«Aқжолдықтар» балаларға қуаныш сыйлады
«Aқжолдықтар» балаларға қуаныш сыйлады
23.10.2020 12:40
279
0

   11 қыркүйек күні «Ақжол» партиясының Шымкент филиалы қайырымдылық шарасын өткізді. Шараға ақжолдық кәсіпкерлер мен белсенді жастар қатысып, қаладағы бірқатар білім ордасында болып, балалармен жүздесті. Шара барысында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға мектеп бұйымдары табыс етілді. Жиында «Ақжол» партиясы Шымкент филиалы төрағасының орынбасары Мұхамед Қырықбаев ұстаздар мен балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, ақжолтай тілек білдірді.

   «Балалар – біздің болашағымыз» деп, балалардың қуаныштарымен бөлісу үшін біз «Ақжол» партиясынан келіп отырмыз. Халқымызда мынадай даналық сөз бар: «Адамның шын мағынасындағы білімді болу үшін үш қасиет қажет – кең көлемді білім, ойлай білу және қайырымдылық сезім». Міне, осы құндылықтарды өнеге етіп алған әрбір жастың алар асуы биік болмақ. Сондықтан, балалар, мектепте жақсы біліп алып, үлкен азамат болыңдар, болашақта Қазақстанға қызмет ететін, еңбекқор, отансүйгіш, қайырымды да қайсар азамат болуларыңды тілеймін. Абай атамыз айтқандай, тетігін тауып, кірпіші болып қаланыңдар дегім келеді».

   «Ақжол» партиясының Шымкент филиалы мұндай шараны еліміздегі орын алған қиын кезге де қарамастан жиі өткізіп келеді. Бұған дейін де аталмыш партия індет кезінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолұшын созып, көмек берген болатын. Жаңа оқу жылында түрлі сыйлықтарға кенеліп, қуанышқа бөленген балалар ақжолдықтарға алғыс айтты.

   «Ақжол» партиясы өкілдерінің айтуынша, мұндай қайырымдылық шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

0 пікір