Астанада энергетика саласы мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайтуға арналған Media Energy Talks ұлттық медиафорумы ұйымдастырылды. «Ашық диалог. Нақты іс. Ортақ игілік» тақырыбымен өткен жиынға Magynaly Business PR-агенттігі бастамашы болып, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі қолдау көрсетті. Форумға мемлекеттік мекемелердің, мұнай-газ компанияларының, медиа саласының және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты — энергетика саласындағы ақпарат алмасу мәдениетін жетілдіру, мұнай-газ тақырыбын кәсіби әрі жан-жақты жариялау және қоғамның салаға деген сенімін арттыру. Қатысушылар мемлекет, бизнес және журналистер арасындағы ашық байланыстың маңызын талқылады.
Форумның пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов сөз сөйлеп, мұнай-газ саласы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылына тоқталды. «Мұнай-газ саласы мен БАҚ арасындағы диалог — қоғам сенімін қалыптастырудың негізі» тақырыбындағы сессияда ақпараттың ашықтығы мен кәсіби коммуникацияның қоғамдық пікірге ықпалы қарастырылды.
Вице-министр энергетиканы салалық журналистиканы дамытуға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Бұл саланы сапалы жариялау үшін журналистер экономикалық өзгерістерді, күрделі технологиялық үдерістерді, геологиялық ерекшеліктерді және ұзақ мерзімді инвестициялық жобалардың мәнін терең түсінуі қажет. Сондықтан энергетика тақырыбында маманданған журналистерді даярлау мен олардың кәсіби біліктілігін арттыру өзекті мәселелердің қатарында тұр.
Жиында жасанды интеллект пен әлеуметтік желілер кең таралған кезеңде журналистиканың кәсіби стандарттарын сақтау, ақпараттың сапасын арттыру және мұнай-газ саласындағы мәселелерді дәл әрі объективті жеткізу жайы да сөз болды. Қазақстанның жетекші БАҚ өкілдері мен сарапшылар салалық журналистиканың қазіргі міндеттері мен даму мүмкіндіктерін ортаға салды.
Форум бағдарламасы аясында «Қазақстан мұнайының шежіресі: бастауынан болашаққа дейін» атты фотокөрме көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар мұнайсервис саласы, жергілікті қамту, отын нарығы және энергетика тақырыптарын жариялауға арналған шеберлік сабақтары өткізілді. Қонақ дәрісінде Қазақстандағы мұнай-газ химиясының бүгінгі жағдайы мен болашақ даму бағыттары қарастырылды.
Іс-шара барысында мұнай-газ саласы туралы ақпарат таратуға және оның мәселелерін кәсіби тұрғыда жариялауға үлес қосқан журналистерге, сарапшылар мен серіктестерге марапаттар табысталды.
Media Energy Talks форумы энергетика саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға, журналистердің кәсіби әлеуетін дамытуға және мемлекеттік органдар, бизнес пен медиа арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды. Мұндай кездесулер салалық ақпараттың сапасын жақсартып, қоғам мен мұнай-газ секторы арасындағы өзара түсіністікті арттыруға ықпал етеді.

+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru