ӘКІМІҢ КІМ: ұлық па, былық па?
ӘКІМІҢ КІМ: ұлық па, былық па?
31.10.2020 13:09
449
0

    Сайрам ауданында орын алып жатқан түрлі заңбұзушылықтар мен лауазымды тұлғалардың теріс іс-әрекеттері, қарапайым халықтың көмек сұрап, жанұшыра әділдік іздесе де ақиқатқа қолдары жетпей жататындығы, қара қылды қақ жарар деп сенім артқан құзырлы органдардың қарекетсіздігі, аудан әкімінің тиісті шара көре алмай,  дәрменсіздік танытатындығы жөнінде газетімізде қаншама сын материалдар жарық көрсе де, әлі күнге шежірелі ауданның шері тарқар емес. Неге? Нақты мысалдармен дәлелдеп берсек те, ұрыларды желкелеп алдарына апарсақ та, сытылып кете беретіндей сайрамдық шенеуніктердің не сыйқыры барын білмей-ақ қойдық. Міне, қолымызға тағы бір хат келіп түсті. Автор да біздің айтқанымызды айқындай түсетіндей нақты фактілерге жүгініпті. Егер рас болса, осыншама масқаралыққа көз жұма қарап отырған аудан әкімі мен құқық қорғау органдарына қарапайым халықтың неге сенбейтіндеріне көз жеткізгендей боламыз. Нүкте, үтіріне дейін өзгертусіз берілген мақаланы оқыған кез-келген оқырман сайрамдықтарға аянышпен қарары анық. 10 соттық жерге қолдары жетпей жүрген қарапайым халықтың несібесін жең ұшынан оңды-солды таратқан шенділерге деген жеккөрініш пайда болып, билік пен халықтың арасы осылай алшақтайды. Мұны халық үшін қызмет етушілердің қастығы демегенде, не дейміз?

   Әкімдерді  халыққа жаман  атты етіп жүрген олардың  лауазымдары  емес, өздерінің  көлденең  табысқа бейім тұратын ашқарақ мінез-құлықтары. Адамгершілігі зор,  біреудің ала жібін аттамайтын бұрынғы Сайрам ауданының әкімі  Қуаныш Айтахановты  халық о бастан  сыйлаған.  Ол азамат ретінде  дара тұлғасымен, ел мақтан  ететін білімімен,  арқа тұтатын айбарлы  мінезімен,  ұлтым деген жанқиярлық  ерліктерімен  аты ауданда  аңызға айналмап па еді? Қазіргі Әкім Ұласбек  Сәдібековтен  не күтуге болады?

Елбасы Н.Назарбаев  Астанадағы алқалы жиында  Оңтүстіктің білім саласындағы  парақорлықтың  асқынып кеткені соншалықты, директорлардың еден жуушыны да  жұмысқа парамен қабылдайтынын  мысалға келтірген. Экс-Президент "басқа еш жерде ондай жоқ, тек сендерде бар" деген болатын. Өкінішке орай, нақты, қатал,  тиісті шара көрілмегендіктен, мұндай жалған ұран, көпірме сөздің пайдасынан зияны көп... Парақорларға дем беретін жарнама  іспетті. Облыс әкімі Ө.Шөкеев,  аудан әкімдері бұдан кейін есін жиып,  қорытынды шығарғаны шамалы. Қайта күн санап,  "жаңалық" ашып, тек бізде  ғана бар "тәжірибемен" елдің жағасын ұстатуды жалғастырып келеді.

 Бар үмітіміз -  Мемлекет басшысы  Қ.Тоқаев мырзада.

Сайрам ауданында  еден жуушының жұмысқа қабылдаудың ставкасы 200-250 мың теңге. Бұл ставка ескірген сияқты,  Қарабұлақ ауылындағы Далабазар  орта мектебінің директоры Хасан Ботабеков  түк таппаған соң мектепке  "бағбаншы" деген штатты ойдан құрап ашып,  бұл орынға жұмысқа  тұрғысы келген азаматтан  300 мың теңге пара алып,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы  департамент қызметкерлерінің  қолына түскен. Диірменнен  бүтін шығатын  өзбек ағайынымыз жеңіл-желпі  4,5 миллион теңге айыппұл жазасына кесілген...Аудандағы туберкулезбен  науқастанған балаларды  сауықтыруға арналған  бөбекжай мекемесінің директоры  тәрбиешінің орнын 450 мың теңгеге,   көмекшісінің орнын  250 мың теңгеге саудалап, үш жылға бас бостандығынан айрылды.Ал, мұғалімдердің  жұмысқа қабылдау ставкасы  тәуекелге бел байлауды (рисковать)  қоса есептегенде   2 млн.теңгеге   көтерілсе, директрлікке  көк қағазбен  30 000 доллар.Шағын Сайрам ауданында  жылына  10-12  адам парамен ұсталып, қамалып, қалталары қалыңдар  қайта шығып жатады.

Сондықтан болса керек, Қарасу ауылдық округінің әкімі   Ербол  Бекбердиев аз уақытта  басқарып отырған мекемесінде  8 мүдде қақтығысын  орнатып, жаңа қызметкерлерді қабылдаған. Әділдікті талап ететін білікті  мамандарды мәжбүрлі  түрде өз еркімен  және еркінен тыс  жұмыстан кетуіне, істі болуына  себепкер болған. Оның ішінде,  зейнеткерлікке  шығуына   4 (төрт) ай қалған білікті маман, 25 жыл  осы әкімдікте істеген  абыройлы  Б.Мырзахметова және  ІІІ (үшінші) топтағы мүгедек,  аталған әкімдікте  өмір бойы адал қызмет еткен, Е.Бекбердиевтің қудалауынан  бар денсаулығынан  айрылған  сыйлы азамат  А.Богачев т.б. бар.

Е.Бекбердиев  өткен 30.09.2019 жылы  Іс № 5152-19-00-1/159 сот ҮКІМІМЕН, іс жүргізуші  Д.Ибраймовты  өзінің барлық қылмыстық ісін соған жауып,  ұйымдасқан топ (группа) болып, "көп жыл алып кетеміз, сен мойныңа ала сал" деп көндіріп, 6 (алты) жылға бас бостандығынан айырып,  өзінің жеген    30 (отыз) млн. теңгесін де соның мойнына салдырған. Дәл осындай әдіспен көп балалы ана, күйеуі ерте қайтыс болған, ІІ (екінші) топтағы мүгедек қызын асырап отырған А.Сапарбаеваны да  барлық жаланы соған жауып,  13 милллиондай  қаржысын қалтасына басып,  қаматпақ болған. Е.Бекбердиев  қасындағы екі бірдей жандайшаптарымен  бірге А.Сапарбаеваны  аудандық және облыстық  сотқа үш жақтан  жеке-жеке беріп, сот процесінде  жеңілген. Алайда, Заң аясында  әкім  Е.Бекбердиев  қызметінен кетуі керек еді, пагонды құзғындар мен аудан әкімдігі  оны қызғыштай  қорғап отыр.Себебі, өздерінің де қылмыстары ашылып кетеді ме деп қорқады.

Өткен жылдары Оңтүстіктің полицейлері шағын ауданда күш көрсетуден қаза болған, 14 мәйітті жасырған. Ал, Облыс бойынша ше? Оларда өзіндік пайым - парасат болмайды. Сондықтан, екіжүзді, аяр, қатыгез, адамгершілігі жоқ, аяушылықты білмейтін жандардан қандай көмек сұрауға  болады.  Керсінше, Заңға қайшы  Е.Бекбердиевтің  тәртіптік жазасын  мерзімінен бұрын Сайрам ауданы әкімі  аппаратының персоналды  басқару (кадр) бөлімшесінің  басшысы  Ғани Айтқұловтың  ұсынысы бойынша  алдырып отырған. Аудан әкімдігі Е.Бекбердиевтің жалпы Ұлттық аза тұту күні ұжымымен той тойлап, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жарлығын орындамағанын біле тұра шара көрмеген.

Сондай-ақ,  қылмыстық әрекетімен  белгілі, аудан әкімінің  орынбасары,  жер комиссиясының  төрағасы  және  тәртіптік  комиссиясының  төрағасы  Б.Олжаев, Е.Бекбердиевпен  ауыз жаласып, ата-бабасынан  мұраға қалғандай он мың гектарлап, жер телімдерін  талан-таражға  түсірген.

  Аудан халқын: "бос жер жоқ, "мораторий" - уақытша шектеу қойылды"деп, өздері апта сайын  жер телімдерін бөліп отырған.

   І. Өздерінің  қызмет бабын асыра пайдаланып Б.Олжаев пен Е.Бекбердиев  Қарасу  ауыл округі  057 орамда  орналасқан азаматша  Жидекүл  Садирмековаға  (Бұрынғы  Сайрам  аудандық  білім беру бөлімінің басшысы) шаруа қожалығын  жүргізу үшін  деген желеумен  өмірінде қолына күрек  ұстамаған  ғалым ханымға жекеменшік құқығын беретін  № 2950574025 актісі бойынша  жалпы көлемі  3,0 (үш) гектар жайылымдық жер телімін беріп, оның ішінде  0,30 гектар жер учаскесінің  кәсіпкерлік үшін  үй-жайларға  қызмет көрсетуге, 0,9706 гектар жер учаскесі  мал қора кешені құрылысына  деп нысаналы  мақсатын өзгертіп берген.

    Азаматша  Ж.Садирмекованың  бала-шағасы мен  туған-туысқандарында  ондаған гектар жер  телімдері және оның ішінде жалған  құжаттарымен  рәсімделген  жер телімдері бар.

   Бұған таңқалуға да болмайды. Себебі, Е.Бекбердиевті қызғыштай қорғап жүрген  Сайрам ауданының экс.әкімі  С.Сапарбаев   Ж.Садирмекованың  жақын туысы.

   ІІ. Ал, дәл осы 057 кварталында орналасқан  азамат  Иткеев  Асқар  Тайтеновичтің  пайдалануындағы  фильтрация алаңы  үшін жер учаскесіне  жекеменшік құқығын беретін  № 2950571032  актісі бойынша  жалпы көлемі  5,0 (бес) гектар жер учаскесінен  4,5 гектар  учаскесінің  нысаналы мақсатын жылыжай және бау-бақша үшін  Сайрам аудандық  жер комиссиясы   № 3 ҚОРЫТЫНДЫСЫ  19.01.2018 ж.нысаналы  мақсатын өзгертуден бас тартқан.

    Сол Итекеев Асқар  Тайтеновичке  бір ай толмай  жатып,  яғни жер комиссиясының  № 6 қорытындысы  16.02.2018 ж. 057 кварталын  204 орамда орналасқан  деп  жалған өзгерістер енгізіп, сол   № 2950571032  актісі бойынша  жалпы көлемі  5,0 (бес) гектар  жер учаскесінен  4,5 гектар  жер учаскесінің  нысаналы  мақсатын  жылыжай және  бау-бақша үшін  өзгерткен.

ІІІ. Дәл осындай құйтырқы әрекеттермен  азамат  Еламан Амирбековке   пайдалануындағы  № 2952191994  актісі бойынша  жалпы көлемі  6,7542 гектар жайылымдық жер беріп,  артынша  "ТЕРЕКТІ - Х" өндірістік  кооперативке беру туралы  ұсыныс енгізілген. Жер телімдері осы азаматтардың бұрын пайдалануында  болған болса, мемлекетке қанша салық төлеген? Осы жер телімдерін қаншалықты  тиімді пайдаланған? Бөлшектеп сатылып кеткен жоқ па?

IV. Сопбекова  Ақмарал  Омирзаховаға  жекеменшік құқығын беретін                            № 2952191549  актісі бойынша  жалпы көлемі  6,56 гектар  жайылымдық жер 

учаскесіне  3,93 гектар жер учаскесінің  нысаналы мақсатын  мал қора кешені құрылысына  өзгертіп берген...Бір ғана  соңғы  2-3 жылда  Б.Олжаев бастаған 

ұйымдасқан қылмысық топ (ОПГ) осындай жолмен  мыңнан аса  азамат, азаматшаларға жалған (өтірік) мәліметтер енгізу  арқылы  сатып, он мың гектардан аса суармалы, құнарлы  жер  телімдерін  талан-таражға салған.

  V. Бір кездері Сайрам ауданында  атағы дүрілдеген  "Победа" деген  колхоз болды. Оның  69  гектар суармалы, 127  тәлімдік  жерлері болған. Ауыл тұрғындары  күні  кешеге дейін  ауылшаруашылығы  дақылдарын егіп, жерді нысаналы мақсатта пайдаланып келді. Қажетті өнімін алып, тиісті салығын төлеп келген. Қарасу ауылдық округінің әкімі  Е.Бекбердиев  2015 жылдан  бастап осы ұжым  мүшелеріне қоқан-лоққы жасап,  барлық жер телімдерін басып алып, бөлшектеп  сатып жіберген. Алаяқтықтың шегіне жеткені соншалықты,  Қарасу ауылы бойынша   Сайрам аудандық  мәслихатының  27.05.2013 жылғы   № 18-114/V шешімімен бекітілген  бас жоспарға  жалған өзгерістер енгізген.

VI. Қарасу ауылдық округі, азамат  Ким Генадий Семеновичке  де жекеменшік  құқығын беретін  № 2950573906  актісі бойынша  жалпы көлемі 1,21 гектар жайылымдық  жер учаскесінің  нысаналы  мақсатын  кәсіпкерлік үшін  үй-жайларға қызмет көрсетуге  өзгертіп  берген.

    VІІ. Дәл осындай жолмен:

  1. Низамиддин Ашеметовқа жекеменшік құқығын беретін  № 295204263 актісі бойынша  2,0 гектар  жер учаскесі;
  2. Таджибаева Айгерим Альпейсованың  № 2950574342 актісі  бойынша  1,10 гектар жер учаскесі;
  3. Ниязқұлов  Ахрор Абдирахмановичтің  № 2951832428 актісі бойынша  1,65 гектар жайылымдық жер учаскесі;
  4. Ал,  Ашурметов  Алишер  Халметовичке  № 295200338 актісі бойынша  1,5 гектар, азамат  А.Егембердиевке  № 295200842 актісі бойынша 1,6004  гектар.

   VІІІ. 1. Азаматша  Парида Юлдашева  және Анаржан Ханалиевалардың                             № 2950539394 актісі бойынша  2,46 жер учаскесінің  нысаналы мақсатын: Бас жоспарға сәйкес елді мекеннің ішінде, ауылшаруашылық мақсатына  арналған  аумақта  орналасқандықтан,  Сайрам аудандық жер комиссиясының  № 3 ҚОРЫТЫНДЫСЫ  19.01.2018 жылы өзгертуден  бас тартқан.

    Алайда, сол жер комиссиясының  № 6 ҚОРЫТЫНДЫСЫ  16.02.2018 ж.. бір ай өтпей жатып,  азаматша  П.Юлдашева мен  А.Ханалиеваға № 2950539394 актісі бойынша  2,46 гектар жер учаскесінен  0,10 гектар жер учаскесінің  нысаналы мақсатын  жылыжай кешенінің  құрылысы деп  өзгертіп берген.

    2. Розметов  Бегмурат Нишанбаевичке  № 2950501156  актісі бойынша  3,31 гектар жайылымдық  жер учаскесінен  нысаналы мақсатын, оның ішінде  0,30 гектар жер учаскесін  кәсіпкерлік үй-жайларға,  1,2 гектарын  мал қора құрылысы  үшін өзгерткен  т.б. Кодекстің 48-бабында жер учаскелерін  немесе жер учаскелерін  жалдау құқығын беру сауда-саттықта  (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге  асырылады.

   Сонымен бірге, Кодекстің  44-1 бабына сай, тұрғындар саны бес мың  адамға  дейінгі елді мекендерді  дамытудың  және  құрылыс салудың оларды  алмастыратын  схемасы болмаса,  құрылыс үшін  жер учаскелерін  беруге тыйым салынады. Алайда,  бас жоспарды  іске асыру мақсатында  2017 жылы  дайындалған  Қарасу ауылы аймағына  орналасатын  жеке тұрғын үйлердің  дамыту және  салу  схемасы  Заң  талапарына сай бекітілмеген.Сондықтан, Сайрам аудандық  Жер комиссиясының  2017 ж., 2018 ж. және2019 жылдары шығарған ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫН  Заң талаптарына, Кодекс және  ҚР Ұлттық экономикаминистрлігінің  27.03.2015 ж. № 270 санды  бұйрығына  қайшы  болғандықтан күшін жоюды сұраймыз.

 

Н.Сыдықов

Түйін:
  Көріп отырғандарыңыздай, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» шенеуніктер сайрамдықтарға аса таңсық еместей. Көз көріп, құлақ естіп үйренгендіктен бе, бәрі қалыпты жағдайдай көрінеді. Президенттің сенімді өкілдері саналатын аудан әкімдері неге көз алдарында болып жатқан келеңсіз көріністерге көз жұма қарап келген? Кешеге дейін ауданды басқарып кеткен Б.Мамаевтың қолынан ештеңе келмеді, одан бұрынғы әкім С.Сапарбаевтың аты-жөні осы мақалада бірнеше мәрте атап өтілген. Жақсы жағынан емес. Енді су жаңа әкім Ұласбек Сәдібеков не дейді, қандай әрекеттерге бара алады? Әлде «менің құзіретімдегі тірлік емес, құзырлы органдардың шаруасы» деп, арқаны кеңге сала ма? Амандық болса, оны да көрерміз. Бізге салса, елімен етене жұмыс істейтін, есіргендерді есіркемейтін әкім керек.

0 пікір