Таяқ жеген имамның құқығын кім қорғайды?
Таяқ жеген имамның құқығын кім қорғайды?
31.10.2020 16:09
311
0

  Газетіміздің өткен 21-22 (283) 19.11.2019 нөмірінде бірқатар жоғары лауазымды басшылардың назарына ұсынған «Мешітке араша сұрайды» атты мақала жарияланды. Мақалада ауыл мешітінің имамын ұрып – соғып, ауыр дене жарақатын салған Сайдіғани Ғанитаевтың ерсі әрекетіне баға беруді, мәселесін заң аясында шешуді құзырлы органдардан сұранған едік. Мақала жарық көріп, одан бері де біраз уақыт өтсе де құзырлы мекемелер үн шығармады. Мәселенің мәнісі мынандай болған:

  Тойшыбек Ешболатов Түркістан обылысы, Сайрам ауданына қарасты «Қорған ата» мешіті ешкімге алақан жаймай, жергілікті тұрғындар арасынан имандылыққа бет бұрған жандарға қызмет етіп, Алланың үйін күтіп-баптап ұстады. Мешіт имамы Тойшыбек Ешболатов мешіт құжаттарын рәсімдеп, заңға сәйкес жұмыс жүргізуін қалайды. Осы жұмыстармен жүргенде Сайдіғани Ғанитаев деген мешіт  ауласында жайнап тұрған жеміс ағаштарын отап, құрылыс жұмыстарын жүргізбек болған, имам оны сабырға шақырып, мәселені заңды тұрғыда шешейік дегеніне пысқырып та қарамайды. Тіптен үйіне екі мәрте келіп, қоқан-лоқы жасағаны былай тұрсын, базарға барған жерінде көптің көзінше балағаттап, күштеп көлікке отырғызбақ болғанын қайтерсіз! Бұл бұл ма ұлдарымен келіп, имамды отбасы мүшелерінің көзінше соққыға жығып, мұрнын сындырғаны, есінен тандырғаны қандай адамгершілікке жатады? Сонда имамды қорғайтын құқық қорғау органдары, жергілікті әкімдік қайда қарап отырған? Түркістан обылысы, Сайрам ауданында ҚР заңы жүрмей ме? Басқа – басқа, тып – тыныш жүрген, ауыл имамын кім көрінген ұрып-соғып, қоқан-лоқы жасап жатса да ешкім селт етпеуі қалай?

    Осы сауалды біз Сайрам аудандық ішкі істер бөліміне, аудандық прокуратураға, аудан әкімі Ұласбек Сәдібековке қойып, нақты, тұшымды жауап күтеміз. Соққыға жығу ғана емес, тіпті Сайдіғани Ғанитаевтің кез-келген ҚР азаматын кемсітуге, балағаттауға, ғайбат сөз айтуға құқығы бар ма? Осыған жауап беріңіздерші!

«Саясат – ақпарат» редакциясы

0 пікір