Сіздің бір сыйласты кісіге қарыз беріп өндіре алмаған кезіңіз болды ма? осы тақырыптағы әңгімені бұрында да еститінмін. Бірақ менің басыма келер деп кім ойлаған. Сонымен қарыз ақша туралы. Жұрт оны Әбілқасым деп атайтын. Мен қалыптасқан сыйластық бойынша «Әбеке» дей берейін.
Әбекең базардағы аяқ-киім жеке дүкенінде сатушы болып істейтінде мен оған тауар айналымына азырақ ақша бере қойдым. «Жоқ» - десем де болар еді, пәлен пайыз өсіммен қайтарамын деп қиылған соң не амалым бар. Алуын алды ғой! Қайсыбір пенделердей қарыз бере салып, он күн өтпей жетіп баруды ыңғайсыз санадым да ақшамды екі ай өткен соң сұрадым. Қарызымды өндіре алмадым. Уағдамыз болса баяғыда өтіп кеткен. Араға ай салып және бардым. «Мә» - деген адам болмады. Өзі ісі кері кетерін сезген соң адамдардың дызақтан сұрауын үдете беретіні секілді, менде апта сайын, күн санап баруымды жиілете түстім. Тіпті смс жіберіп, дүкенге барған кісілерден Әбекеңде қарызым бар еді, мүмкін болса соны ескерте салыңызшы деп өтінген де кездерім болды.
Алайда Әбекеңді сыйлап мен қашанғы жүрейін. Кісі қысылғанда түрлі амалдарға баратынын білсіздер. Мен енді ақша сұраудың басқа тәсіліне көше қойдым. Таныстарым кездесе қалса дүкен алдына ертіп барып қарыз ақша туралы әңгімелейтінді шығардым. Жәнеде мұны қаттырақ айтуға тырысатынмын. Әбекең естісе екен деймін де...
Менің жайым тіптен қызық! Жәкен-деген досым базарда кеңсе тауарларын сатушы боп істейтін. Бейшараны орындық-жаймасымен аяқ-киім дүкенінің алдына әкеліп отырғыза қойдым ғой. Сөйлескенге желеу болсын деймінде.
Сосын екеуміз күн ұзаққа газет, саясат кейбір елдердің күнкөріс деңгейінің төмендігі жайлы сырласа келіп, мен бәрібір әңгімені қарыз ақшаға әкеліп тірей қоятынмын.
Кейде бет алды дауыстап: Ай, жігітім қарызымды қашан қайтарасың?- депте айқайлатынмын. Бұл енді ақшамды сұраған түрім ғой. әбекең естісе екен деймін дә!
Өзім сұрауға ұялып дүкен алдына кімдерді әкеліп құлаққағыс қылмады дейсіз:
Шеттерін өрнектеп, дөңгелек-дөңгелек нан сатушы жылмаң әйелдерменде, қақпа алдында босқа тұрып, жөн сұрай қалсаң маңғаздана қалатын базар талоншысыменде, тіптіі тікенек мұрт арба итерушілерменде сұқбаттас болуыма тура келді емес пе?
Сыйластарым, менің бірді-екілі дүкен алдында тұрғанымды көрген соң:
- Жай жүрсіз бе? – деп те сұрайтын болды. Әншейінде бас изесіп өте шығатынбыз. Желеу ғой! Құдай-ау, ертелі-кеш дүкен алдында менімен кімнің сырласа бергісі келеді дейсіз. Сыйластарым:
- Асығыс едім десе, «бір минут тыңдаңызшы!» - деп, «пәлен жерге барушы едім» десе, Сіз Сәдібектің құдалығы туралы не білесіз? Сәкеннің Мәкеңе істеген қылықтары тіптен адамгершілікке жатпайды. Осыда құда күту ме? «Ұят қой!» - деп зуылдай жөнелетінмін. Құдалық десе құлағын тоса қоятын бауырларымның сыры өзіме мәлім дә! Ал, енді қарыз ақша туралы жарапазанды заулата бер. Мұның бәрін мен босқа ұйымдастырмаймын. Борышкерім естісе екен деймін.
Алайда адамдардың арасында турасын сөйлейтін өр мінезді азаматтарда бар. Олар маған: Сіз неменесіне күнделікті сызылып жүрсіз? Ол итіңізге қарызымды қайтар деп, неге айтпайсыз? Доңыз болмаса өзі-ақ беру керек еді деп, кеңес беретін болды.
Масқара-ай! Мұндай ұялшақ қыз мінезді болармын ба? Жанашыр сөздердің ішінен мақұлыққа теңеген жерін Әбекең естіп қоймаса жарар еді деп қиналатынмын. Сыйлаймын ғой! Мұны қараңыз: Енді менің дүкен алдында неліктен тұратынымды біліп алған таныстарымды біліп алған таныстарым алдымнан жымыңдасып өтетінді шығарды. Осы да мінез бе? Табалау ғой бұл! Олардың болмашыға ыржыңдай кететін әдетін өзімде білемін. Осы көріністен кейін мен сандалуды қойып қарызымды үйде күтетін болдым. Алайда әлі күнге борышкерімнің төбесі көрінер емес. «Мұндай болса қарызы өсімімен қоса құрысын!» деп қапаландым. Сыйлас кісілерге сенуге болмас...
Е. Жылқыайдар