Көкшетау қаласында жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дәстүрлі додаға еліміздің барлық өңірінен келген мыңнан астам мемлекеттік қызметші қатысып жатыр. Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қатысты. Республикалық спартакиада 2022 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Мақсат – бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын дәріптеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер арасында командалық рух пен корпоративтік мәдениетті нығайту. Биыл Ақмола облысы алғаш рет мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиаданы қабылдап отыр. Жарыстар өңірдің заманауи спорт инфрақұрылымы нысандарында ұйымдастырылуда. Негізгі бәсекелер олимпиадалық спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындарын, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге лайықталған көпфункционалды Kokshe Arena спорт кешенінде өтуде. 10-17 шілде аралығында қатысушылар спорттың 10 түрінен үздіктерді анықтайды. Атап айтқанда, футзал, волейбол, 3×3 баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, қазақ күресі, үстел теннисі, жүзу, теннис және киберспорт бойынша жарыстар өтеді. Биыл теннис пен киберспорт республикалық спартакиада бағдарламасына алғаш рет енгізілді. Осындай ауқымды спорттық іс-шаралар дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға, өңірлер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға және мемлекеттік қызметшілер арасында спорт мәдениетін кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru