Төрехан Сабырхан Азия ойындарына қатыспауы мүмкін
Төрехан Сабырхан Азия ойындарына қатыспауы мүмкін
21.08.2026 14:09
69
0

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырханның Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия ойындарына қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз. Бұл мәселе 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын кім қорғайтынына қатысты пікірталасты күшейтіп отыр.  Азия ойындары 19 қыркүйекте басталады. Алайда Қазақстан бокс федерациясы ерлер құрамының соңғы тізімін әзірге ресми түрде жариялаған жоқ. Әйелдер құрамындағы спортшылардың есімдері бұған дейін белгілі болған.

70 келіге дейінгі салмақта Қазақстанның атынан әлем чемпиондары Төрехан Сабырхан мен Абылайхан Жүсіповтің бірін таңдау мәселесі талқылануда. Екі боксшы да өткен маусымда жоғары нәтиже көрсетті. Шымкенттік Төрехан Сабырхан Ливерпульде World Boxing ұйымының нұсқасы бойынша өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Ал Қарағанды облысының өкілі, 29 жастағы Абылайхан Жүсіпов желтоқсан айында Дубайда IBA ұйымы өткізген әлем чемпионатында топ жарды.

Алайда 2026 жылғы Азия чемпионатында Сабырхан күтпеген жеңіліске ұшырады. Ұлан-Батырда өткен жарыстың финалында қазақстандық боксшы Иордания өкілі Зияд Ешаашқа есе жіберді. Ал Жүсіпов Қытайда өткен әлем кубогының екінші кезеңінде жеңімпаз атанды. Осы жағдайдан кейін Сабырханның Азия ойындарына қатысу мүмкіндігіне қатысты сұрақтар туындады. Оның бапкері Ильяс Оралбеков әлеуметтік желіде боксшының мансабындағы жалғыз жеңілісіне байланысты Азия ойындарына қатыстырылмауы мүмкін екеніне қатысты пікір білдірген.

Алайда бұл жазба Оралбековтің Instagram парақшасында қазір жоқ. Ақпарат бойынша, аталған жазба бастапқыда жарияланып, кейін өшірілген. Қазіргі таңда Төрехан Сабырхан мен Абылайхан Жүсіповтің қайсысы Нагоядағы Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғайтыны жөнінде ресми шешім жарияланған жоқ. Соңғы құрамды Қазақстан бокс федерациясы бекітеді.

 

Дереккөз:Sportarena.kz

0 пікір