Ақтөбе қаласында сайлау науқанының қазіргі кезеңі мен қоғамдық-саяси үдерістерге қатысты мәселелер талқыланған сарапшылар кездесуі өтті. Жиын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған SARAP сарапшылар клубыныңкөшпелі отырысы аясында өткізілді. Басқосуда сайлау науқанының аралық нәтижелері сараланып, елдегі қоғамдық-саяси ахуалға қатысты өзекті мәселелер ортаға салынды. Сарапшылар азаматтардың сайлау процесіне қатысу белсенділігіне, ақпараттық кеңістіктегі ахуалға және дауыс беру кезеңіне дайындық жұмыстарына назар аударды.
Кездесудің негізгі бағыттарының бірі – сайлаушылармен тиімді байланыс орнату мәселесі болды. Бұл ретте саяси партиялардың халыққа өз бағдарламалары мен бастамаларын жеткізуі, азаматтардың сұрақтарына жауап беруі және сайлау туралы ақпараттың қолжетімділігін арттырудың маңызы сөз етілді. Сондай-ақ дауыс беру қарсаңында азаматтардың саяси үдеріске қызығушылығын арттыру, сайлаушылардың құқықтық және ақпараттық сауаттылығын күшейту мәселелері талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, сайлау процесінің ашықтығы мен ақпараттың сапасы азаматтардың қоғамдық белсенділігіне тікелей әсер етеді.
Жиынға сарапшылармен қатар ғалымдар, зерттеушілер, азаматтық қоғам және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, сайлау науқанының алдағы кезеңіне қатысты ұсыныстарын білдірді. SARAP сарапшылар клубының мұндай көшпелі отырыстары өңірлердегі қоғамдық-саяси үдерістерді саралап, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Ақтөбедегі кездесу де сайлау процесіне қатысты сараптамалық пікірлерді жинақтап, азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарды ортаға салған маңызды алаң болды.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru