Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жалғасуда. Соған сәйкес жалпы орта білім беру бағдарламалары қайта қаралып, бірқатар пәндердің атауы мен мазмұны жаңартылмақ. Бұл өзгерістердің негізі ретінде 2025 жылдың қарашасында қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң мен 2026 жылғы мамырда шыққан Президенттің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлығы алынды. Осы құжаттарға сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламалары жаңартылған.
Жаңа өзгерістер бойынша бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деген атауға ие болады. Пәндердің тек атауы ғана емес, мазмұны да толықтырылды. Оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке қатысты жаңа бөлімдер енгізіліп, жалпы саны 43 оқу мақсаты айқындалған.
1–4-сынып оқушылары үшін «Медиасауаттылық және жасанды интеллект» бағыты бойынша 17 оқу мақсаты қарастырылған. Бұл кезеңде балалар жасанды интеллектінің күнделікті өмірдегі қолданылуымен танысып, жеке деректерді қорғау, цифрлық қауіпсіздік және интернет кеңістігіндегі жауапты мінез-құлық қағидаларын меңгереді. Сонымен қатар «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және жасанды интеллект» бөлімдері аясында тағы 14 оқу мақсаты енгізілген. Жоғары сыныптарда оқушылар жасанды интеллект құралдарын оқу барысында тиімді пайдалану, дұрыс сұраныс құру, алынған ақпаратты сараптау дағдыларын қалыптастырады. Сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық талаптарына ерекше назар аударылады.
10–11-сыныптарға арналған бағдарламаға «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі енгізіліп, 12 оқу мақсаты белгіленген. Бұл деңгейде оқушылар машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді өңдеу және қолданбалы криптографияның негізгі қағидаларымен танысып, оларды тәжірибеде қолдануды үйренеді. Жаңартылған бағдарламалар өткен оқу жылында сынақтан өткізіліп, сарапшылардың оң бағасын алған. Қазіргі уақытта құжаттарды ресми бекіту рәсімі жалғасып жатыр. Сонымен қатар мұғалімдерге арналған жасанды интеллектіні білім беру процесінде қауіпсіз әрі нәтижелі пайдалануға бағытталған әдістемелік ұсынымдар әзірленуде.
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru