Сауда министрлігі Электрондық сауда алаңдарында сатуға тыйым салынған және шектелген тауарлардың тізбесін жасады
Сауда министрлігі Электрондық сауда алаңдарында сатуға тыйым салынған және шектелген тауарлардың тізбесін жасады
09.07.2026 16:20
14
0

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Электрондық сауда алаңдарында орналастыруға және сатуға тыйым салынған және шектелген тауарлардың тізбесін жасақтады.
Тізбе «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, мүдделі мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде ұсынған ақпараты негізінде әзірленді. Тізбе Қазақстан Республикасының заңнамасымен Қазақстан Республикасының аумағында айналымына тыйым салу немесе шектеу белгіленген, соның ішінде электрондық сауда арқылы сатылатын тауарлар туралы мәліметтерді біріктіреді. Тізбені орналастыру электрондық сауданың ашықтығын арттыруға бағытталған. Тізбе электрондық сауда алаңдарының иелеріне, интернет-дүкендерге, сатушыларға және электрондық сауданың басқа да қатысушыларына қолданыстағы шектеулер туралы өзекті ақпаратты жедел алуға және тауарларды орналастыру мен сату кезінде заңнама талаптарын ескеруге мүмкіндік береді.
Осылайша, бұл тізбенің болуы электрондық сауда алаңдарына тауар карточкаларын модерациялау кезінде бірыңғай тәсілдерді қолдануға, ал сатушыларға өз өнімдерін өткізу мүмкіндігін алдын ала бағалауға жағдай жасайды.
Айта кету керек, тізбе ақпараттық-анықтамалық сипатта болады және Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданыстағы талаптарын жүйелеп, олардың қолжетімділігі мен қолдануға ыңғайлылығын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі электрондық сауда саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган. Ал құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік жауаптылыққа тарту Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес құзыретіне жатқызылған мемлекеттік орган арқылы жүзеге асырылады.

0 пікір