Түркістан облысы Сауран ауданында құрылыс жұмыстары басталды. Құрылғанына 1 жыл толған ауданда әлеуметтік маңыздағы нысандардың құрылысы жүргізілуде. Мәселен, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған Оранғай ауылында 150 орындық, Жаңа Иқан ауылында 200 орындық мектеп бой көтеруде. Ал, Қосмезгіл елдімекенінде салынып жатқан 300 орындық білім ұясы биыл пайдалануға берілмек.
Аудан орталығы Шорнақта «Әкімшілік-іскерлік орталығының» құрылысын жүргізу үшін 38 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда аудан әкімдігінің құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ, 1 өрт сөндіру депосы, 200 орынға шақталған орталық аурухана, 500 орындық мәдениет үйінің салынуы жоспарлануда.
Айта кетейік, ауданның топографиялық түсірілімімен бірлескен бас жоспарын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде. Бас жоспар аясында аудан орталығына Аша және Қосмезгіл ауылдары біріктіріліп, Шорнақ елдімекені болып аталатын болады.