«Ер түгіл, еркек деуге аузым бармас...»
«Ер түгіл, еркек деуге аузым бармас...»
27.09.2017 16:21
431
0

Абайдың замандасы Көкбай ақынның жақсы атқа жаны құмар болса керек. Бірде орайы келіп, ел ішінде ауызға іліккен Көкбесті дейтін атты бір түйе, екі бестіге айырбастап алады да, олжасын ақындардың ұстазы Абайға көрсетуге келеді. Ат жалының буы бар, оған, ақындық шалымы қосылған Көкбай: «Ассалаумағаләкум, Абай ақын,
Алдыңнан өнеге алдық талай ақын.
Бір түйе, екі бесті беріп алдым,
Мінуге алшаңдатып қалай атым?» » десе, Абай: «Мақтанға жарып-ақ қалдық емес пе!» – деп қасындағыларға қарап күліпті.
Сонда Абайдың жанында отырған Біралы ақын:
«Қанат жоқ ер жігітке аттан басқа,
Өнер жоқ жазу-сызу хаттан басқа.
Ат жақсы, алған жары жақсы болса,
Жігітті ол қояр мақтанбасқа», – депті.
Осы кезде Абай қисынды сөзге ден қойып: «Ендеше Көкбай жоғары шықсын. Ал, мынау отырған Сүлеймен деген жігіт, осы ауылға арық атын жаяу жетелеп келіп отыр. Әңгіме ат туралы болған соң, мұны да құр қалдырмай, бірдеңе десең жарар еді», – дейді.
Сонда Біралы іркілместен:
«Жігітті кім таниды жүрмеген соң,
Атағын ауыл-елі білмеген соң.
Ер түгіл, еркек деуге аузым бармас,
Бір тайды үркек қылып мінбеген соң», – деген екен.

0 пікір