8,5 млн электрондық анықтама: цифрландыру медициналық қызмет алуды жеңілдетіп отыр
8,5 млн электрондық анықтама: цифрландыру медициналық қызмет алуды жеңілдетіп отыр
10.08.2026 10:25
11
0

  Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру қарқынды жалғасуда. Электрондық медициналық анықтамалар, дәрігер қабылдауына онлайн жазылу және басқа да цифрлық сервистер азаматтардың медициналық қызметтерді жылдам әрі ыңғайлы алуына мүмкіндік беріп отыр.

2025 жылы еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 215 млн-нан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның 190,8 миллионы немесе 88,6%-ы электрондық форматта ұсынылған.

Медициналық құжаттарды цифрландыру да айтарлықтай нәтижесін беріп отыр. Қазіргі уақытта медициналық анықтамалардың 12 түрі электрондық форматқа көшірілген, оның бесеуін азаматтар тек онлайн түрде рәсімдей алады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтарға 8,5 млн-нан астам электрондық медициналық анықтама берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2 есе жоғары көрсеткіш.

Дәрігер қабылдауына онлайн жазылу сервисіне де сұраныс артып келеді. Былтыр 5,6 млн азамат медициналық ұйымдарға цифрлық сервистер арқылы алдын ала жазылған. Бұл тұрғындарға қабылдау уақытын медициналық мекемеге бармай-ақ жоспарлауға мүмкіндік береді.

Цифрлық технологиялар диагностикалық зерттеулерді күту мерзімін қысқартуға да ықпал етуде. Мәселен, ПЭТ/КТ зерттеуіне кезек күту уақыты үш айдан екі аптаға дейін азайтылды.

Цифрлық денсаулық сақтауды дамытудың келесі кезеңі аурулардың алдын алу және денсаулыққа төнетін қауіптерді ерте анықтау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады. 2026 жылдан бастап халықтың негізгі санаттарын цифрлық сүйемелдеу жоспарланып отыр. Олардың қатарында 18 жасқа дейінгі 7 млн-нан астам бала, репродуктивтік жастағы шамамен 5 млн әйел және 400 мың жүкті әйел бар.

Бұл тәсіл денсаулыққа қатысты ықтимал қауіптерді ерте кезеңде анықтап, профилактикалық шараларды күшейтуге және медициналық бақылаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта дәрігерлердің бірыңғай қабылдау кестесін онлайн брондау жүйесі арқылы жүргізу, e-Health порталын іске қосу және азаматтарға, медицина қызметкерлері мен медициналық ұйымдарға арналған мобильді қосымшаны енгізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар медициналық қызмет сапасын бағалауға мүмкіндік беретін кері байланыс тетіктері мен көрсетілген медициналық көмекті растау құралдары жетілдіріледі. Медициналық анықтамаларды толықтай цифрлық форматқа көшіру жұмыстары да жалғасын табады.

Жалпы, денсаулық сақтау саласын цифрландырудың негізгі мақсаты – медициналық көмекті азаматтар үшін барынша қолжетімді, жылдам және ыңғайлы ету, сондай-ақ қызмет көрсету сапасын арттыру.

0 пікір