Павлодар облысындағы Қарасор станциясының теміржол вокзалын қайта жаңарту жұмыстары толық аяқталды. Жаңғыртылған нысан қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік талаптарына сай жабдықталып, заманауи стандарттарға сәйкес келеді.
Жаңа өзгерістер жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға және вокзалдағы қолайлы жағдайды арттыруға мүмкіндік береді.
1988 жылы пайдалануға берілген теміржол вокзалы бүгінде толық жаңартылып, заманауи нысанға айналды. Реконструкция жұмыстары барысында ғимараттың шатыры жөнделіп, сыртқы қасбеті мен ішкі бөліктері жаңғыртылды. Сондай-ақ сумен жабдықтау, кәріз, жылу және электрмен қамту жүйелері толық қайта жаңартылды. Бұдан бөлек вокзал маңындағы аумақ абаттандырылып, жолаушылар платформасы жаңарды.
Жөндеу жұмыстары кезінде жолаушылардың барлық санатына қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға басымдық берілді. Нысанда заманауи желдету және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында пандустар, тактильді жолақтар және арнайы күту бөлмесі қарастырылды. Сонымен қатар жолаушыларға арналған жайлы әрі заманауи күту аймақтары жасалды.
Қарасор теміржол станциясының вокзалы 3-санаттағы нысан болып саналады. Станция арқылы Астана, Павлодар, Көкшетау, Шымкент және Түркістан бағыттары бойынша қатынайтын төрт жолаушылар пойызы жүреді.
Вокзалды жаңғырту жұмыстары Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын дамыту және жаңарту бағдарламасы аясында жүргізілді. Жаңарған нысан өңір тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасап, заманауи талаптарға толық жауап береді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru