Әйтеке бидің Әжібай мен Аралға берген батасы
Әйтеке бидің Әжібай мен Аралға берген батасы
08.12.2021 14:30
323
0

Біреу күн сәулесіне малынса, біреу ай сәулесіне зәру шақта бір шаңырақтан екеуің бірдей атқа мініпсіңдер. Атқа мінгенің — азапқа да мінгенің. Азапсыз ердің аты шықпас. Азап дегеніміз тынымсыз еңбек. Өйткені сен жетем, сен алам деген нәрсенің бәрі алыста. Таңсықтың бәрі тасада тұрады әрдайым.

Ең дәмді деп татқаның — өз еңбегіңмен тапқаның. Сонда ғана еңбегің — дәулетің, беделің — сәулетің бола алады. Сонда ғана шыраққа айнала аласың. Жанған шырақ жарық берер, жарық берген шырағын халық көрер. Тек лап етіп жанып, жалп етіп сөнуден сақтасын өздеріңді. Еңбексіз өткен өмір де бір, ерте келген өлім де бір. Еңбегің жанса қуанарсың. Бірақ, қуаныш келсе таспа, қасірет келсе саспа. Жетпей жатып болдым деме, толмай жатып толдым деме. Жетпей жатып болдым деген, толмай жатып толдым деген төменде күйбеңдейді. Ал төменде күйбеңдеген төбенің басын көрмейді.

Қолдан келген — биікке ұшар. Асқақ ұшсаң абайлап қон. Өйткені төбеге шықсаң күндейтін, төменде қалсаң тілдейтін жамағайын сымақтар толып жатыр бұл өмірде. Сондықтан төбең көкке жетсе де, табаның жерде тұрғанын ұмытпа. Жоғарыға ұшқан — даңққа бөленер. Бірақ, ауру батпандап кіріп, мысқалдап шықса, даңқ мысқалдап кіріп, батпандап шығатынын ұмытпа. Даңқ жүрген жерде әзәзіл боп нәпсі жүреді. Даңқ өзі келмесе, артына шырақ алып түспе. Шырақ алып іздегенің — нәпсіге бой алдырғаның.

Шикі теріні илесең, ұлтан болады, нәпсісін тежей білген, сұлтан болады. Нәпсі тойымсыз. Аспандағы құсты да жердегі жем ұятқа қалдырады, тойымсыз нәпсі де ер азаматты ұятқа қалдырады. Даңққа тұлпар дүлдүлдігімен жетеді, ер азамат білгірлігімен жетеді. Кейде сен жетпеген биікке өзге бұрын жетеді. Ондай жағдайда өзіңнен биіктегіні күндей көрме, өзіңнен төмендегіні жүндей көрме.

Жарлылық пен байлықтың қандайы да, жазылмаған ешкімнің мәңгілік маңдайына. Сұрғылт тұман торламаған аспан жоқ, сор мен шер шырмамаған данаң жоқ. Даңқтың жолы даңғыл емес, абыройдың жолы арналы емес. Дана мен кемеңгерді күндеуші көп. Өйткені құнарсыз жеміске құрт та жуымайды.

Үнемі жақсыларды жанай жүргейсіздер. Өзен теңізге қарай ағады, жақсы — жұрт мақтаған, ел жақтағанға қарай барады. Жақсының нәрін ал, тәлімін ал, сосын бақиға кеткенше сыйлап өт. Нәрін ішкен бұлаққа тас лақтырма, құм атпа. Ұлының жеткен биігіне жетем деп ұмтыл. Бірақ, әлмисақтан келе жатқан «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» дегенді зерделе. Өрең жетпегенге ентелеме, жетпегеніңе өкпелеме. Әйтпесе, қаз болып алшаңдағысы келген қарға аяғын сындырады дегеннің кебін құшасың. Досқа күлкі, дұшпанға таба болу деген сондайдан шыққан.

Жібек тозса есекке жабуға да жарамайды деген, балаларым. Уақытымның озған, сөзімнің тозған кезіне тап келдіңдер, көне сөзден әрі озбады деп, лапылдап, лаулап жанбады деп сөге кетпегейсіңдер, тастүлектерім! Кәрі де бол, жас та бол, сыйлас бол көппен тіріде, қалады бір күн алтын бас қазылған көрдің түбінде. Жүрген жерлеріңнің бәрі жазық болсын, ар мен абырой өмірлеріңе азық болсын. Бірің ту ұстаған қолбасшы, бірің сөз ұстаған би басы болыңдар, қанаттарым, бердім батамды, Аллаһу әкбар!

 

Дереккөз: ummet.kz 

0 пікір