Жәнібектің Абылай ханның оң тізесінен орын алуы
Жәнібектің Абылай ханның оң тізесінен орын алуы
24.08.2017 11:33
574
0

Бір жорықта тұтқиылдан қалмақтардың қалың қолына жолыққан қазақ жасағы қатты сасып, шеті сөгіліп қаша бастайды. Мұны көрген Абылай бастаған қазақ батырлары тұс-тұстан қолдың алдына шығып тоқтатуға тырысады. Алайда, астарындағы болдырған аттар қашқан қолға жете алмайды. Артынан жау басып келе жатады. Сондай қысылтаяң кезде, аты болдырып келе жатқан Абылайды Жәнібек көріп қалады да, астындағы атын ханға көлденең тартады. Жігіттің дөненіне мінуге Абылай арланып:
– Батырым, мынау кісі сыйласатын кез емес, сені жауға тастап, атыңды міне қашқаным жөн болмас, одан да тезірек барып қолдың алдын тоқтат! – деген екен. Сонда Жәнібек:
– Тақсыр, мен қолдың алдына барғаныммен, маған ешкім тоқтамас, ал Сіз барсаңыз, жігіттер намысы оянып, қайта қайратына мінер. Қазақта батыр көп, хан Абылай біреу-ақ. Оның үстіне арттан жау қаптап келе жатқанда, Сізді тірідей жауға тастап кете алмаймын. Егер мына атқа мініп, қашып құтылмайтын болсаңыз, ханның басын қалмаққа қалдырып, қорлатқанша өзім алып кетемін! – деп қылышын суырған екен. Сонда Абылай хан Жәнібектің көк дөненіне қарғып мініп, қашқан қолдың алдын қуып жетіп, тоқтатып, өкшелеп келе жатқан жауға қарсы шайқасқа қайта кірген екен. Қалмақты жеңіп, естерін жинап, олжаны бөлісіп болған кезде, Абылайдың есіне бағанағы көк дөненін мінгізген жігіт түседі:
– Мана, жан алып, жан берген сәтте маған бір жас жігіт осы дөненді мінгізіп еді, иесін тауып келіңдер, – дейді.
Шабармандар көк дөненді жетектеп, Жәнібекті іздеп жүрсе, бір қостың іргесінен біреудің күректей табаны шығып жатқан көрінеді. Көк дөнен әлгі табанды иіскеп, оқыранып тұра қалыпты. Жәнібек сол екен.
– Абылай хан сені шақыртып жатыр, – депті шабармандар.
– Мені қайтпек, көк дөненді ханға бір мінгізгем. Енді ханның тақымынан қайтып алмаймын, – деп жата беріпті.
Шабармандар қайтып келіп:
– Жәнібекті таптық, бірақ “ханға берген атымды қайтып алмаймын” деп келмей қойды, – десіпті.
Хан қайта жұмсап:
– Ханның бұйрығын орындасын, алып келіңдер! – депті.
Шабармандар Жәнібекке ханның әмірін жеткізіпті. Сонда Жәнібек:
– Абылай оң тізесінен орын берсе ғана барамын! – депті.
Хан батырдың тілегін қабылдап, оң тізесінен орын беріпті дейді.

0 пікір