«Байлық көзі – өнер-білімде»
«Байлық көзі – өнер-білімде»
22.09.2017 15:22
481
0

 Ақын Абайдың Жетісуда болғаны тарихтан мәлім. Сол сапар бұл өлкенің әйгілі шешені Ноғайбай алыстан келген Абайды арнайы қонаққа шақырып, Қордайдың Сұлутөріндегі ауылына алып барып, апта бойы ықылас көрсетеді. Елдің құрмет-пейіліне, әсіресе, Ноғайбайдың ақыл-парасатына көңілі толған Абай аттанарда:
«Ноқа, Алатау асқар бел екен, етек-жеңі кең екен. Сұлутөр құтты жер екен. Байлық та, ақындық та ел ішінде жоқ емес, бірақ жастар оқусыз екен. Байлық көзі – өнер-білімде, олай болса балаларды оқыту керек.
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған», – депті.
Сонда Ноғайбай бұл сөзді мақұлдап:
«Абайжан, ел бағына туған ер екенсің, ақылың дария көл екенсің, көпке бірдей күн болып туған ұл екенсің. Бір ауылдың ғана емес, бүкіл ел қамын ойлайтын дана екенсің!» – деп қимастықпен аттандырып салыпты.
Ноғайбай өле-өлгенше: «Шіркін, Абайдың жаратылысы бөлек қой, түпсіз дария, асқан дана ғой!» – деп отырады екен.

0 пікір