Оралда елдің үздік дзюдошылары бас қосады
Оралда елдің үздік дзюдошылары бас қосады
27.08.2026 12:35
25
0

Орал қаласы бірнеше күн бойы қазақстандық дзюдоның басты додаларының біріне айналады. Мұнда ересектер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар өзара мықтыны анықтайды. Ел біріншілігіне 17 өңірден 600-ге жуық дзюдошы қатысады. Татамиге Қазақстан ұлттық құрамасының сапындағы тәжірибелі спортшылармен қатар, ел чемпионатында алғаш рет жоғары нәтиже көрсетуге талпынған балуандар да шығады. Жарысқа Мағжан Шамшадин, Бауыржан Нарбаев, Данияр Шамшаев, Ғалия Тынбаева, Мәди Амангелді, Дидар Хамза, Аружан Ережепова, Камила Берликәш және Акерке Рамазанова секілді ұлттық құрама мүшелері қатысады.

Бұл бәсекенің спортшылар үшін маңызы ерекше. Себебі чемпионат қорытындысы ұлттық құраманың алдағы маусымдағы құрамын жасақтау кезінде ескеріледі. Яғни Оралдағы белдесулер спортшылардың халықаралық жарыстарға жолдама алу мүмкіндігіне де әсер етеді. Әсіресе 2027 жылы Қазақстанда өтетін дзюдодан әлем чемпионатына дайындық тұрғысынан ел біріншілігінің орны бөлек. Үздік нәтиже көрсеткен балуандар ұлттық құрамадағы бәсекеде өз мүмкіндігін арттырып, халықаралық аренаға шығуға бір қадам жақындайды. Төрт күнге жоспарланған жарыс 29 тамызда басталып, 1 қыркүйекте аяқталады. Байрақты бәсекелер Орал қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде ұйымдастырылады. Ел чемпионаты барысында әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, Қазақстан дзюдосының жаңа чемпиондары белгілі болады.

0 пікір