Түркістанда Қазақ-Корей бірлескен университетінің ғимаратының құрылысы жалғасуда. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі білім сапасын арттыру үшін әлемдік деңгейдегі жетекші университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылуда.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңында болып, нысанның қазіргі жай-күйімен танысты. Құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, мердігер компания өкілдерімен және жауапты басшылармен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде есептер тыңдады.
– Ғимарат биыл аяқталып, жаңа оқу жылына толық дайын болуы тиіс. Сондықтан құрылыс жұмыстарын сапалы әрі жүйелі жүргізіп, қарқынын төмендетпей жалғастырыңыздар, – деп тапсырма берді Нұралхан Көшеров, ғимараттың ішін аралап жүріп. Ол құрылыс материалдарының сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
Қазір ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сыртқы қаптау және терезелерді орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысан тамыз айында тапсырылуы жоспарланған, алайда құрылыс мамыр айында аяқталып, ғимараттың дайын болуына көңіл бөлінуде. Құрылыс алаңында жұмысшылар жеткілікті, жұмыс қарқынды.
Еске сала кетейік, өткен жылы Түркістан облысы әкімдігі мен жауапты министрлік Кореяның 70 жылдық тарихы бар Woosong университеті басшылығымен келіссөздер жүргізіп, Түркістанда аталмыш университеттің филиалын ашу туралы келісімге келген болатын. Университет ІТ және техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша білім беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын жаңа тәсілдермен дамытуға қажетті мамандарды даярлау да көзделуде.