Республикалық, ақпараттық, қоғамдық, ұлттық портал
Қызылордада халықаралық волонтерлер апталығы қорытындыланды
Қызылордада халықаралық волонтерлер апталығы қорытындыланды
24.10.2026 16:58
23
0

Қызылорда облысында қоршаған ортаны қорғауға және еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығының жабылу салтанаты өтті.

Аталған шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды. Апталықтың басты мақсаты — жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру, азаматтық жауапкершілігін нығайту және еріктілік қызметтің маңызын кеңінен насихаттау.

Халықаралық жиынға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген 100 волонтер қатысты. Қатысушылар Арал өңірінің табиғатын сақтау, экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаға төнетін қауіптерді азайту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар өңірдің экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды.

Апталық аясында жастардың өзара тәжірибе алмасуына, ынтымақтастығын арттыруға және табиғатты қорғау ісіне белсенді араласуына мүмкіндік беретін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Бағдарлама қатысушыларды экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға және қоршаған орта алдындағы жауапкершілікті сезінуге шақырды.

«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығы жастардың экологиялық бастамаларын қолдауға, елдер арасындағы волонтерлік байланысты нығайтуға және Арал өңірін қорғау ісіне қоғам назарын аударуға бағытталған маңызды шара болды.

0 пікір