Ең алғашқы қазақ заңы
Ең алғашқы қазақ заңы
31.08.2017 13:01
671
0

Қасым хан өзі билік жүргізген 1511 – 1523 жылдары қазақ қоғамындағы құқықтық нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды.
Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне («ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы – жарғыны жаңадан көтергенін ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.
Өкінішке қарай, «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жайында тек ауыз әдебиеттерінде ғана айтылады. Сондықтан олар туралы қазақтың кейінгі Ата заңдары негізінде жормал ғана жасай аламыз.
Ғалымдар мен зерттеушілер ең алғашқы бұл қазақ заңын бес бөлімге бөліп қарастырады:
 1. Мүлік заңы (мал-мүлік, жер-су, қоныс дауларын шешу ережелері);
 2. Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылатын жазалар);
 3. Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.);
 4. Елшілік жоралары (шешендік, әдептілік, халықаралық қатынастардағы сыпайлық, сөйлеу мәнері);
 5. Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.).
Сөйтіп, Қасым хан ел басқару ісін бір жүйеге келтірген алғашқы заң жинағын дүниеге әкелді.

0 пікір