Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
«Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындары тарапынан “Алматы – Қаскелең” жолындағы көлік қозғалысының жоғары жүктемесіне қатысты айтылып жүрген шағымдарға назар аударды.
Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

«Жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алынатын жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін олардың құнын кешегі, 14 шілдедегі жағдай бойынша белгілеу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматыдан Қаскелең қаласына дейінгі автожол учаскесінің 8 шақырымдық бөлігін 8 жолаққа дейін кеңейту жобасын ұсынды. Жобаны қаржыландыру Қазақстанның Даму банкі арқылы жүзеге асырылады. Екі жолайрық пен 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде аталған учаскенің өткізу қабілеті 2 есе артады. Құрылыс жұмыстарын аяқтау және пайдалануға беру 2027 жылғы желтоқсан айына жоспарланған.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, мегаполиске күн сайын 300 мың автокөлік кіреді. Қала ішіндегі автокөліктерді қоса есептегенде, жол қозғалысының жалпы көлемі 1 миллионнан астам көлік құралын құрайды. Алматы – Қаскелең автомобиль жолы Алматы агломерациясындағы ең қарқынды қозғалыс жүретін жол учаскелерінің бірі. Бұл жолдағы қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 60 мың автокөлікке жетеді. Сондай-ақ Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы туралы баяндалды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан ұзындығы 32 шақырым болатын балама жол салу жұмыстарының басталғаны туралы баяндады. Бұл жоба Алматы – Қаскелең тас жолына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Аталған жобалар бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысында жер мәселелерін шешу жұмыстары соңғы сатыда тұр.
Сонымен қатар Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды. Алматы – Есік және Алматы – Талғар бағыттарындағы автожол жобалары қаралды. Сондай-ақ рельсті көлікті және Алматы метрополитенін дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Олжас Бектенов Алматы агломерациясының көлік байланысы мәселелерін кешенді шешу бойынша бірқатар тапсырма берді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru