Орынбасар Лештаев «Қызыл жұлдыз» орденін тауып алды ма, әлде мүрдеден «ұрлап» алды ма?
Орынбасар Лештаев «Қызыл жұлдыз» орденін тауып алды ма, әлде мүрдеден «ұрлап» алды ма?
31.10.2020 11:04
1283
0

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевқа
Құзырлы органдармен жергілікті билікке:
«Нұр Отан»     партиясы Төрағасы Н.Ә.Назарбаевқа
ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асановқа
ҚР Бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетовқа
ҚР ҰҚК төрағасы К.Мәсімовке
ҚР Ішкі істер министрі  Е.Тұрғымбаевқа

  Иә, бұл азаматты Оңтүстік өңірінде екінің бірі таниды десек, сөзімізден жаңыла қоймаспыз. Ол азаматтың облыстық сотта биік лауазымды қызмет атқарып, осы арқылы танымал болды дегеніміз емес, «Саясат – ақпарат» газетінде жиі-жиі сыналып жатқандығының арқасы деп ойлаймыз. Біз де сынағанда «жаптым – жала, жақтым – күйе» емес, нақты мәліметтермен, куәлардың сөзімен сыналып жатқанын ескертіп қоялық. Мәселен, газетіміздің өткен нөмірінде «Киелі кесенені қолжаулық қылғаның қалай, Орынбасар Лештаев мырза?» деген көлемді мақала жарияладық. Онда «Домалақ ана» кесенесіндегі келеңсіздіктер тұрғысында осы кесенені тұрғызуға атсалысқан, «Домалақ ана» қоғамдық қорының президенті Алтынбек Төлепбеков айтып берді. Кесенені қолжаулық қылып, жанынан қонақ үй салғанда өзіне де тұрғын үй салып алған Орынбасар Лештаевтың азамат атына лайық емес лас тірліктерге барып жүргенін біз емес, Алтынбек мырза күйіне отырып жеткізген болатын. Алтекеңнің айтқандарына алып-қосары бар ма, мүмкін артық кетіп қалған тұстары болса «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, Орынбасар Лештаев мырзаның да айтар уәжі, келтірер дәлелі болар деп ойлағанбыз. Үндемеді. Үндемеуді келісу деп білсек те, өзімен тілдеспекке ұмтылған әрекетіміз нәтижесіз болды.
 
  Мейлі ғой, әркімнің өзінің еркі, қалауы. Бірақ, еліміз ғана емес, алыс-жақын шет елдерден де киелі кесене басына келіп, тәу етіп жүргендерге біз мәдениеттілігімізді, көрегенділігімізді көрсетудің орнына келеңсіздіктерімізді көрсетіп жатсақ «өлімнен ұят күшті» деген сол емес пе? Демек, Алтынбек мырза ақиқатты айтты, қорытынды шығару, кесене төңірегіндегі дау-дамайға нүкте қою Орынбасар Лештаевтың ар-ұятындағы мәселе деп, жылы жауып қоя салуымызға да болар еді, егер қолымызға тағы бір мәлімет келіп түспегенде..

  Елімізге тарайтын «Әділ сот» журналының 2013 жылғы 1 нөмірінде«Елінің батыр ұлы – Орынбасар» деген тақырыппен Нұрлыбай Омаровтың Орынбасар Лештаев жөнінде жазған көлемді мақаласында ол кісінің еңбектері, алған марапаттары жөнінде жаза келіп: «...Ал 1985-1987 жылдары Ауған - КСРО соғысына Ауғанстанның Герат провиациясына қатысып, Кеңес дәуірі кезеңіндегі жауынгерлік тапсырмаларды жүзеге асырудағы жанқиярлықпен көрсеткен ерлігінің арқасында екі мәрте жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» ордендері және бірнеше медальдармен марапатталған» депті. Осыны оқыған әріптестеріміз «япыр-ай, ортамызда жүрген батырды біз неге байқамағанбыз» деп аң-таң қалады. Сөйтеді де, О.Лештаевтың Ауған – КСРО соғысында алған қос жұлдызы жөнінде дерек беруді Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен Шымкент қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент арқылы өтінген. Оған төмендегідей жауап келеді. Сөзбе сөз берейік:

  «Проверкой по учетным данным картотеки награжденных Центрального архива МО РФ установлено, что Лештаев Орынбасар Лесбаевич в числе награжденных не значится Заведующий архивохранилищем Т.Кислева  19.07.2016г

  «Айна Оңтүстік» республикалық қоғамдық-әлеуметтік, ақпараттық-сараптамалық газеті бас редакторының орынбасары Х.Абдулдаевқа ОҚО Ауған соғысы ардагерлер қауымдастығының төрағасы С.Рысбеков былайша жауап беріпті:

  «Оңтүстік Қазақстан Ауған соғысы ардагерлер қауымдастығы интернационалист – жауынгерлерді қоғамдық саяси, заңды және моральдық – психологиялық оңалту жұмыстарымен, Ауғанстанда қаза болғандардың жанұясымен, мүгедектерге көмек көрсетумен және жастарға париоттық тәрбие берумен айналысады. Сіздің 28.04.2018 жылғы шығыс №17 сұраныс хатыңызға жауап береміз: Ауған соғысының ардагері Лештаев Орынбасар ОҚО Ауған соғысы ардагерлер қауымдастығының тізімінде жоқ, яғни ол біздің қауымдастықтың мүшесі болмағандықтан сіздің хатыңызға толығырақ жауап бере алмаймыз»

  Әскерде жүргізуші болған Оынбасар Лештаевтың қос бірдей «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері болғаны туралы жазғанда «Әділ сот» журналы Орекеңнің қандай «ерлік» көрсетіп алғаны туралы неге жазбағаны түсініксіздеу болғаны рас. Ауған соғысының ардагері бола тұра, ол кісінің Қауымдастыққа неге мүше болмай жүргенін де түсінбедік...

  Қорыта айтқанда, Орынбасар Лештаев мырзаның біз біле бермейтін бірталай сыры мен қыры бар сияқты.  Егер осының барлығын өз аузынан естіп, ақты – ақ, қараны – қара деп ажыратып берсе, алғыстан басқа айтарымыз болмас еді. Сіз әділет саласында еңбек етесіз, әділдік жолында жүрген жансыз. Онда неге әділ сөз айтып, «Әділ соттың» жазғанындай «Елінің батыр ұлы – Орынбасар» бола алмай жүрсіз? Сауал бізден, жауап сізден!

Н.Мамықова

 

Осыған ұқсастар:
1. Қызыл жұлдыз орденінің «иегері», «қаһарман» О. Лештаев сотқа беремін деп «отқа» түсті
2. Киелі кесенені табыс көзіне айналдырған Орынбасар Лештаев
3. Саясатпен «ойнаған» Орынбасар «орынтақтан» айырылды
4. Н.Назарбаев десе заң жүрмейді, Е.Сайрамбаев десе заң жүреді.
5. Ескі Иқанның «шиқаны» жарылмай тұр

0 пікір