Мемлекет басшысы МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдады
Мемлекет басшысы МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдады
26.05.2026 17:59
19
0

Кездесуде Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ықпалдастық перспективасы, сондай-ақ ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласы бойынша жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды.

 Президент Қазақстан МАГАТЭ-мен ұзақ жылдар бойғы серіктестікті жоғары бағалайтынын, сондай-ақ Рафаэль Гроссидің жетекшілігімен Ұйым ядролық қауіпсіздікті нығайтуға және атом қуатын бейбіт мақсатта қолдануға үлес қосқанын атап өтті.

 – Сіздің 2023 жылы сәуір айында Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз өзара байланыстарды дамытуға тың серпін берді. Ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне қатысты ұстанымымыз ұқсас деп ойлаймын. Дегенмен әлемде аса күрделі ахуал қалыптасып отыр. Бұл жаһандық проблеманы шешу жолдарын іздеуде күш біріктіруді талап етеді, – деді Мемлекет басшысы. 

 Қасым-Жомарт Тоқаев МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тереңдету туралы 2036 жылға дейінгі жол картасына және ядролық медицина мен ғылымды дамыту саласы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылғанын құптады.

0 пікір