Өзгелердің пікірі жайлы қызықты әңгіме
Өзгелердің пікірі жайлы қызықты әңгіме
25.08.2017 12:34
585
0

    Бірде Қожанасыр баласын ертіп көрші ауылға бармақ болады. Баласы: «Әке, есекке сіз отырыңыз, шаршап қаласыз» дейді. Қожанасыр: «Жоқ, балам, сен отыр» деп баласын отырғызып жолға шығады. Оларды көрген кісілер: «Қартайған әкесін жаяу жүргізіп, есекке жап-жас болып өзі отырып алыпты, әй, жастар-ай...» дейді. Баласы: «Әке, әне, көрдіңіз бе, айттым ғой сізге отырыңыз деп» деп кейиді. Есекке Қожанасырдың өзі отырып алады. Біраз жүрген соң алдарынан шыққан адамдар: «Сенің денің сап-сау емес пе, кіп-кішкентай баланы жаяу жүргізіп қойғаның не?» дейді. Қожанасыр баласын қасына отырғызып алады. Сәл жүрген соң жолыққан кісілер: «Есек байғұсты аяса нетті, екеуі бірдей отырып алыпты» дейді. Бұған ашуланған Қожанасыр есекті алдына салып айдап, баласын жетектеп алады. Сәлден соң оларды көрген адамдар: «Мыналар ақымақ екен... есекті бос қойып, өздері жаяу жүргендері несі?» деп өтіп жатады. Бұл жолы Қожанасыр есекті иығына алып, ал оның үстіне баласын отырғызып алады. Біраз жүрген соң жолыққан кісілердің кейбіреуі таңданып, кейбіреулері аяп, енді біреулер жағасын ұстап: «Әдетте, есекке адам отырушы еді, адамға есек отыратын болған ба? Ақырзаман жеткені осы болар» десіп жатты...

0 пікір