ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Қ.К.ТОҚАЕВТЫҢ, БАС ПРОКУРОР Ғ.Д.НҰРДАУЛЕТОВТЫҢ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ Е.З.ТҰРҒЫНБАЕВТЫҢ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРІ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ Ө.Е.ШӨКЕЕВТІҢ НАЗАРЫНА!!!
Немесе САПАСЫЗ ҚҰРЫЛЫСТЫ ҚАБЫЛДАҒАН «ЗАКАЗЧИК» НЕГЕ СОТТАЛМАЙДЫ?
Қазақта «Судың да сұрауы бар», «Бір шелек суың төгілсе ішің ашиды» деген әдемі сөз бар. Бірақ та бұл сөз Сайрам ауданының басшыларына, құзырлы орган қызметкерлеріне және суға жауап беретін басшыларына қатысты айтылмаған сияқты. Неге екендігі білгіңіз келсе, мен айтайын, ал сіздер тындаңыздар...
Мен, Туламетов Ханыбек Түркістан облысы Сайрам ауданы көлемінде қоғамдық жұмыстарға азаматтық парызым ретінде әрі Сайрам аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де белсене араласып, қызмет атқарып жүргеніме ұзақ жыл болды. Жарты ғасыр ғұмыр кешіп жүріп, талай жақсыны да, жаманды да көрдім. Бірақ та келеңсіз жәйттерді байқап қалсам, тыныш тұра алмайтын мінезім де жоқ емес. Бетің бар, жүзің бар демей, кез келген адамға шындықты қойып қалатыным бар. Содан болса керек, «Ау, Ханеке, ауданның қоғамдық кеңесіндесіз ғой, біздің ауылда мынадай заңсыздықтар орын алып жатыр»-деп, аудан тұрғындары хабарласып жатады...
Бұл жолы Манкент ауылының тұрғындары ауыз судың тапшылығынан зардап көріп, сондай-ақ, мемлекеттен суға бөлінген қыруар қаржылардың талан-таражға түсіп, қолды болып жатқандығы жайлы хабарлады. «Айналайындар-ау, маған емес, осы заңсыздықтарды сендер неге аудан әкіміне, неге аудан прокуратурасына барып айтпайсыңдар»-десем, « Ханеке, олардан қайран болмағандықтан сізге айтып отырмыз. Әкімгді де прокуратураны да құлағдар еткенбіз, алайда олар шара көруге құлықсыз болғандықтан, сізге келіп отырмыз»- дейді.
«Манкент» аулының тұрғындарының әнгімесінен байқағаным, «Таза су» бағдарламасы аясында 2012 жылдан бастап, екі кезеңде Манкент аулының ауыз су жүйелерін қайта құру» нысаны бойынша құрылыс жүргізіліп, 2014 жылы құрылыстың бірінші кезеніңдегі құрылыс жұмыстары, 2019 жылы екінші кезеніңдегі құрылыс жұмыстары жүргізіліп «Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» аталмыш құрылыс нысандарын қабылдаудан өткізіп тисті түрде АКТісін жасады. Бұл құрылыстың барысына тікелей жауапты Сайрам ауданының әкімінің бірінші орынбасары Е.Шарипбеков сапасыз құрылысты қабылдап алып, «бейқам» қарап, «фирмачтардың» сапасыз құрылысты «зың-зың» деп түк білмегенсіп, «судан таза» болып отыр.
Олай дейтінім, Сайрам ауданының әкімінің бірінші орынбасары Е.Шарипбеков әлгі «сақалды» құрылысты қабылдап алар кезінде оның қаншалықты сапалы орындалғанына назар аударып, сапасын тексеріп барып қабылдауы тиіс еді. Ендігі мәселе осындай сапасыз құрылыстың жобалық-сметаға сай орындалған деп қабылдау себебі неде екендігінде болып отыр. Сапасыз құрылысты омбай-домбай асығыс қабылдау -ол «фирмачтардың» әдемі сөзіне немесе әдемі көзіне қарап қабылданбайтыны титтей балаға да белгілі. Бұл жерде жемқорлықтың исі «мүңкіп» тұрғанын аудан әкімі де, аудан прокуроры да жақсы білсе керек?
Өйткені, осындай сапасыз ауыз су жүйесінің дұрыс болмаса да, дұрыс деп қабылдап алғанның кесірі аудан әкіміне де, прокурорына да тимейді. Ауыз судың зардабын Манкенттің тұрғындары шегеді. Осындай келеңсіздіктен бүгінгі таңға дейін 34 000 тұрғыны бар Манкент аулының халқына таза ауыз су жүйелі түрде дұрыс берілмейді. Неге десеңіз, Манкент аулының ауыз су жүйелерін қайта құру нысаны бойынша құрылысты жүргізу жобасында таза ауыз суды 5500 үйге арналып сызылған. Ал Манкент аулында 7000 астам үй орналасқан. Мәселен, 7000 үйге ауыз су жеткізу үшін сағатына 260-280 куб су көтерілуі қажет. Бірақ сызылған жоба бойынша «Су Ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің су құбырынан алынған қосылу нүктесіне сағатына 40 куб айдайтын 2 дана насостар қойылған және скважинадан көтеретін сағатына 65 куб су айдайтын насос қойылған. Барлығына сағатына 145 куб. Бұл насостардың қуаты Манкент аулының 34 000 тұрғындарына жетпейтіні сондықтан.
Сондай-ақ, осы аумақтағы Қарауылтөбеде құрылған 3000 кубтық су қоймасына (резервуар) баратын су құбырларының диаметрі өз қажеттілігіне сай емес, құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес емес жүргізілген. Дәл осы Қарауылтөбе аумағындағы каналдың астынан өтетін жерде құбырды 3 жерден каналдың үстінен алып өткен. Техникалық қадағалаушы (технадзор) мен авторлық қадағалаушы мамандар осы кемшіліктерді дер кезінде неге анықтамады? Неге осының бәрін біле тұра құрылысты қабылдау туралы 20.06.2019 жылғы Актісіне тапсырыс беруші «Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» басшысы Е.Сарыбековтер қолдарын қойған? Жобаны да тегін сызбаған болар? Оны қомақты қаржыға сыздырған. Ендеше жобалаушы фирмалар, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттарды дайындайтын мекемелер неге осындай олқылықтарды жіберген?
Тапсырыш беруші «Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» басшысы Е.О.Сарыбеков , мұндай сапасыз құрылысты қабылдамай тұрып, мердігер «Газовое хозяйство «Шымкентгаз» ЖШС-нің директоры Ж.А.Момбаевтың тарапынан жіберілген кемшіліктерді түзетуге Ұсынысты неге бәлдірмеген? Манкент ауыл округінің әкімі неге қол қусырып қарап отыр?
Жергілікті билік өкілі, ауыл әкімі ауыл халқына жақын болса, онда неге ол «Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» басшысы Е.О.Сарыбековты, «Газовое хозяйство «Шымкентгаз» ЖШС-нің директоры Ж.А.Момбаевты, «Амаль» ЖШС-нің техникалық бақылаушысы Ж.Ташимов, «ПУС-Шымкент» ЖШС-нің авторлық бақылаушысы А.И.Карабаевтарды алдына шақыртып, мойындарына алған жұмыстарды толық бітіріп беріндер, әйтпесе мені халық түтіп жеп қояды. Егер де, халыққа уақтылы су жетпей қалатын болса, онда мен құқық қорғау орындарына шағымдануға мәжбүр боламын-деп, еш болмаса өзінің қарақан басын арашалап қалса болар еді ғой?
Ал, ал енді не болды?! «Манкент» аулының 34 000 тұрғыны тұрақты түрде ауыз сумен қамтылмай отыр. Сонымен қоса, мемлекеттен таза ауыз суға бөлінген 3,5 миллиард теңге нысаналы мақсатында жұмсалмастан талан-таражға ұшырады.
Сайрам аудандық қоғамдық кеңес мүшесі ретінде, жай қарапайым Қазақстан азаматы ретінде мен Қазақстан Республикасының Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сайрам аймағы бойынша басқарма басшысы Ш.Талиповқа, Сайрам ауданының прокуроры О.Әбдірамановқа айтарым, істі созбаландыққа салудың ешбір негізі жоқ. Сіздер маған 05.05.2020 жылы –«Менің арызымда көрсетілген фактілерді анықтау үшін сіздер Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен Түркістан облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тексеру жұмыстарын жүргізу туралы талап жолдағанданрыңыз жөнінде жауап хат жолдағансыздар. Міне, содан бері жарты жыл өтіп те қалған екен....
Ал, нәтиже бүгінгі күнге дейін жоқ. Орындаушыңыз атағы мен «көкесі» дардай С.Жамалбеков болса, онда мемлекеттің қаржысы орнына қайтады және «Манкент» аулындағы ауыз су мәселесі шешіле қояды дегенге онша сеніңкіремей тұрмын. Десекте, үмітсіз шайтан...
Құрметпен, Х.М.Туламетов