Өрік гүлдемеген жыл
Өрік гүлдемеген жыл
13.09.2021 18:54
294
0

Күн жексенбі болатын. Телевизордан концерттік бағдарламаны көріп отырғанмын. Кім бар-ау?-деген дауысты естіп сыртқа шықсам, сырмасы нығыздай сырылған сөмкесін жерге қойып, сабырсыздана күтіп тұрған әйел адам екен.

Алғашынада танымадым. Барлай қарасам, Құдай-ау, бала жастан бірге өскен баяғы Әзиза!

-         Әзизамысың?

-         Ерлан!

Ол әйел адамға тән ептілікпен бетімнен сүйді де: немене танымадың ба, әлде келеді деп ойламадың ба? Балаңды автовокзалда ешкімнен сұрамай-ақ бірден таныдым. Тура өзің! «Газель» айдайды екен. Қайда жүрейін деп тұрсың деп едім ауылға деді. Менде ауылға төркініме бара жатырмын ала кет дедім. Ол осылай деді де маңдай шашын сілкіп тастап еркелей күлді. Және, сені көргім келді деп қосып қойды.

-         Дабырласқан күйі үйге кірдік. Жолдасым шай жабдығымен кіріп-шығып жүр. Бөлмеде екеуміз. Сөйлеуші Әзиза, мен көбінше тыңдаушымын.

-         Сол баяғы ақкөңіл, аңқылдақ мінезінен өзгере қоймапты. Дізесін жастықпен бүркемелеген қалпы сөйлеп отыр. Дене бітімі толысып өзі орта жасар әйелге айналыпты. Оны тыңдай отырып көз алдыма балалық шағымды елестеттім. Біздің ескі жұрт Зағамбарда төрт жылдық бастауыш мектеп болатын. Төбесі қамыспен жабылып, қабырғаларына сызат түссе де жапырайған мектебімізден артық дүниеде мектеп жоқтай көрінетін. Он бір-он екі жасар баламыз. Өз қызығымыз өзімізде, түске дейін оқу болса, түстен кейін ауылдың май топырағын бұрқылдата кешіп ойынға тоймаушы едік. Ол кездің көбелектері қызғылт, көгілдір дақты, қызғалдақтары қанқызыл, ерекше құлпыра гүлдейтін. Аспаны шымқай көк, күні қазіргіден жарық, әлде біздің бала қиялымызда солай ма жай ескен самалының өзі анамыздың маңдайдан сипағаннан артық сезімге бөлейтін.

-         Түйірпектердің қалқыған гүлдері ше? Күн нұрына шағылып мың-сан күміс тиын ұшып жүргендей.

-         Ерлан, шайың суып қалды ғой!

Ойымды жинақтасам Әзиза маған күле қарап отыр.

-         Жай әншейін, айта бер дедім.

Ол сөзін жалғай түсті.

-         Күнделікті күйбен тірлік таусылған ба, сені де көрсем деп жүргенмін. Балаларды оқуға түсіріп... Ақберді екеуміз... бірін естісем, бірін есітпеймін. Басымды изеген қалпы тағыда өткенге беріліп кеттім. Осы Әзиза есепке жүйрік, еті тірі пысық қыз еді. Сейділ ағайымыз бір қолында кітап, екінші қолын сықырлауық ескі столға тірей оқи жөнеледі:

«А қаласы мен Б қаласынан бір-біріне қарама-қарсы екі пойыз шықты. Екеуі де 30 мүйнеттен жол жүрді. Біріншісінің жылдамдығы сағатына алпыс шақырым, ал екіншісінің...

-         Кәне, кім йтады»?

Клас іші жым-жырт. Дем алғаның естіледі. Бәріміз рушкеміздің сабын тістелеген күйі артқы жаққа қараймыз. Екінші қатардағы соңғы партада Әзиза отырады. Әне, ол қол көтерді.

екі қаланың ара қашықтығын табу үшін бірінші пойыз пен екінші пойыздың жүрген уақытын...

-         Дұрыс! Отыра ғой. Асқарбекова бес! Мен есепке жоқ едім. Есесіне сурет салу, әдебиет пәнінен басымдығымды іштей сезетінмін. Қолымен нан уақтарын сипалай терген Әзиза дамылсыз сөйлеп отыр.

-         Бірінші баламызды үйлендіріп, екінші баламыз юридическиді бітірген соң ...

-         А-а, йя жақсы болған екен.

Сағым жылдар! Соғыстан кейінгі ел еңсесін жия бастаған кез екен. Қолдан сырған қара шапанмен тік жолақ матадан тіккен қол сөмке біз үшін жарты байлық. Жамаулы шалбар, қонышы үйкей тесілген керзі етік киудің ол кезде пәлендей сөкеттігі болмайтын.

Қазіргідей шарикті ручка қайда! Баяғының ручкасына он бірінші нөмірлі перо кигізіп арнайы сия сауытқа батырып жазатынбыз.

         Бұзықтау едім. Рустембек екеуміз чапай болып ручкамен «қылыштасып» санына ручка тығып алғаным бар. Рустембек екі сабақ бойына жылаған. Қазір айтсаң не дер екен, ол да бір мекеменің дыңдай бастығы. Екеумізді сонда осы Әзиза татуластырған. Қай жылдар еді? Одан кейін не болды? Қайда барып оқып едік? Ия, есіме түсті. Он жылдық болмаған соң мен аудан орталығына, бұлар көрші селоға барып оқыған.

-         Өзіңнің қанша бала –шағаң бар?

Оқуға түскені бар ма? Әй, Ерлан саған не болды, тіпті ойға беріліп кетіпсің ғой.

Мен басымды көтердім. Сұрақтың маған арналып қойылғанын кеш байқадым.

-         Ия, тыңдап отырмын! Қысыла күлдім.

-         Ой-бу! Ұмытып кетіппін. Ол сөмкесін аша бастады.

-         Баларға деп базардан онша-мұнша алып едім, Мә! немерелеріңе берші... деген ол орама, жылтыр қағазға оралған конфеттер мен шоколадтарды стол үстіне төгіп тастады.

Жолдасым шайды жаңалап, ыссылап әкелді.

-. Әй, кемпіріңе отыр десе-ей, бізбен бірге шай ішсін.

Қазір, мен тездетіп жеңіл-желпі бір нәрсе жасап жіберейін, келіндер үйде жоқ еді, деген Ханбибі ас қамымен қайта сыртқа шығып кетті.

Ия, олар көрші селоға барып оқып еді. Бұрынғыдай емес, бозбала мен бойжеткен сәнін құра бастағандаймыз. Әлдеқалай кездесе қалсақ анау қайда, мынау не істеп жүр. Кімнің туған күні қашан? Сұрасып тұрып аламыз. Сондағы жаныма жақын тұтып сырласатыным, осы Әзиза. Бұл да кекіл шашын сілкіп қойып әңгіме айтудан жалықпайтын.

23-февраль ғой біз үшін үлкен мейрам. Қыздар жағы: «Оқуда озат, отанға адал қызмет ететін азамат болуыңа тілектеспін! » деген открыткамен құттықтап жатса, біз балалар «8-март халықаралық қыз-келіншектер мейрамы құтты болсын. Оқуда озат, аңсаған арманыңа жет!» деп, қайтарып жататынбыз. Оныншыны бітіретін жылы қаладан көрші селоға қайта келдім. Енді бәріміз бірге оқимыз. Қаладан келді деген атым бар. Сабағым жақсы.

     Қабырға газетін шығарып, көркемдеп әрлеу менің мойнымда. Интернат мектепке жақын болған соң, сонда жатып оқитын кластастар түс қайта жиналамыз. Бірауыз бәріміз қосылып ән айтушы едік:

Достар, достар жүрсің қайда,

Бірге еді ғой жанымыз...

Бұл сол кезде жерге түспейтін ән еді.

-         Маржан сәлем айтып жатыр. Сені сұрап тұрады деді Әзиза сөз арасында.

-         Қайсы Маржан?

-         Баяғы қыз ше, бізден бір клас төмен оқыған.

-         Оны қайдан білесің?

-         Біз жаққа тұрмысқа шыққан. Көрсең танымайсың. Өзі мектепте завуч. Күйеуі мынадай. Құшағын ашып көрсетті. Араласып тұрамыз! Көрші ауданнан ауысып келген Маржан дейтін пысықай қара торы қыз болатын.Сол ғой айтып отырғаны.

Оныншыны бітіретін жылы ұмытпасап төртінші сабақ тарих еді. Сабақ үстіне әдебиет пәнінің мұғалімі Базарбаев ағай кіріп келіп:

-         Ерлан саған үлкен тапсырма Б.Майлиннің өмірімен творчествосы туралы баяндама жасайсың, «екі тоғыз», «екі онның» оқушылары түгел қатысады. Соңы биге ұласады. Байқа, ұятқа қалдырма!-деді.

Мұндай сенім екінің біріне бұйыра бермейді. Шамам келгенше дайындалдым. Айтылған күні кешке бүткіл оқушылардың алдында баяндамамды оқып бердім. Жаман шықпаған секілді. Ду қол шапалақ. Тап бір ғылыми еңбек қорғағандай  аптығым басылар емес. Алдымен Базарбаев оған рахмет айтты да, сонан соң осы Әзиза қолымды алып: Құттықтаймын! Мен бұлай шығады деп ойламап едім деді.

-         Қалай шығады деп едің?

-         Білмеймін. Әйтеуір тезірек бітсе екен деп дірілдеп тұрдым, деді. Ай жарық болатын. Сол күні бәріміз ауылға бірге қайттық. Қайран уақыт-ай!

-         Айтпақшы Дүйсен не болды. Екінші әйелімен тұрып жатыр ма? Былтыр бір көріп едім... Қалаға көшіп кеткен. Алдыңғы әйелімен тұзы жараспады білем.

-         Әсел, Ажар ше, олардан хабарың бар ма?

-         Ажарды Түлкібас жаққа тұрмысқа шықты деп естігем. Сонан бері хабарсызбын. Әзиза алдыңдағы кесеге қол созды. Ия, сол жылы бәріміз бақытты басынан ұстардай алдымыз Алматы, соңымыз Шымкентке арман қуып кеткенбіз. Алматы асқандардың бірі өзім. Арманым «журфак» болғанымен түсе алмайтынымды бірден сездім. Ол кезде журфак еліміз бойынша  біреу-ақ КазГУ-де! Конкурс дегенің айтуға қорқынышты. Екі жыл еңбек өтілің болмаса бұл үлкен кемшілік. Құжатымды малдәрігерлік институты АЗВИ-ге тапсырдым. Таңдаудың қате болғанын кеш түсініп, ақыры екінші курстың басында тастап шықтым. Ауылда әңгіме әртүрлі өрбіді.

-          Бұзылып кетіпті!-деді.

-         Үлгере алмайпты дегендер де болды.

Кімнің аузына қақпақ қоярсың ақыры армияға кеттім.

-         Балалардың оқу бітіргені бар ма?

-         А, немене ...?

-         Балалардың оқу бітіргені бар ма деймін.

Бір жерің ауырып отырма түсің бұзылып кетіпті ғой?

-         Жоқ ә, Құдай сақтасын! Азырақ ойым бөлініп кетіп...

Әзиза, тамақ алып отырсаңшы дедім де алдағы асқа қол создым.

Ия армия ауыл емес. Алғашқы жылы ауылдың жаңалығын Әзизаның жазған хаттарынан  біліп тұрдым. Келер жылы кілт тиылды. Оның Сарыағаш жаққа тұрмысқа шыққанын білдім. Ол жігітті сырттай танитынмын. Ауылға жиен болып келетін. Артық сөзі жоқ, бір тоға, аты Ақберді болатын.

-         Болды іштім.

Әзиза басын иығына қисайта, қолымен кесенің бетін жаба столдың шетіне сырғытып қойды. Сөмкесінің бауынан ұстап әй, Ерлан-ай, балалар өскенде қиын екен.  Шал екеуміз: бәріңді бақтық, қақтық, үйлендірдік. Жас болса келіп қалды, қайта тапқандарың болса біздің қолымызға салыңдар деп отырамыз деді. Сүйтті де олар бір жаққа апарады дейсің бе, біздікі әншейін көңіл тоқтық базына ғой деп күлді.

-         Ақыр қыдырған соң шалыңды ерте келмедің бе?

-         Әй, сол қыдыруға жоқ-ай! Оны-мұнысын шұқылап балларының қасынан шықпайды.

-         Қайдағы шықпаған. Жол ақысын үнемдейін дегенсің де! Шал саған емес, сен оған бастық болғанға ұқсайсың деп бұл жолы мен күлдім. Әзілімнің түрі.

-         Ой-бу, сағат қанша болды?

Төркінім естісе үйге кірмей тура кластасына өтіп кеткені несі деп ойлар. Ол тұруға ыңғайланды.

-         Отырмадың ба?

-         Мұнан артық отыру бола ма.

-         Қашан қайтасың?

-         Бір-екі күн болатын шығармын.

-         Шалыңа сәлем айт!

Ол маған тіктеп қарады. Бір нәрсе айтқысы келді бірақ айта алмады. Келгендегідей арқамнан қағып бетімнен сүйді.Жанарыңнан жас аңғардым. Бір сәт көңілім босады да бойымды тез жинап ала қойдым. Әзиза бізбен қимай қоштасты. Ұзай бере артына бұрылып:

-         Әй-й! Жолдарың түссе барып тұрыңдар-р-р деді. Даусынан діріл білінді. Мен қолымды бұлғадым.

 

***

-         Әзиза қайтыс болыпты!

-         Қашан?

-         Біраз болғанға ұқсайды.

Айналам ауыр тартып тереңде бір нәрсе «шым» ете қалды. Тынысымды тарылтқан өкініштің әсері бойыма тарап бірте-бірте жайыла бастады. Айтқан адамды жек көріп кеттім.

-         Сонда қалай, ауырып па?

-         Шай үстінде бірден үзіліп, жан тапсырыпты!

Өткен күндер тез айналған таспадай көз алдымнан өте берді.

Қайран Әзиза! Анау күні келгенде әңгімелесіп неге көбірек отырмадым екен. Не айтқысы келді? Айта алмағаны жанарынан сезіліп тұрып еді-ау. Менің ауыр науқасқа ұшырап бір аяғымның протезге ауысқанын білмеді дейсің бе? Білді! Көрді.

         Бекзаттығы сол түк болмағандай бұрынғыдай көріп әңгімелескісі келді. Солай етті де. Әйелде болса өзінің асылдығы мен рухының жоғары екенін көрсетіп алдымды орап кетті.

         Айтушылардың сөзіне қарағанда сол жолы жекжат-жұрат, көңіл жетер тамыр-таныстарын аралап шығыпты. Артынша күйеуі Ақберді де дүние салыпты. Құдыретке қалайша таң қалмайсыз. Әлде адамзатқа берілген Жаратушының соңғы мүмкіндігі осы ма?

         Сол жылдың көктемі өзгеше болды. Табиғат ана күздің күніне ұқсап, наурыз бен сәуір айында дарақ біткенде қысқаштай қысып тұрып алды.Өмірімде өріктің гүлдемегенін бірінші көрдім. Сол жылы өрік гүлдемеген жыл болды. Әзиза мен табиғат ананың арасынан ұқсастық тапқандаймын.

         Тыраулаған көктем құстары да көңілімді көтере алмады.

         Бақыл бол, қайран Әзиза! Орындыққа отырып ауыр ойға берілдім.

 

Ералхан Жылқыайдарұлы.

 

0 пікір