Абыроймен зейнетке шығу бір бақыт
Абыроймен зейнетке шығу бір бақыт
21.08.2020 14:33
699
0

Қазақстанның экономикалық дамып, замана көшіне ілесуіне темір жол көлігінің маңызы орасан. Аса жауапкершілік пен еңбекті талап ететін кәсіптің артында қаншама адамның маңдай тері тұрғаны анық. Саналы ғұмырын осы саланың өсіп-өркендеуіне арнағандардың бірі- Алтынбек Айтбайұлы Дербишев. Еңбек жолын Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылдық округінде қатардағы қосалқы станция кезекшісі болып бастаған ол адал еңбегінің арқасында басшылық қызметке келіп, Темір жол саласында қалтқысыз еңбек етті. Елдің әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосты. Небір қилы кезеңде уақытпен санаспай, міндетіне деген адалдығын талай рет дәлелдеген арда азамат бүгінде сол бейнеттің зейнетін көруде.  Кәсібилік пен адам бойындағы ізгі қасиеттерді өз бойына шебер ұштастыра білген еңбек адамынан сұхбат алған болатынбыз.  Пікірін бүкпесіз жеткізіп, көркем ойларын ортаға салды.

 

      – Алтынбек Айтбайұлы, ең алдымен өмір жолыңызға тоқталсаңыз. Қай өңірдің тумасысыз? Темір жол саласына қай уақытта келдіңіз? Бұл кәсіпке келуіңізге не түрткі болды?

– Мен 1952 жылы 10 қыркүйекте Қызылорда облысы Қазалы ауданы Тартоғай аулында дүниеге келдім.  1961 жылы мектепке барып, 70 жылы орта білімімді тәмамдадым. Сол жылы Отан алдындағы парызымды өтеу мақсатында әскерге аттандым. 1972 жылы елге оралып, Қызылорда облысындағы Ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түстім. Оны бітіріп,  жолдамамен қостанай облысы қамысты ауданы Бестөбе ауылына жұмысқа бардым. Бастапқыда қатардағы дәрігер, содан соң бас дәрігер болдым. Келісім-шарт аяқталған соң ауылға қайта келдім.  Мұнда мал шаруашылығы саласында қызмет атқардым. 1977 жылы Тартоғай темір жол станциясында қосалқы станция кезекшісі болып жұмыс істедім. Сол жылы оқуға түстім. 1980 жылы оқуды бітірген соң Сұлутөбе темір жол станциясына басшылық қызметке тағайындалдым.  Осы уақыттан 1991 жылға дейін сол жерде қызмет еттім.  1991 жылы отбасылық жағдайыма байланысты Тартоғай аулына қайта көшіп келдім.  Мұнда мал дәрігер, ауыл шауашылығы саласында директордың орынбасары, директор міндеттерін атқардым. 1997 жылы Сұлутөбе станциясына қайта темір жол станциясының басшысы қызметіне тағайындалдым. Мұнда 18 жыл қызмет етіп, зейнетке шықтым. Темір жол саласына келуіме әкем түрткі болды. Себебі менің әкем Дербишев Айтбай да осы салада қызмет етті. Әке көрген оқ жанар демекші менің бұл кәсіпте жемісті еңбек етуімнің сыры осыда. Бүгінде менің інім, ағамның баласы перзенттерім де темір жолда қызмет атқарып жүр.

      – Сіз басшысылық қызметке келген тұста заман қандай еді. Бұл кәсіптің ахуалы қалай болды?

      –Мен қызметке келген тұста Кеңес үкіметі кезеңі болатын. Үлкен кісілердің айтуы бойынша, қазіргі темір жол вокзалының ғимараты  1907 жылы іске қосылған. Сол жылы Орынбор темір жолы болып бекітілген. Араға жылдар салып ауыл азаматтарының демеушілігімен,  №25 электр жүйесі ұжымының көмегімен күрделі жөндеуден өтті. Жыл сайын сырлап, сылап-сипап отырғанның арқасында ескі ғимарат әлі сынын бермеді. 2004 жылы ауыл жылы болды. Сол кезде мұнда біраз оңды өзгерістер болды. Ауылдан шыққан Ермек Төлегенов деген азамат Нұрсұлтан қаласында басшылық қызметте. Сол кісінің ықпалымен жаңа темір жол вокзалының ғимараты бой көтерді.

      – Бала тәрбиесіне деген көзқарасыңыз? Бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

      – Ата-ана ешқашан өз баласына жамандық тілемейді. Балам жаман болсын демейді. Бірақ, әркімнің бала тәрбиесінде өз қағидасы бар. Біреулер балаға еркіндік беру қажет деп есептейді. Дегенмен, балаға бағыт-бағдар беріп отыру қажет деп ойлаймын. Бала оң солын танымай оны өз дегенімен жүргізе беруге болмайды. Ненің жақсы, ненің жаман екенін есие келе өзі де аңғарады. Оған дейін ақыл-кеңесін аямай, дұрыс жолды көрсетуге ата-ана міндетті.  Олардың шешімін де құрметпен қарау керек. Себебі, кейін де ата-анаға да сеніп қалмау керек. Таразының басын тең ұстау қажет. Бүгінгі бала-ертеңгі ұлт тұтқасы. Оларға тұлға ретінде қарап үлкен өмірге бейімдеу қажет деп есептеймін.

 

       –       Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

       – Өмірлік ұстанымым-адалдық. Барлық ізгі қасиеттердің бастауы адалдықтан басталады. Өз кәсібіңе деген адалдық, досқа-жаранға, ішіп отқан асыңа дейін адалдық керек. Сонда ісің берекелі болады. Үлкен кішіге қамқор, кіші үлкенге құрметпен қарау қажет. Шыншыл болу керек. Айтқан сөзде тұру да маңызды деп есептеймін. Өмірліқ ұстанымым осы. Өзімнен кейінгілерге де айтарым осы.

 

         – Отбасылық құндылықты қалай түсінесіз? Өз жанұяңыз жайлы айтсаңыз. Қанша перзентіңіз бар?

         1977 жылы жұбайым Ұлбаршын Үсенбекқызы екеуміз отау құрдық. Содан бері қуаныш пен қайғыны қатар бөлісіп келе жатырмыз. Құдайдың берген төрт перзенті бар. Барлығы жоғары білімді. Қазіргі таңда екеуі темір жол саласында, қалған екеуі құқық қорғау және құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Үш келінім бар. Олар дәрігер, мұғалім, мәдениет саласында қызмет етеді. Бүгінде сол ұрпақтарымнан тараған немерелерімнің қызығына тоймай жүрміз. Солардың тілеуін тілеп, қуанышына ортақ болып жүрміз. Нағыз бақыт осы шығар? Ал, отбасылық құндылық өзара сыйластықта деп білемін. Мінезсіз, мінсіз адам болмайды. Жұбайлар осылай бір-бірінің ыстық-суығына төзе білу керек. Әйел әрдайым бір саты төмен тұруы қажет. Сонда ғана бақытты отбасы құралады.  Ұлылылық- кішілікте.

          –Зейнетке шыққаныңызға 5 жылға жуықтады. 40 жыл қызметте болған адам күнделікті өмірге қалай үйреністі. Қазір немен айналысып жатырсыз?

          –Абыроймен зейнетке шығудың өзі бір бақыт. Бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Соған шүкіршілік етемін. Адам қария жасқа жеткен соң қызметті жастарға беру керек. Ендігіде артыңнан ерген немере-шөбереге өнеге айтқанның өзі бір ғанибет.Зейнеттегі адам не істейді?  Менің немерелерден өзге ермегім есік алды. Сондағы кішігір бау-бақша, қора жай. Көрші-қолаң, ауылдағы көршілердің  қызығы мен қуанышына ортақ болып өмір сүріп келеміз.

 

          ӘРІПТЕСТЕРІНЕН ӘЛІ КЕҢЕСІН АЯМАЙДЫ

          Алтынбек Айтбайұлы зейнетке шыққанына 5 жылдан асса да, әріптестерінен әлі де ақылын аяған емес. Талай жыл бірге қызмет еткен еңбектес достары ол білікті маман ғана емес, жанашыр дос, түсінігі жоғары азамат болатын деп сыйластық пен қимастықпен еске алады. Дегенмен, әлі де арадағы байланыс үзілмеген.

 

            Гүлмира Жақбасбаева, Темір жол саласының қызметкері:

 

         –Мен 1990 жылы Сұлутөбе станциясына жұмысқа келдім. Содан бері 30 жыл өтті. Алтынбек ағамен өткен әрбір күн қызықты болатын. Ол біздің жұмыстағы екінші әкеміз сияқты. Айта берсек, ерекше қасиеттері өте көп. Айналасындағы ұжымдастарына өз білгенін үйретуден жалыққан емес. Қазір ағамыздың үйреткен істері, айтқан ақылдары кәдемізге жарап отыр. Қызметтестерінің арасында сыйлы. Ұзақ жылдар бір салада қызмет еткендіктен зейнетке де қимай жібердік. Бір үйдің адамындай тату еңбек еттік.

 

             –Қонысбай Сейтқали, Темір жол саласының қызметкері:

 

–1982 жылдан бері осында қызмет етмін. Алтынбек ағамен бірге талай қызықты, жемісті сәттердің куәсі болдық. Ол кісі жақсы басшы ғана емес, айналасындағы қызметкерлерге бауырындай қарайтын. Қамқор азамат. Қазіргі таңда вагон қараушысы қызметін атқарамын.

     

           –Марат Тұрманов, Темір жол саласының қызметкері:

 

       –Мен бұл жерде механик болып 2003 жылдан бері жұмыс істеймін. Алтынбек Айтбайұлымен 12 жыл бірге қызмет атқардым. Қазіргі таңда бұл кісі зейнетке шықса да, біз әлі де хабарласып, ақыл-кеңесін сұрап тұрамыз. Ешқашан ақылын аяған емес.

Түйін: Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей. Ғұмырын ғиратқа толтырып, тынымсыз тірлікпен өсіп-өнген азаматтың жүрген жолы келер ұрпаққа өнеге. Орамды ойлары, бала тәрбиесі мен еңбек жолындағы адалдығы көпке үлгі болар деген сенімдеміз.

 

Д. Өмірзақ

0 пікір