Қазақ халқының мәдени қалыптасуында сақтардың рөлі
Қазақ халқының мәдени қалыптасуында сақтардың рөлі
12.09.2017 14:44
457
0

 Қазақ халқын негізін құраған, халық болып қалыптасуына, мәдени-рухани жаңғыруына жол салған тайпа, ұлыстардың арасында сақтар мен ғұндардың орны бөлек. Сақтар туралы айтқанда оның қазақ атауының шығуына да, әсерін тигізгені көптеген еңбектерде көңілге қонымды келтіріледі. Мәселен тарихшы Мұсатай Ақынжанов “Қазақтың тегі туралы” деген еңбегінде “Қазақтар – түрік, моңғол тектес халқының екі бұтағынан (ғұн мен сақ) құралған ежелгі халық» дей отыра, қазақ деген сөз “қас” (нағыз) “сақ” (сақ тайпасы) деген сөздердің қосылуынан шыққан деген болжам айтады.
 Сақтар әулеті біздің заманымызға дейінгі ҮІІ ғасырда тарих аясына шығып, біздің заманымыздың ІІ – ғасырына дейін өмір сүрген. Оның іргесін қалап шаңырағын көтерген Алып Ер Тұнға (Афрасияб), жайлаған жері, мекен-тұрағы Орта Азияның бүгінгі байтақ Қазақстанның далалары Шығыс Түркістан өңірі болды. Оның шаруашылық-мәдени типінің негізі көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылық болды. Негізінен, қой, түйе, жылқы және ірі қара өсірген көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан сақтар Батыс және Орталық Қазақстан жерлерінде, шөл және шөлейт далаларда жыл бойы көшіп жүріп мал, жан бағып күнелтіс етті. Тянь-Шань, Алтай тауларының баурайы, Жетісу, Шығыс Қазақстанның таулы-орманды, ашық-жазық алқаптарын мекендеген жартылай көшпелі шаруашылықпен айналысатын сақтар малдарын қыста тұрақты қора жайларда, жазда жайлауда ұстады. Малдың қора-жайларына жақын жерге ағаштан қиып, тастан қалап жылы тұрғын үйлер салып, өздері сонда тұрды. Отырықшы болып мал ұстап, егіншілік-диқаншылықпен айналысқан сақтар табиғи су қорлары мол, шабындық жайылымдық алқаптары көп Оңтүстік Қазақстан жерін, Сырдария, Шу, Талас, Арыс өзендерінің бойын мекен етті.

0 пікір