Мақтаарал командасы Түркістан облысының әуесқой футбол чемпионы атанды
Мақтаарал командасы Түркістан облысының әуесқой футбол чемпионы атанды
27.08.2026 12:10
20
0

Түркістан облысында әуесқой футбол командалары арасында өткен облыстық чемпионат мәресіне жетті. Биыл екінші рет ұйымдастырылған турнир өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға және әуесқой футболшылардың шеберлігін шыңдауға бағытталды. Бәсекенің алғашқы кезеңі ауылдық округтер арасында өтіп, оған облыстың 170 командасы қатысты. Турнирге жалпы саны 3 200-ге жуық футболшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Чемпионаттың облыстық кезеңінде Түркістан облысындағы үш қала мен 14 ауданның құрама командалары төрт топқа бөлініп, жүлдеге таласты. Топтық ойындар нәтижесінде Мақтаарал, Шардара, Арыс, Қазығұрт, Ордабасы, Түлкібас, Түркістан және Сауран құрамалары келесі кезеңге өтті. Жүлделі орындар үшін болған кездесулердің бірінде Түлкібас командасы Ордабасы құрамасынан 2:0 есебімен басым түсіп, үшінші орынға ие болды.

Чемпионаттың басты жүлдесі үшін Мақтаарал мен Түркістан командалары алаңға шықты. Финалдық ойын облыс орталығындағы «Түркістан Арена» стадионында өтіп, көрермендерге тартысты кездесу ұсынды. Шешуші матчта Мақтаарал құрамасы Түркістан қаласының командасын 3:1 есебімен жеңіп, облыс чемпионы атанды. Осы нәтижемен Мақтаарал командасы алтын жүлдені иеленіп қана қоймай, Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Финалдық кездесуді Түркістан облысының футбол федерациясының президенті Нұралы Әбішов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров және спорт саласының өкілдері тамашалады. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер ауыспалы кубок, медальдар және арнайы марапаттармен наградталды.

Облыстық чемпионаттың өтуі өңірдегі футболға қызығушылықты арттырып, ауылдық округтерден бастап аудандық және қалалық командаларға дейінгі спортшылардың өзара тәжірибе жинақтап, шеберлігін жетілдіруіне мүмкіндік берді. Ал Мақтаарал құрамасының республикалық додаға жолдама алуы команда үшін жаңа спорттық сынақтың басталғанын көрсетеді.

0 пікір