Асыл қалай масылға айналды?
Асыл қалай масылға айналды?
31.10.2020 14:46
390
0

  Тəшкеннен күнгейге қарай екі жүз шақырымдай аймақты байырғы заманнан мекендеген қазақ ауылдарына қыдырып барған біздің елдің кəриелері (ол кездерде “кəрие” дейтінбіз құрметпен, “шал” деп кемсітпей) Жетісудан келдік деп масаттана сөз бастайтын кешегіге дейін. Біздің деп отырғаным Қазығұрттың атырабын жайлаған ел. Осындай табиғаты тамаша, ауа райы қолайлы, жері шұрайлы, малға, жанға жайлы, шаруаға ыңғайлы, əр сайында сыңғырлаған бастауы бар осы маңнан басталып сонау Жоңғар Алатауына дейін созылған өлке “жер жəннəті Жетісу” деп аталған. Сол жəннəттің таулар қоршаған, өзендерінің бойы жұмақтай, төрт құбыласы сай, халқы бай, қай жағынан болса да теңдесі жоқ дерлік қазіргі Қазығұрт ауданын мақтан тұтып жүргені ғой кəриелеріміздің кезінде.Таулардың шырынындай тамшылай басталып ауданның күре тамырына айналған Келес өзенінің бойындағы ешкім шырқын бұзбаған тоғайларда жабайы өсімдіктердің сан түрі өсіп, өніп, жан-жануарлар мекендеп, құстар құйқылжыта əн салып, жасөспірімдер бүлдірген теріп, балық аулап, құмды жағалауларында шомылып, асыр салып жататын. Өзеннің атырабы толған бау-бақша, суармалы егістіктер болатын. Сол дəуірде Кеңестер Одағының жүнінен жоғары сапалы киім тігуге жарамды төрт биязы жүнді асыл тұқымды қойларының бірі, осы ауданда отыз жыл бойы австралиялық қошқарлармен бұдандастырылып шығарылған аса құнды Оңтүстік Қазақстан мериносы ауданның мақтанышы, шаруашылығының маңызды саласы болумен қатар, шартарапқа көбейте өсіріп, пайдалануға отаротарымен жіберіліп жататын. Əулиеаталық асыл тұқымдас қара мал фермаларының сүт бұлақтары Шымкент химиктерінің жан дауасытын. Дəнді дақылдардың сұрыптыұрығын өндіруші кеңшарларының да асығы алшысынан тайған емес. Жалпы айтқанда шаруашылықтары етпен, сүтпен, жеміс, қауын, дарбызбен, жеңіл өнеркəсібін шикізатпен Шымкент пен қатар республикамыздың əдеуір бөлігін қамтамасыз ететін.

  Бірнеше мың жұмысшылары бар өндіріс орындары, көлік мекемелері өз алдына. Тіпті тұрмыстық комбинатында иленген теріден тігілген тондары шет елдерге де шығарылатын. Бірнеше кəсіптіктехникалық училище мен оның əр шаруашылықтағы бөлімшелері жасөспірімдерді еңбекке баулудың ордаларытын. Қорыта айтқанда еш нəрседен кенже қалмаған, халқы еңбекқор, мемлекетті де асырауға үлесін қосушы, малы түгіл өзі де асыл секілді ауданның бірі еді.

Осындай қой үстінде торғай жұмыртқалаған дəуірден бері отыз жыл өтіпті.

ҚАЗІР ҚАЛАЙ?

  Ертектегі “тазшадай” ауданды “сарымайдан ескен арқанмен” айға қалай жеткізгенін тізбектеп сайрай жөнелетін, шындығында істеген ісіне, оны осы қызметке тағайындаушылардың талап , бағалауларына қарасаң бейне бір “кезекшілікке” келіп, кетіп жатқандай əкімдердің сөзіне сенсеңіз ауданда олардың əрқайсысынан кейін тағы бір “коммунизм” орнаған болар еді. Ресми санақтарына көз жүгіртсеңіз де солай сияқты.

  Экономиканың ортасында жүргендер бұл санақтар қосып жазылған мəліметтердің жиынтығы деген пікір айтып жүр. Осылайша əкімдік, Ғ.Төлепов сияқты орынбасары, кабинетте отырып-ақ ауданды дамытып, сиыры түгіл ешкісі жоқтардың өзі пəленбай литір сүт өткізді деп жар салып, тіпті марапаттайды екен. Қалай десекте əңгіменің басында баяндалып тамсандырған, жан-жақты дамыған экономиканың жұрнағы да қалмаған. Ал экономика бүгіннің тіреніші, ертеңнің негізі.

ӨНДІРІС

  Қазығұрт ауылдық аудан болғанымен, бұрындары да өнеркəсіптің маңызы əдеуір болған, қазір одан да жоғары болуы тиіс еді. Бірақ олай емес. Өнеркəсіп жоқтың қасы. Майлыошақ ауылындағы индустрия аймағында салынған бірнеше кəсіпорындардың көпшілігі салтанатты ашылуынан кейін, көп ұзамай тоқтап, жым-жырт тұр жанындағы халықаралық автотрассадан өткендерге арналған сахнадай. Олардың өзін-өзі ақтап, түскен қаржылары келесі кəсіпорындарды салуға жұмсалуы тиіс мерзімдері де өтті. “Индустриялық” деп аталуы жер жарардай болғанымен салынған кəсіпорындар қытай кеспесін жасайтын, сүт өнімін шығаруы тиіс, т.с.с. жеңіл өнеркəсіпке жатады, яғни аталуы да көз бояушылық. Сөйтіп мемлекеттің тірнектеп-тірсектеп, тырнақтайға түйедей айыппұл салып та жинаған қаржысы текке кеткен сыйқы бар. Неліктен? Не о бастан өніміне сұраныс жоқ кəсіпорын салу, жетілмеген технология қолдану көзделген, не сапасыз жабдықтармен құрастырылған, немесе қолынан іс келмейтін, бірақ əкімдікке “жағымды” іскерлер инвестицияны игеруге таңдалған... Ең қызығы іштен өлі туған бұл аймақтың бастамашы, жүзеге асырушы əкім, орынбасарлары қызметттері жоғарылап, масайрап жүріп жатыр?! Бұдан тəлім алған ізбасарлары не тындыруы мүмкін?

  Сөйтіп “индустрия” аймағында, еңбек етіп, қарық болмасақта жан асырармыз деп үміттенген “майлыошағы” майсыз қалған адамдар сандалып жүр “сон” мен базардың арасында. Тек бұлар ғана емес, тіпті аудан бойынша дерлік. Аудан халқының “жартысы таксист, жартысы аферист” деген ееді біреу. Асыра айтылған болса да, бұл сөздің жаны бардай. Жұртты жағдай солай етіп отыр. Басқа табыстан үміті жоқтардың да “сон” арқылы жұмыссыздық, мүгедектік, нəрестелік, кедейліктің, т.с.с. жəрдемпұлын “өйтіп, бүйтіп” алып, əрі қарай барар жері базар. Базарлары да оңып тұрған жоқ, едендері қыста балшық, жазда шаң топырақ, ашық аспан астында, əркім қолы жеткен жерге тауарларын жая салған, аудан əкімдігінің қарсысындағы орталық базардың өзі бейберекет ұсқынсыз ғимарат, бастырмалардың жиынтығы. Олардың бəрін жөнге келтірер əр сатушыдан күн сайын толассыз тамып тұрған қаржы да бар, бірақ оның із-түссіз қайда сіңіп кетіп жатқанын бір құдай біледі. Жөнге келтіруді талап етуге тиісті лауазым иелерінің қалталарына да құйылып, оларды үнсіз етіп жатқан шығар деп те топшылаймыз. Ал қазақы мəнермен “сон” деп аталып кеткен халыққа қызмет ету орталығы өте тар ескі ғимараттың бірінші қабатында орналастырылыпты. Ішінде балдағымен, шықпа жаным шықпа дейтін кəриелер де, құндақтаулы нəрестелілер де жүр зіңбіттей жігіттердің арасында бірінің бетіне бірі демалып, итермелесіп əрең қозғалып. Əзірше құдай сақтап тұр, дегенмен бір күні “сонда” жұқтырған індет аудан бойынша бұрқ ете қалуы да əбден ықтимал. “Сонға” баратын жалғыз аяқ жол да ойлы, қырлы, сүрініп жатқан жұрт... Егер бұл арадан екі жүз метр жерде отырған əкім, “сонның” қандай қалде екенін көріп, өзінің өресі жетпесе кез келгеннен сұраса, олар айтар еді, “сонның” оңтүстік жағына жеңіл құрылым тұрғызып “толкучканы” кең залға жайғастыруға, жалғыз аяқ жолды бетондауға, атам заманғы, ішіне к іруге адам шошитын дəретхананы қайта салуға, мұның бəрін бір айда істеуге болады деп. Бұл бетке шыққан “теміреткілер” құлдыраған ауданның бір көрінісі ғана.

ЖЕР

  Жер адамдардың басты қазынасы – өмір жайы, асыралуының негізі. Ауылдық аудан өндірісінің басты құралы. Суармалы жер, егістік, не жайылым болсын, əрқайсының  өзіндік, өткіншісіз құндылығы бар.

  Баяғы “жағымсыз” заманда билік жерді қадірлетіп, ысырап еткізбейтін. Аса қажет болса ғана басқа мақсатқа берілетін. Онда да айталық, зауыт салуға қанша суармалы жер берілсе, сонша жарамсыз жер тегістеліп, топырақ төселініп, суландырылып орны толтырылатын. Қай заманда болсын солай болуы тиіс.

  Ал қазіргі əкімдер ауданның жер қорын ысырап ету, бүлдіру, жою үстінде. Алмазарлардың өзін тамырымен қопартып, жеке үй, сантүрлі ғимарат, кафе, демалыс орнын салуға беріп тастаған. Мысалы ауданның орталығында, Үшбұлақ ауылында, т.б. жерлерде.

  Қазіргі аудан əкімі, Толеген Туртаевичттің кезінде Нұх Пайғамбар мемориалының маңында бидай егіліп жүрген жерге жол мекемесінің базасы мен жолы салынды. Өркениетті елдерде киелі, мəдени, демалыс орындарынан өндірістік нысандараулақ орналастырылады, келушілердің, халықаралық трассамен өтушілердің күлкісіне қаламыз, онсыз да Нұх Пайғамбар кемесіне антенналарды ақша табу үшін ілдіртіп қойғандықтарыңыздан олардың мысқылына қалып жүрміз дегенімізге ол құлақ аспады. Басқа салынатын жер болмаса бір сəрі, қарсы бетте осы базаны орналастыруға, пайдалануға өте ыңғайлы, ауыл шаруашылығына жарамсыз алаңға салыңыздар деп қаншама шырылдадық.

 Ерментай СҰЛТАНМҰРАТ

0 пікір