25 шілдеден бастап тамыз айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысуға өтініштер қабылданады. Тіркеу 5 тамызға дейін жалғасады.
Үміткерлер өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz мобильді қосымшасы арқылы жолдай алады.
Тамыздағы ҰБТ 10–15 тамыз аралығында өткізіледі.
Тамыз айындағы ҰБТ жоғары оқу орындарына ақылы бөлімге түсуге ниетті талапкерлер үшін қайта тестілеуден өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұған дейінгі ҰБТ-да шекті балл жинай алмаған талапкерлер де тестілеуді қайта тапсыра алады. Бұдан бөлек, алдыңғы тестілеуге қатысқан үміткерлер тамыздағы ҰБТ-ға тіркелу кезінде бейіндік пәндер комбинациясын өзгерту мүмкіндігіне ие.
Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеу өтетін пунктті, күнді және уақытты өз қалауы бойынша таңдай алады.
Тамыз ҰБТ-сына биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері, қандастар (Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері), шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан өзге бағыттарға ауысқысы келетін студенттер, басқа білім беру бағдарламаларынан педагогикалық мамандықтарға ауысуды жоспарлаған студенттер, сондай-ақ өткен оқу жылында шекті балл жинай алмай, жоғары оқу орындарына ақылы негізде қабылданған талапкерлер қатыса алады.
Сонымен қатар колледж түлектері өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастыру үшін әңгімелесу нәтижесі арқылы оқуға түсе алады. Мұндай жағдайда қабылдау жұмыстарын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru