Астана қаласында қонақүйдің кәріз жүйесінен шала туған нәрестенің мәйіті табылуына байланысты 29 жастағы әйел ұсталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Алдын ала мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға қонақүй маңындағы тұрғын үй кешенінің тұрғындарының күдігінен кейін белгілі болған. Куәгерлер жертөледен жағымсыз иіс шыққанын айтып, тексеру барысында кәріз құбырының ішінен шала туған нәрестенің денесі табылған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, қажетті тергеу шараларын жүргізді.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ретінде 29 жастағы әйел ұсталған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып, барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, құқық бұзушылықтарға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою мақсатында қонақүй иесіне арнайы ұсыныс енгізген.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері аталған қонақүйге қатысты полицияға 19 шағым түскен. Соның нәтижесінде тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қоғамдық тәртіпті бұзған тағы үш азаматқа қатысты заң талаптарына сәйкес шара қолданылған.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru