Мегаполистің аты затына сай ма?
Мегаполистің аты затына сай ма?
31.10.2020 15:06
828
0

  Еліміз дамыған отыз елдің қатарына ұмтылған кезеңде Шымкент мегаполис мәртебесіне ие болды.  Миллионды шаһар ТМД елдерінің мәдени астанасы да атанды.  Дегенмен, аты дардай Шым қалада өркениеттен мақұрым мөлтек аудандар әлі бар. Соның салдарынан, өкінішке қарай, адам шығыны да орын алуда. Соған нақты бір мысал келтірейік.

  Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Тельман мөлтек ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Аймақта екі мектеп, бірнеше балабақша бар. Ала таңнан күйбең тіршілік қамымен кететін елді мекен тұрғындары күнді үреймен өткізеді. Өйткені, екі магистральді қос жолдың қиылысында бағдаршам жоқ. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан мұнда келеңсіздіктер жиі орын алады. Көлік апатына күн сайын куә болған аудан тұрғындары алаңсыз жүруге жүрексінеді. Жол ережесіне бағынбай, жалғанды жалпағынан басқан көлік жүргізушілердің кесірінен жақындарынан айырылып, қабырғасы қайысқандар да аз емес. Осы келеңсіздіктердің алдын алу үшін елдімекен тұрғындары редакциямызға арыздана келді. Мән-жайдың ақ-қарасына көз жеткізу үшін Сыпырған ата мен Ербол Спатаев көшесінің қиылысына басылым ұжымы да барып қайтты. Түсірілім барысында жылдамдықты асырған көлік жүргізушілерінің әрекетіне бас шайқадық. Ең сорақысы, біз жол мен бағдаршам мәселесін қозғап тұрған кезде көз алдымызда жүйіткіп келген екі көлік соқтығысты. Араға сағат салмай көрші көшеде де дәл осындай жағдай орын алған. Ал, бұл оқиғаларды тіркеп, кінәліні анықтайтын құзырлы орган қызметкерлерінің де қарасы көрінбеді. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.  Мөлтекаудан азаматтары бұл жағдайдың бәрін бағдаршамның жоқтығымен байланыстырады. Жол жолағы мен жаяу жүргіншілер жолына көз қырын салған көлік иелері жоқ. Жолдан балалар былай тұрсын, ересек адамның өзінің өтуі мұң.

Серікбай Тұрсынәлиев, Тельман мөлтекауданының тұрғыны:

 

  Міне көз алдарыңызда көлік апаты орын алды. Бұл күнделікті орын алатын оқиға. Дәл осы жерде мен ең жақын адамым, жан-жарымнан айырылып қалдым.(Көзіне жас алып) Биыл 68 жасқа толар еді. Бәрі сол көлік жылдамдығын арттырғаннан.Мен 50 жылдан бері көлік жүргіземін. Осы уақытқа дейін ешқандай жол ережесін бұзған емеспін. Өмір бойы көліктің артына отыратын жұбайым дәл сол күні «Жұрттың бәрінің бәйбішесі көліктің алдына отырады» деп,машинаның алдыңғы орындығына отырды. Құдайдың жазғаны ма білмеймін, сол күні көлік апатынан қайтыс болды. Оқиға былай орын алды: Екеуміз еш алаңсыз келе жатқанбыз. Сыпырған ата көшесінен Спатаев көшесіне бұрыла бергенде, қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік жанымыздан соқты. Жас балалар екен. Қас пен көздің арасында осылайша жолдасымнан айырылып қалдым.Осы жолды ретке келтіріп, бағдаршам орнатуға ат салысасаңыздар. Бұған дейін біраз жерге арыздандық. Дегенмен, баяғы жартас сол жартас. Сөзімізге құлақ асқан ешкім жоқ.

Жамалбек Жораев,Тельман мөлтекауданының тұрғыны:

 

  Бұл жерде адам шығыны көп орын алады. Мешіттің қиылысы. Әсіресе, жұма күні мешітке келетін машиналардың санында есеп болмайды. Бір-біріне жол бермейді. Бәрі асығыс. Осы екі жолдың қиылысына бағдаршамдар қою қажет. Көлік оқиғасына күніге куә боламыз. Балалар балабақшаға, оқушылар мектепке барады. Көліктер жаяу жүргіншінің өзіне жол бермейді. Бұрын бұл жол тар болатын. Мен өзім де көлік айдаймын. Кейін кеңейтті. Алматы тас жолы, Темірлан тас жолы бар. Сол көшелерге, басқа елдімекендерді жалғайтын күре жол осы жол. Автобус аялдамасы жолға шығып кеткен, артында қаншама метр жер ашық жатыр. Сол аялдаманы артқа жылжыту керек. Автобустар жол үстіне тоқтайды. Оның  артында келе жатқан көліктерге  кесірін тигізіп, кептеліс тудырады. Осыған көмектесіп, құзырлы органдарға жеткізіп,  елдің қамын ойлап осы жерге бағдаршам мен жол белгілерін қойсаңыздар дейміз.

Тельман мөлтекауданының тұрғыны:

 

  Бұл жерде көлік апаты көп болады.  Жаяу жүргіншілер жолынан адамдар өте алмайды. Бірде-бір көлік тоқтап  жол бермейді. Кептеліс кезінде жағдай  тіпті қиындайды. Көз алдарыңызда  көлік қақтығысы орын алып отыр.  Міне, біздің жағдай. Кешкен күйіміз осы...

Рахманкулова Санобар Рахманбердиевна,
Тельман мөлтекауданының тұрғыны (уличком):

 

  Мен бұл жағдайларды айтып бармаған жерім жоқ. Табанымнан тоздым.  Құрғақ сөз, бос уәдемен жасаймыз,қатырамыз деп шығарып салады. Нұрсаттағы әкімдікке де бардым. Карантин деп кіргізбеді. Берген номерлеріне хабарлассам «Маған телефон соқпаңыз» деп  айқай салады.  Жан айқайымызға құлақ асқан жан жоқ...

Акбердиев Абдисамат,
«Абдурахман Мақсум қажы»мешітінің наиб имамы:

 

  Бұл жерде жол апаты көп орын алады. Жүргізушілер бір-біріне жол бермейді. Жаяу жүргіншілер де,  қоғамдық көліктер де  өте көп жүреді.Мешітке келетін бауырларымыз бар, мектепке баратын оқушы ұл-қыздарымыз бар.  Бірақ бірде-бір бағдаршам немесе жол белгілері жоқ.  Мен бұл саланың маманы емеспін, бірақ осы аумаққа осы олқылықтардың орнын толтыру үшін жол белгілерін орнату керек.

Тельман мөлтекауданының тұрғыны:

 

Мен осы ауданның тұрғынымын. Бұл жағдай екі күннің бірінде орын алады. Машиналар жүйткіп, қатты  жүреді.Кішкентай мектеп оқитын балаларымыз бар. Жаяу жүргіншілер жолынан сол балаларымыз тұрмақ өзіміз қорқып әрең өтеміз. Көліктер жол бермейді. Тіпті кейде бір күнде 2,3 рет көліктер соғысады. Адам шығыны да орын алады. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Бұл келеңсіздіктерді елеп ескеріп жатқан басшыларымыз жоқ...

Мамедов Хатамша,
Тельман мөлтекауданының тұрғыны:

 

  Күнде жол апаты болады, тіпті адамдар да қайтыс болды. Балуан Шолақ көшесі бар, жартысына дейін жол төсеп, қалған жартысы мүлдем жоқ.  10 жыл болды. Әрбір қуысқа жол төселген, бірақ бұл көшеде жоқ. Не үшін? Білмейміз. 2017 жылдан бері бұл туралы айтып қалалық әкімдікке бірнеше рет бардық. Сметалық құжаттары бар әзірленген деп жыл сайын тендермен әркім ұтып алып сол күйі жөндеусіз қалады. 200 (екі жүз) метр жер мүлде жоқ. Жаңбыр жауып, су жиналып үйімізге кіріп жатыр. Қыста көктемде жағдай тіпті қиындайды. Балуан- Шолақ көшесінде мүлде жағдай жоқ. Мына жерде күнде көліктер қақтығысады. Күні кеше 2 жағдай орын алды. Жаяу жүргіншілер жолына да қарамайды. Көліктер қатты жүреді. Қарсы бетте аялдама жоқ  қоғамдық көліктер кез келген жерге тоқтайды. Қазір бұл шағын ауданда адамдар көп, Арғынбеков көшесі ашылды машиналар тіпті көп. Кешкі 18:00ден кейін мүлде жүре алмаймыз. Кептеліс, көлік апаты өте көп болады.

Мемлекеттің басты қазынасы- адам және оның қауіпсіздігі. ҚР Ата заңында осылай жазылған. Дегенмен жүзеге аспайтын құр жазудан қайыр қанша? Осылай ашынған қара халықтың базынасын зерделеп, халықтың арызы мен өзіміз куә болған халықтың зары мен көлік апатының видеоматериалдарды қала әкімі Мұрат Әйтеновке жолдадық. Шаһар басшысы мәселемен танысып, мөлтек аудан орналасқан Абай ауданының әкімдігіне тиісті тапсырмаларды қадап тапсырды. Араға бір күн салып оқиға орнына Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Тілеш пен жауапты сала мамандары келді. Халықпен тілдескен билік өкілдері Халыққа мынадай уәде берді.

0 пікір