Алты боксшымыз әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
Алты боксшымыз әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
31.08.2017 12:10
366
0

Бокстан Гамбургте өтіп жатқан әлем чемпионатында 6 спортшымыз жартылай финалға шықты. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады. Яғни ел құрамасының қоржынында ең кемі 6 қола медаль бар деген сөз.
Бірінші болып жартылай финалға 49 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Жомарт Ержан шықты. Ширек финалда ресейлік боксшы Василий Егоровпен кездескен отандасымыз қарсыласына басымдығын таныта білді. Аңдысын тауып, сәті келгенде дәл соққыларын дарыта білді. Ал қарсыласының соққысынан сытылып шығып, Василийдің қолы ауа қармаумен болды. Жомарт Ержан жартылай финалда кубалық боксшы Хоанис Архилагоспен жұдырықтасады.
Ал 56 келіге дейінгі салмақта өткен жекпе-жекте Қайрат Ералиев шаршы алаң иесі Омар Эль-Хагпен кездесті. Қос боксшы да жоғарғы қарқынмен жұдырықтасты. Дегенмен талай ірі халықаралық додаларда топ жарып жүрген отандасымыз қарсыласын айқын жеңе білді. Неміс боксшысынан тәжірибелі екенін байқатып, жартылай финалға шықты.
1/8 финалда Қайрат Ералиев өзбек боксшысы Мураджон Ахмадалиевті жеңген еді. Жартылай финалда ұлыбританиялық Питер МакГрейлмен жұдырықтасады.
Ал 75 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Әбілхан Аманқұл Рио Олимпиадасының жеңімпазы кубалық Арлен Лопесті жеңді. Бірінші раундта боксшылар бір-бірінің қателігін күтіп, бақылаумен өткізді. Жылдам белсенділік танытып, шабуылға шығуға асықпады. Екінші раундта тәжірибелі кубалық боксшы басымдығын танытып шықты. Үшінші раундта Әбілханның басымдығы байқалып, жеңіске бастар жолды таба білді. Қос боксшы осы жылдың өзінде екінші рет шаршы алаңда жолықты. Шілде айында Астанада өткен WSB жобасының финалында «Бостандық аралының» боксшысына жол беріп алған еді. Сол есесін әлем чемпионатында қайтарды. Әбілхан Аманқұл келесі кездесуінде әзербайжандық Камран Шахсуварулымен жұдырықтасады. Кезінде қазақ елінің атынан жарыстарға қатысқан боксшы кейіннен Әзербайжан еліне кеткен. 2016 жылы Рио Олимпиадасының ширек финалында Жәнібек Әлімханұлын жарыс жолынан шығарған болатын. Қазақстандық боксшы,
Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит те Гамбургтегі әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Отандасымыз ширек финалда австралиялық боксшы Джейсон Уотелиді жеңді. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан Василий Левитті жеңімпаз ретінде таныды. Австралиялық боксшы алға ұмтыла түсіп жұдырықтасқанымен, тәжірибелі Василий қарсыласының жеңіске жетуіне мүмкіндік берген жоқ. Қазақстандық боксшы әлем чемпионатында алғаш рет жүлделі орыннан көрінгелі отыр. 2009 және 2011 жылдары қатысқанмен, жүлделі орынға іліге алмаған еді. Қазіргі таңда Василий Левитте кем дегенде
қола жүлде бар. Жартылай финалда кубалық боксшы Эрисланди Савонмен жұдырықтасады. «Бостандық аралының» боксшысы – әуесқой бокстағы танымал спортшылардың бірі, 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Риодағы Олимпиада ойындарында қола медальға қол жеткізген еді. Жартылай финалда Василийге жеңілген еді.
Ал 69 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жатқан Абылайхан Жүсіпов ширек финалда венесуэлалық боксшы Габриэль Маестро Пересті жарыс жолынан шығарды. Абылайхан бұл жекпе-жекке жарақатпен шықты. Бірінші раундта қарсыласын бақылауда ұстап, бар шеберлігін танытты. Екінші раундта жарақатына соққы тиіп, қабағынан қан ақса да, жекпе-жекті соңына дейін жалғастырды. Төрешілер шешімі бойынша отандасымыз 3-1 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты.
Аса ауыр салмақта бақ сынайтын отандасымыз Қамшыбек Қоңқабаев Гамбургте өтіп жатқан әлем чемпионатында жартылай финалға шықты. Ширек финалда өзбек боксшысы Баходыр Жалоловты жеңді. Қамшыбек өзбек боксшысына қамшы салдырған жоқ. Қарсыласының қапысын тауып, сәт сайын соққыларын дарытумен болды. Төрешілер шешімі бойынша Қамшыбек 3-2 есебімен жеңіске жетті.

24.kz

0 пікір