Ер Жәнібек: Хан екі айтса, қадірі кетеді, қара екі айтса, ары кетеді
Ер Жәнібек: Хан екі айтса, қадірі кетеді, қара екі айтса, ары кетеді
25.11.2020 17:19
801
0

  Жәнібек – жоңғар шапқыншылығы тұсында атағы шығып, абыройы аспандаған батырлардың бірі. Оның ерлік өнегесі, ақпа-төкпе шешендігі, билігі мен бірлігі жайлы ел аузында қалған аңыз аз емес. Халық оны «Ер Жәнібек» деп әспеттеген.

  Абылай жоңғар шапқыншыларымен соғысып жүргенде, он сегіз жасар Жәнібек қолды артынан қуа келеді. Келсе, қазақтар бытырап, аты барлыққан Абылайға шапқыншылар жақындап қалған екен. Жәнібек атынан түсіп, астындағы көк дөненін ханға көлденең тартады. - Қарағым – ай өзің қайтесің? –дейді Абылай. - Сіз қолға түссеңіз, ел басшысыз қалар, мен қолға түссем, қазақтың бір әйелі ұл табар,- дейді жігіт.

  Абылай тың атқа мініп, қуғыншылардан құтылып кетеді. Бір қалмақ батырының атын аударып мініп, қоршаудан Жәнібек те аман шығады. - Бала, ат бергеннен сөз бергенің асты ғой, осы жолғы олжаның басы сенікі. Кәне, менен бір қалағаныңды алшы, - дейді хан Жәнібекті ұрыстан кейін тауып алып.

  Абылай екі айтқанда үндемей, үшінші айтқанда Жәнібек: - Тақсыр, бір басыма жетерлік дәулетім бар, оң тізеңізден орын берсеңіз болады, - дейді. - Батырға орын бер, мана не сұраса да бір тілегін беремін деген уәдем бар еді,-дейді Абылай оң жағында отырған биіне. Би бір айтқанға орнынан қозғала қоймай, екі айқанда Жәнібекке ала көзімен қарап:

  - Әкең алдына қойған асты жөндеп іше алмайтын атаның аяғы еді. Саған хан қасында не бар, атқосшы болсаң да жетпей ме? – дейді.

  - Жақсының жанына арашашы болдың ба, жаманның малына қорғаншы болдың ба? Екі ауыз ескі сөз білдім деп, хан қасында отыруға сенің нең лайық?

  - Хан екі айтса, қадір кетеді, қара екі айтса, ары кетеді. Бір құшақ қу ағаштан бір оқтық қайың шығады. Әкем жаман болса, сондай-ақ болар, былай тұр, - деп, биді қолынан ұстап тұрғызып жіберіп, ханның оң жағынан орын алады. Жігіт содан бастап белгілі батыр, билермен басқыншыларға қарсы қол бастап, жорықтарға қатысады, «Ер Жәнібек» атанады.

Сұрақ, шағым, арыздар бойынша бізге хабарласыңыз: 
Сілтеме: Адалдық үшін бірге күресетін боламыз!  


 ҰҚСАС ТАҚЫРЫПТАР:

1. «Құлдық сана әлі бар. Бәрі бастық болғысы келеді»
2. Сенен сездім Бақытымның бастауын
3. Бақ кімге қонады?
4. Қазақ хандығының құрылуы
5. «Ер түгіл, еркек деуге аузым бармас...»

 

0 пікір