Сәлем жасау, Сәлем ету
Сәлем жасау, Сәлем ету
20.01.2021 13:01
307
0

   Мұның бірнеше түрі бар.  «Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты» ( «Ел аузынан» кітабы). Бірінші, алыс жолдан келген жолаушы, немесе  сол елдің адамы ауыл ақсақалдарына немесе белгілі адамдарға әдейі іздеп келіп сәлем беру қалыптасқан ұлттық дәстүр. Кейде «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді», дегендей жөн білетін үлкендердің өзі  барып сәлемдесетін де жол бар. Егер сәлем ер адамға қатыстыболса «сәлем берді »деп айтылады. Екінші, сыйлы ата, ене, қайынағаларына кездескенде, көргенде келіні оларға иіліп, бір тізесін бүгіп сәлем қылады. Үлкен кісілерден табақ қайтқанда да келін сәлем жасайды. Ондайда біреу «келіндеріңіз сәлем етіп жатыр» деп хабарлайды. Үлкендер оған риза болып батасын береді.  Келіннің сәлем етуі әдептілік пен сыйлаудың  белгісі ретінде қабылданады. Сәлем әйел адамға қатысты болса оны «сәлем етті» дейді. Үшінші, сәлем етудің тағы бір өзгеше түрі де бар. Егер бір адамның мойны құяң болып, басын бұра алмай қалса, онда ол кербез адамның сыртынан сәлем қылу керек. Халық ұғымы бойынша құяң сонда жазылып кетеді деген сенім болған. Мұндай сәлем қылудың аяғы көңілді күлкіге жалғасып жатады.

Дереккөз: С. Кенжеахметұлы  "Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары" кітабынан. 

 

0 пікір