қойып, бағыт-бағдарымызды айқындап берді.

–       Алыңызшы енді!

–       Ала-алмаймын!

–       Қалай болар екенін білейін деп..

–       Барыңыз! Болмаса полиция шақырамын! «БАҚ-дарымызға да дауа жоқ-ау, анығына жетпей зуылдата береді» - деп ойладым төмен түсіп келе жатып.    

Алмайды екен!

         Жолымды күзетшілер бөгеді:

–       Атағаныңызды тастап кетіңіз.

–       Сіздер де пара алмайды екен болмаса бірінші басшыға шағынамын, - дедім сұқ саусағыммен жоғарыны көрсетіп.

–        Айналайын-ау! Бас дәрігерлердің өзі емес пе, кітап жазғыш бір сандалбай жүр. Бергенін алыңдар, болмаса псих. больницаға өткізе салыңдар, - деп звондаған.

         Бердім параны! Бірақ мен шексіз қуанышты едім. Оның қалай боларын көзіммен көрдім ғой. Дүниемді енді жазамын. Міне, жазып та шықтым!

Ералхан Жылқыайдарұлы                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                          

0 пікір