ДИМАШТЫҢ АЛТАЙДАҒЫ КОНЦЕРТІНЕ 50 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨРЕРМЕН ЖИНАЛДЫ
ДИМАШТЫҢ АЛТАЙДАҒЫ КОНЦЕРТІНЕ 50 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨРЕРМЕН ЖИНАЛДЫ
12.07.2026 16:07
12
0

      Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясындағы гала-концертке 50 мыңға жуық көрермен қатысты. Екі күнге созылған ауқымды мәдени шара түркі халықтарының өкілдерін, өнер майталмандарын және шетелдік қонақтарды бір алаңға тоғыстырды. Гала-концертте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, Ұлы Алтайдың түркі дүниесінің рухани бастауы ретіндегі тарихи маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай халықаралық фестивальдер түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтып, ортақ тарихи мұраны дәріптеуге жол ашады. Концерттің шымылдығын қазақстандық «Сармат» тобы ашты. Кейін сахнада Башқұртстан, Моңғолия, Тыва, Әзербайжан, Қарақалпақстан, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркиядан келген өнерпаздар өнер көрсетті.
      Кештің әсерлі сәттерінің бірі – «Алатау серілері» тобының орындауындағы «Түркілер ұраны» әні болды. Бұл шығарма бауырлас халықтардың бірлігін айшықтайтын ерекше туынды ретінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Фестивальдің ең басты оқиғасы – Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің сахнаға шығуы болды. Көрермен оны зор қошеметпен қарсы алып, әншімен бірге танымал әндерін шырқады. Димаштың өнер көрсетуі халықаралық фестивальдің шарықтау шегіне айналып, мерекелік бағдарламаны әсерлі нотамен қорытындылады.

0 пікір