«Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті
«Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті
18.11.2020 12:33
331
0

        

 

  ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында, ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Отырар қорық-музейінің «Сапар орталығы» экспозициясы және әл-Фараби залының ресми ашылуын, «Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция ұйымдастырды.

  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Түркістан облысы Отырар ауданында 13 қараша күні Отырар қалажұрты маңынан салынған «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Сапар-орталығы» экспозиция залының ашылу салтанаты өтті.

  Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт минстрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова және еліміздегі белгілі археолог-ғалымдар Отырар қалажұртындағы ғылыми реставрациялық жұмыстармен танысты. Реставрациялық жұмыстармен «Қазқайтажаңарту» РМК директорының м.а Қанат Тұяқбаев таныстырды. Жиынға қатысқан еліміздің белгілі тарихшылары, археолог-ғалымдары Зейнолла Самашев, Жәкен Таймағамбетов, Бүркітбай Аяған және Зиябек Қабылдинов тарихи-мәдени нысандардың тарихи шынайы қабатын өзгеріссіз сақтап қалу маңызды екендігін айтып өтті.

  Салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова және Отырар ауданы әкімі Әбдіғали Жүнісов ашып берді, халық ақыны Әселхан Қалыбекова арнау оқыды.

  Туристерге кешенді қызмет көрсететін орталықтың бірінші қабаты туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жабдықталған. Яғни, демалыс орындар, балалар алаңы, коворкинг алаңы, т.б қарастырылған. Ал, екінші қабатта көне Отырар қаласының бес кезеңі II-VI Отырардың құрылуы, IX-XII Отырардың өркендеуі, XIII Отырар апаты, XIV Отырардың қайта келтіру кезеңі және қазақ хандығы кезеңіндегі Отырар бойынша экспонаттармен жабдықталған.

  Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы мемлекет басшысының жарлығына сәйкес Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған зал көпшілік назарына ұсынылады. Залды ашудағы басты мақсат- Фарабитану ғылымын пайдалана отырып, тұлғаға қатысты ғылыми және заттай деректерді мейлінше ашып көрсету.

  «Ұлы ұстаз ұлағаты» тақырыптық экспозициялық жоспарын құру барысында Әбу-Насыр әл-Фарабидің ғылым мен өнер саласындағы еңбектері, Отырардағы ғылым мен мәдениет, өнерге қатысты артефактілер сонымен қатар Фарабитанушылардың еңбектері заттай дерек ретінде қарастырылды. Экспозициядан орын алатын Фараби бөлмесінің макетінде мұсылман әлемі ойшылдарының көш басында тұрып, шығыста күрделі алгебра, астрономия тағы басқа ғылымдардың дамуына әсер еткен өзі болса, әлеуметтік мәселеде ортағасырлық гүлденген шығыс қалаларының орталығында болып, ғалымдармен кездесіп, адамзаттың үйлесімді өмір сүруіне озық ойлы трактаттарын жазуы, философия, әлеуметтану ғылымдарын дамытуы, математика ғылымын дамытуы. Адам табиғатының айнасы музыка ілімін зерттеуі, сол өнердің мәнін ашуы. Ұлы Ұстаздың – Ұстаздар туралы көзқарасында шәкірттер тәрбиелеудегі жетістіктерге жетелейтін жолдарға тыңғылықты пікірін қалдыруы, қажырлы еңбек талмас ой зерттеуден жалықпаған ғылым жолы осы экспозицияда көрсетілген.

  Сонымен қатар, «Отырар кеше, бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті.

  Конференция барысында археология саласының жетістіктері, Отырар қалажұртындағы нысандардағы реставрациялық жұмыстар нәтижелері, қазақ даласының ғұламалары туралы - дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте өшпес із қалдырған ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап қазақ даласында дүниеге келген ғұламалардың шығармашылық мұрасы мен ғылыми еңбектері бойынша баяндамалар оқылып, мәдени инфрақұрылымды кеңейту, тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеу және насихаттау жұмыстарын жүргізу, мәдени мұраларды зерттеудің толықтай жүйесін құру мәселелері талқыланды.

  Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры, БАҚ өкілдері, Республикалық жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, республикалық музей қызметкерлері мен ұлттық-мәдени орталықтар қызметкерлері қатысты.

 

Дереккөз: ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің ресми сайты

0 пікір